Қоғам

Ақсақалымыз Атыраудан олжалы оралды

Ақсақалымыз Атыраудан олжалы оралды


Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Ақ бата» сайысында топ жарған Рашитбек Мұхамеджан ақсақал Атыраудан олжалы оралды. Республикалық батагөй ақсақалдардың сайысында Шығыстың намысын қорғап барған екінші орын иегерін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев бастаған азаматтар Өскемен әуежайынан күтіп алды.

Сөйтсек, бұл сайысқа Рашитбек ақсақалмен өткен жылғы облыстық «Ақ бата» байқауын ұйымдастырған, жоба авторы Сағынбек Ақанов ағамыз бірге барыпты. Ол кісі сайыскерге кеңесші ретінде жолсерік болыпты. Ел мерейін асырып келген екі ардагерден сайыстың мән-жайын білдік.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай дала фольклорын дамытқысы келген мұнайлы өлке әр облыстан аузы дуалы, батагөй қарттарға сауын айтыпты. Ұлттың ұлы қасиеттерін бойға жиған 17 ақсақалдың ішіндегі ең үлкені 81 жастағы алматылық ақсақал болған.

– Азаматым деп ардақтап, ақсақалым деп құрметтеген елге бас ием. Осы сапарымызға қолдау көрсеткен облыстық ардагерлер кеңесі мен Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағановқа мың алғыс. Қасыма Сағынбектей сенімді серік ертіп берді. Бас жүлдені Алматы обылысы, Кербұлақ ауылынан Жақыбек деген ақсақал алды. Ішіміздегі ең үлкен қатысушы да сол кісі болатын. Өз ауылында шаруашылығын шалқытып, мешіт салғызып отырған ақсақалдың өмірден жиған-түйгені де мол екен, – дейді Рашитбек ақсақал.

Сайыс үш кезеңмен өтіпті. Бірінші кезеңде сайыскерлер дуалы ауыз шешендер мен батырлардан қалған кез келген батаны жатқа айтса, екінші кезеңде қазақтың салт-дәстүрлеріне бата арналса, үшінші кезеңде жеребе арқылы келген тақырыпты түсіндіріп берген. Бірінші кезеңде алтайлық ақсақал биылғы жылдың жастарға арналғанын ескеріп Төле бидің жастарға арнаған батасын айтқан. Екінші кезеңде өзінің жас жұбайларға арналған батасын берсе, үшінші кезеңде қоржыннан «тоқымғар» деген жоралғы жолығыпты. Алысқа аттанып бара жатқан ақсақал артындағы елдің тоқым қағып жатқанын әрине, сезеді ғой, мүдірмей жауап беріпті.

– Рашитбек ақсақалдың бұл байқауға баруы тегін емес. Бұл кісінің шешендігі, ұлттық мәйегі өте керемет. Осы кісімен бірге республикалық байқауға бару маған да үлкен сенім жүктеді. 17 қатысушының ішіндегі оңтүстік өңірдің өкілдері он күн бұрын барып дайындалып жатыр екен. Солардың арасында біздің сайыскер өзінің сабырлылығымен, парасат-пайымымен өзгелерден биік көрініп тұрды, – дейді сол сайысты көзімен көрген Сағынбек Ақанов.
Бір қызығы, бірінші орынды Кереку өңірінен барған ақсақал алған. Қазақтың салт-дәстүріне берік өзге өңірлер «орыстанып» кеткен өңірлердің дуалы ауыз қарттарына шын риза болыпты.

Наурыз бата

Жаратқан ием жар болып,
Есен-сау Тәуелсіз еліміз бар болсын.
Жақсылық жолы кең болып,
Жамандық жолы тар болсын.
Жаңбыр жауып жазды күн,
Жерімізде қыста қар болсын.
Ұрпағымызда ар болсын!

Еліміз тыныш, халқымыз бір,
ағайын тату болып,
Алла тағала берекелі бақ берсін,
Мәртебелі тақ берсін.
Не берсе де құдайым,
Адалынан ақ берсін.
Жылымыз жемісті,
Өміріміз келісті,
Жайылымыз өрісті,
Мінгеніміз желісті болып,
Қамба дәнге,
Қора төлге, өріс малға толсын.
Кәсіпкерлеріміз табысты,
Сайгүліктеріміз шабысты,
Ұл-қыздарымыз намысты,
Еліміз тойлы, ұрпағымыз ойлы болсын!

Тәуелсіздік тұғыры берік болсын,
Ұрпағыңа еркіндік, ерік болсын.
Тасы өрге домалап еліміздің,
Қашандағы сәттілік серік болсын.
Алла жарылқап, аман сақтасын,
Жүрегімізге иман ұялатып, тура жолға бастасын!

Әумин!
Рашитбек Мұхамеджан

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button