Аса құнды кітаптарды сыйға тартты

Айна Ескенқызы
Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының кітапханасы облысты қойып, Қазақ ұлттық академиялық кітапханасында сирек кездесетін екі жүзден астам құнды әдебиетпен толықты. Алтын ұяларына мұндай тамаша, баға жетпес сыйлықты мектеп қабырғасынан осыдан он бес жыл бұрын түлеп ұшқан шәкірттері жасап отыр.
Әр жылғы түлектер білім нәрін сепкен ұстаздарын, ұшқан ұяларын ұмытпай, жыл сайын келіп, бүгінгі оқушылармен кездесуді жақсы дәстүрге айналдырған-ды. Биыл қадірлі қонақтарды мектеп ұжымы шашу шашып, ән-жырмен қарсы алды.
– Бұл игі бастама пандемияның кесірінен соңғы екі жылда үзіліп қалып еді. Бүгін, міне, қайта жаңғырып, он бес жыл бұрын үлкен өмірге аттанған түлектеріміз келіп отыр. Мұндай кездесулер бұрынғы шәкірттеріміздің жеткен жетістіктерін, бағындырған биіктерін көруге мүмкіндік береді. Алтын ұяларыңызға қош келдіңіздер! Сіздердің игі тілектеріңіз, жүріп өткен жолдарыңыз туралы естеліктеріңіз – арттарыңыздан еріп-келе жатқан іні-қарындастарыңызға үлгі-өнеге. Сіздерге есігіміз әрқашан ашық, – деген ақжарма тілегін жеткізді мектеп-гимназия-интернат директоры Жанбол Ушакбаев.
Салтанатты кешке жиналған қауым алдымен «Қазақтың Қанипасы» атанған ұлағатты ұстаз, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Қанипа Бітібаеваны бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұдан кейін сахна төріне көтерілген түлектердің сырт келбетіне, сөз саптауына, алған жоғары білімдері мен бүгінде қолдары жеткен жетістіктеріне қарап, ұстаздардың маңдай тері текке төгілмегенініне куә болдық. Олжас Бейсенбаев – ҚазҰУ PhD докторанты, шығыстанушы, Дархан Асқарұлы – ