Қоғам

Ақсақалдарын тыңдаған ел адаспайды

Ақсақалдарын тыңдаған ел адаспайды

Шығыс өңірі тағы бір игі бастаманың ұйытқысы болды. «Зайырлы қоғамда ұлттық рухани құндылықтарды қалыптастыруда ақсақалдар институтының рөлі» тақырыбында Өскемен өңірі ақсақалдарының I форумы өтіп, оған облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхамеджанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі басшысының орынбасары Сансызбай Шоқанов, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Мағзұмов, дінтанушы Мұхан Исахан қатысты.

Облыстық дін істері басқармасы мен «Халифа Алтай» мешіті, дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет өткен алқалы жиынға Өскемен аймағына қарасты сегіз аудан мен Өскемен, Риддер қалаларынан 170-тен астам ел ағалары мен ақсақалдар шақырылды. Форумды ашқан өңіріміздегі дін істері басқармасының басшысы М.Мұхамеджанов айтқандай, тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде әлемнің алпауыт елдері санасатын жұртқа, бейбітшілік мекеніне айналған елімізде бүгінгі таңда 140 этнос пен 18 конфессия келісім мен достықта өмір сүріп келеді. Бейбітшілік пен тұрақтылық, экономикалық жетістіктердің барлығына ел бірлігінің, мемлекеттік, сондай-ақ, қоғамдық институттардың мызғымастығының арқасында қол жетіп отыр.

Дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік институттарының бірі – ақсақалдар институты екендігі даусыз. Ақсақалдар жас ұрпақ үшін рухани байланыстың, әдет-ғұрып пен салт-жоралардың дәнекері қызметін атқарады.

– Өкінішке қарай, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салты мен дәстүріне, дініне жүйелі сипаттағы шабуыл жүріп жатыр, – деді М.Мұхамеджанов. – Дін атын жамылған радикалды және теріс пиғылды ағымдардың белсенді әрекеті салдарынан рухани құндылықтарымыз тоқырауға ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Шамадан тыс арабтануға, әсіре еуропашылдыққа ден қойған жастар пайда болды. Ислам жайындағы үстірт түсініктерге, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, радикалды идеологияның жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірден-бір күш – біздің қазақы мұсылмандығымыз. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу арқылы радикалды идеологияға тосқауыл қоюға болады.

Алқалы жиында сөз алғандар қазіргі таңда елді елеңдетіп, қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардың тамырына балта шауып, жолын кесудің бірден-бір жолы салт-дәстүрімізді жаңғырту, әлеуметтің діни сауаттылығын арттыру, жамағатқа дұрыс діни түсінік беру екендігін баса айтты.

Сансызбай Шоқанов, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі басшысының орынбасары:

– Зайырлы қоғам деген – бүкіл дінге рұқсат берілген қоғам. Ақсақалдарды құрметтеу – пайғамбарымыздың бұйрығы, дінге негізделген тұжырым. Қандай қиын-қыстау кезеңде де кішілер үлкеннің алдын кесіп өтпей, сапарға шығарда ақсақалдан бата алған халқымыз қазақтығымызды жоғалтпадық. Бүгінде кей жастарымыздың үлкендерді тыңдамай басқа ағымға, Еуропаның ықпалына кетіп жатқаны қынжылтады. Ақсақалдарымыз бастарын сәждеге тигізіп, мешітте құлшылықта болса, жастар оларға қарап бой түзейді. Өкінішке қарай, пайғамбар жасындағы кей қариялардың жиналып карта ойнап, темекі шегіп, саясатты сынап отыруы жастардың санасына кері әсерін тигізіп отыр. Біз ұлттық әдет-ғұрыпты қолдайтын Әбу-Ханифа мазхабындамыз. Дінді ғана біліп, тарихын, тілін білмеген адам кез келген жат ағымның жетегінде кетеді. Адасып, басқа ағымның жетегінде жүрген жастардың үйіне ақсақалдарымыз барып, ақылын айтып, тура жолға түсуіне ықпал етсе құба-құп болар еді. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде мешіт саны артты, жамағат көбейді, зекет беріліп жатыр. Аллаға шүкір, ата-бабаларымыз кең-байтақ жер қалдырды. Құбыламызды танытып, намазымызды үйретіп кетті. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару мақсатында міне, жиын өтіп жатыр. Шығыс өңірінде бастау алған игілікті шара республика деңгейінде, еліміздің басқа облыстарында да жалғасар деген үміттеміз.

