Қоғам

Ақсақалы Әріптен дәріс алыпты

Ақсақалы Әріптен дәріс алыпты


Күлжәмила Мұхаметжанова Нарын ауылдық округінің орталығы Шыңғожа ауылында тұрады. Кейуана 1913 жылы туған. Жаңа жылда жасы 106-ға келетін қарт әженің көкірек көзі ояу, кеудесі алтын сандық десе де болады.

Басындағы аппақ шылауышын түзеп қойып, қарт әже өткен өмірден шым-шымдап сыр шертеді:

-Е-е-е, шырағым… Осы жылдар ішінде не көрмедік?! Ақсақалым Құлатай марқұм тірі болғанда, талай әңгіменің тиегі ағытылар еді, амал бар ма, – деп әжім торлаған дидарын терезеге бұрды. – Құлатай аталарың – әйгілі ақын Әріп Тәңірбергеновтің алдын көріп, сол кісіден орысша сауат ашқан адам. Ал ислам шариғатын хазіреттен оқып білді ғой. Құлатай ақсақал арғы бетте қалды. Өзіміз 1962 жылы бері қарай өткенбіз, қарағым. Әріп аталарың сол жылдарда шәкірт тәрбиелеп, жас балаларға дәріс оқыған адам болды. Әйтеуір, ақсақалым бала кезінде сол кісіден жаттап алған өлеңдерін айтып отырушы еді. Мына бір шумақтар есімде қалыпты. Керексінсең жазып ал, балам.
Қалдырды қай сарын қазынасын,
Жоғалтты сан тату базынасын.
Әркімнің күні толса ажал тұтпақ,
Демейді шеңгелінен жазыласың.
Бозбастық, бозбалалық – бәрі қалар,
Меһманы Уәжудің жаныңды алар.
Түсіріп жатқан мамық төсегіңнен,
Оң жаққа жалаңаштап жалғыз салар.
Бетіңе шым қоршайды сыртын перде,
Жатасың халің жоқ боп пәлен деуге.
Қабірін терең қаз деп кісі жұмсар,
Тағдырда топырағың ұшқан жерде.
Кейуана терең күрсініп, шаршағандай сыңай танытты.

-Жастар аман болсын, балам. Өзім мына Гауһар мен Қуаттың қолында тұрам. Келе жатқан Жаңа жылдарың құтты болсын, құлыным,-деп Күлжәмила әже батасын берді.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button