Ақсақалдардың батасын алып, ақ жаулықтының алғысына бөленді
Ақсақалдардың батасын алып, ақ жаулықтының алғысына бөленгісі келген өскемендіктер Қарттар күні Жібек маталар комбинаты ауданындағы «Достық» базарына қарай асықты. Себебі мұнда Халықаралық қарттар күніне арналған думан өтіп жатқан.
Мереке мағыналы да мазмұнды өтті. Аға буынның алғысы мен батасы ақтарылды өйткені. Ақшаңқан киіз үй мен еңселі сахна, ұлттық киімі жарасқан аталар мен әжелер, буы бұрқыраған қазан өткен-кеткен халықты мереке алаңына еріксіз тартты. Әуелі облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңабай Әшімов жиналғандарды айтулы күнмен құттықтады. Мереке қарсаңында мерейлі 70 жасқа келген Шәріпқан Тоқтағұловқа Жібек маталар комбинаты ауданының ақсақалдары атынан алғыс хат пен ақшалай сыйлық табысталды.
Мерекеге мұрындық болған қалалық №1 өзін-өзі басқару комитетінің басшысы Амантай Бақыт қазыналы қарттарды төл мерекелерімен құттықтап, шараның мәнді өтуіне атсалысқан демеушілерге алғыс хаттар табыстады.
-Бұл шара түгелдей демеушілердің қаржысына ұйымдастырылды. Алаңдағы киіз үйде жиыны 300 қарияға мерекелік ас беріп жатырмыз. «Контакт», «Баяш Өтепов», «ИП «Мария» пәтер иелерінің кооперативтері, «Достық», «Багратион», «Айгерім» сауда үйлері мен «Пицца блюз» дәмханасы осындағы шараның өтуіне қаржылай және материалдық демеушілік жасады. Сондай-ақ, Күленов кентіндегі «Эдельвейс» мейрамханасында, ЖМК ауданындағы «Краус» сауда үйінде, Сол жағалау ауданындағы мектеп ғимаратында қарттарға арнап 15-20 адамдық дастархандар жайылды. Барлық шығынды демеушілердің өздері көтеріп алды, – дейді Амантай Бақыт.
Базар аралай келіп, думанды мерекеге тап болған тұрғындардың көңілін үш сағатқа созылған концерттік бағдарлама көтерді. Жасы егде қонақтарды ұйымдастырушылар киіз үйдегі дастарханға шақырса, қалған халық мерекелік палаудан дәм татты. Осы күнге арнайы ұйымдастырылған шағын жәрмеңкеден іздегенін тапқандар да аз болған жоқ. «Күш атасын танымас» дегендей, шара барысында ұйымдастырылған спорттық жарыстарда еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бақтарын сынады.
– Бүгінгі мерекені көріп, алдыңғы буынның абыройлы ізін жалғастыра алатындай ұрпақ өсіп келе жатқанына көзіміз жетті. Біздің міндетіміз – соларға бір ауыз болса да дұрыс сөз айтып, өмірден түйгенімізді мұра етіп қалдыру. Бұл атаулы күн – халықтық мереке. Жыл сайын бұл күннің қадірі артып, мағынасы айшықталып келеді. Тарбағатай ауданынан көшіп келгеніме төрт жыл болды. Жыл сайын осы күні думанның ортасынан табылып жүрмін. Биыл бұл мереке ерекше өтуде. Елдің дамуы үшін тұтастық керек деп жиі айтамыз. Ал сол тұтастық осындай кішінің үлкенге, үлкеннің кішіге деген сыйластығынан пайда болады, – дейді Әлібек Нұрмұхамедов.
Ақсақалдарды алқап, ақ жаулықтарды ардақтаған айтулы мереке қазақ халқының үлкенге деген ізеті мен ықыласы әлі де ерекше екенін әйгілеп берді.
Есімжан Нақтыбайұлы