Марат Мағзұмов, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Зайырлы мемлекет ұғымы мемлекеттің діннен бөлінуі деп есептеледі. Кеңес заманы кезінде мешіттер қиратылып, молдалар қудаланды. Бүгінгі жаһандану жағдайында, өтпелі дәуірде идеологиядан айырылатын болсақ, берекеден айырыламыз. Тәуелсіздік алған еліміз идеологиясын толық қалыптастыра алмады. Жойқын күш-ол дініміз. Ислам – дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз, рухани байлығымыз. Бейбітшілік үшін күресте діннің маңызы зор. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықты бірінші кезекке қоятын Елбасымыз дін басшыларының съездерін өткізу арқылы елімізді әлем мұсылмандарының, әлемдік діндердің Меккесіне айналдырды. Келесі съезге дін басшылары ғана емес, мемлекет басшыларының да қатысуы оның маңыздылығын көрсетеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жиілеп бара жатқан террористік, экстремистік, радикалдық қозғалыстардың жат әрекеттерін Исламмен байланыстырып отыр. Нағыз мұсылман басшылыққа алатын қасиетті Құранның бірде-бір сүре немесе аятында адам өлтіру, зұлымдық жасау, зинақорлық, соғысқа үгіттеу мүлдем жоқ. Сондықтан дінді дұрыс қабылдамай, шала ұғып, адасып жүрген жастарымызға абыз ақсақал, қарияларымыз жөн сілтеп, тәрбие-өнегелерін көрсетсе игі.
Елбасымыздың Семейдегі жойқын ядролық полигонды жауып, бас тартуы да зайырлылықтың белгісі. Сөйтіп, ядролық қарусыз аймақты біздің мемлекетіміз бастады.

Бағдәулет қажы Мүрсәлімұлы, облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы:

– Тарихқа көз жүгіртсек, ақсақалдарымыз береке мен бірліктің бастауы болған. Екі ру арасындағы даулар ақсақалдардың бір ауыз сөзімен шешілген. Бұл сол кездегі қариялардың данагөйлігі мен шешендігінің айғағы. Кеңестік дәуірде барымыздан айырылып қалғанымыз рас. Бірақ қазақ, мүсылман екенімізді ешуақытта ұмытқан жоқпыз. Бүгінде іргеміз бекітіліп, жайма-шуақ заманда өмір сүріп отырған ақсақалдарымыз өнегесімен ұрпаққа үлгі болуы керек. Жасыратын несі бар, кей ауылдың мешіттері бос тұр. Ал қариялар карта ойнап, арақ ішіп жүр. Ол қариялардың үйінде үлкендерге қарап бой түзейтін ұлдары мен келіндері, қалай исең солай қарай өсетін жас шыбықтай немерелері бар. «Жастарымыз басқа дінге кіріп кетті» дейміз. Үйдегі әке-атасының абыройы биік болса, «тәйт» дегенге көнбейтін бала бар ма? Осы қасиеттен айырылып барамыз ғой. Зайырлы қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін біліп, өз ұрпағымызға үлгі болайық. Бұл біздің киелі міндетіміз. Салиқалы ақыл-кеңесімізбен жастарымызды жат ағымдардан, түрлі қылмыстардан аулақ ұстайық.

Мұхан Исахан, Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелерін ғылыми-зерттеу және талдау орталығы исламды зерттеу бөлімінің басшысы:

– Қоғамда рухани мәселелер шаш етектен. Саяси тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бір айға жетер-жетпесте заң қабылдап, дін зайырлы ұстанымда екенін бекіттік. Зайырлы мемлекет дегеніміз атеизмнің жаңа бір нұсқасы емес, мемлекеттің дін мәселесіне араласпауы. Мұның еліміз үшін тиімді және тиімсіз тұстары да бар. Тиімсізі – секталардың жұмысына еркіндік бердік. Соның кесірінен қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсіп, ерлі-зайыптылар ажырасты. Бүгінде мемлекет пен діни бірлестік мәртебесі бар дін қызметкерлері тәуелсіздікті нығайту, тұрақтылықты сақтау мақсатында бірлесе жұмыс істеуде. Ақсақалдар институтын нығайту дінімізге қайшы емес. «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы» осының дәлеліндей. Қазақ халқының дүниетанымында ақсақалдардың рөлі орасан зор, құрметі жоғары. Рухани мәселелер осындай әлеуметтік инситуттар арқылы шешіледі. Өзбекстан, Түркіменстанда ақсақалдар институты керемет дамыған. Алдағы уақытта ақсақалдар алқасы тек рухани емес, дін мәселелеріне де мойын бұрса құба-құп. Сонда ғана біз мығым, мықты елге айналамыз. Келесі жиын рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталса.

Сондай-ақ, жиында салттық рәсімдерді бірізділікке салу, ысырапшылдыққа салынбау, осыған байланысты мәселелерді ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуалар негізінде орындау ұсынылды. Форумда ақсақалдар осы бағытта шешімін таппай келе жатқан ойлар мен ұсыныстарын ортаға салды. Марқұмды аттандыруда ысырапшылдыққа салынбау, зираттарды әсемдемей, барлығын бір деңгейде болдыру сияқты мәселелерді бір жүйеге түсіру келісілді. Қариялардың бата беру, сәбиді бесікке салу дәстүрін жаңғырту сынды ұсыныстар айтылды. Марқұмды жоқтау, көрісу салттарын жаңғыртудың маңыздылығын ортаға салды.

Жиында сөз алғандар ақсақалдардың да салауатты, ойлы, жастарға, қауымға берер тағылымы мол, атына заты сай болу керектігіне де тоқталды.

-Жат ағымдардың алдын алу мақсатында ұлтымыздың салт-санасының озық үлгілерін жаңғырту, оны насихаттау, діни сауаттылықты арттырудың маңызы зор. Бұл игі шаралар кері ағымдардың таралуына жол бермей, дінімізді дәстүрмен ұштастыруға бағытталған. Ақсақалдар – сіздер біздің берекеміз, қазынамызсыздар. Жастарға сіздердің ақыл-кеңестеріңіз керек. Айтылған ұсыныстардан нәтиже шығару үшін әр аудан, әр ауылда «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», сөзден іске көшейік. Жиында айтылған ұсыныс-пікірлерді салиқалы, ізгі істермен толықтырайық, – деп атап өтті ҚМДБ-ның Өскемен өңірінің өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы.
Жиын соңында ақсақалдар форумының тұжырымдамасы қабылданды.

Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді.

Айжанат Бақытқызы

«Зайырлы қоғамда ұлттық рухани құндылықтарды қалыптастырудағы ақсақалдар институтының рөлі» атты Шығыс Қазақстан облысы Өскемен аймағы ақсақалдарының І форумының
Қ А Р А Р Ы

Біз, Өскемен өңірі ақсақалдарының І форумына қатысушылар, бүгінгі таңда әлемде белең алып отырған діни экстремизмнің ең басты себептерінің бірі–белгілі бір топтардың жалған діни сенімге еріп, өз елінің салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарынан, ата-баба ғұрыптарынан бойын алшақтатып, дәстүрлі-тарихи мәдениеттерінен тамыр үзуі болып отыр деп есептейміз.
Дәстүрлі қазақ киімдерінен, діни уәжбен екпеден, мемлекеттік мейрамдарды атап өтуден, бата беру, беташар сынды ұлттық ырымдардан бас тарту – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарынан алшақтау белгілері деп қабылдаймыз.
Бұл келеңсіз жағдайға тосқауыл қоюдың басты жолы отбасылық мәдениетті, ұлттық дәстүрді, дін мен ділді, тіл мен білімді құрметтеп, сақтап, дамыту, патриоттық сезімдерін нығайту деп білеміз.
Осы жағдайларды ескере келе, біз ұрпағының болашағына бей-жай қарамайтын әрбір ақсақалды жастар арасындағы тәрбие жұмысына белсене араласа отырып, оларды:
– Мәңгілік елдің тірегі – қазақ халқының бұрынғы заманнан бері келе жатқан мәңгілік құндылықтарын, оның ұлт болмысымен астасқан дәстүрлі дінін құрметтеуге;
– Дінді тек қана сенімдік ұғым емес, халықтың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, өмір сүру мәнері ретінде дәріптеуге;
– Ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғаумен ұштасатынына иландыруға;
бағытталған жұмыстар жүргізуге шақырамыз.
Сондай-ақ, облыстың, қалалар мен аудандардың Ақсақалдар кеңесі, Ардагерлер кеңесі мүшелерін жергілікті мешіттердің имамдарымен бірлескен топтар құрып, жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жұртшылықтың діни санасын елдің салт-дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыруға бағытталған кездесулер өткізуге, тұрғындар арасында толеранттылық пен қазақстандық қоғамның рухани бірлігі идеясын қалыптастыруға белсене атсалысуға үндейміз.

Шығыс Қазақстан өңірі ақсақалдарының
I форумының қатысушылары

Өскемен қаласы, 25 тамыз, 2016 жыл

Осы айдарда

Back to top button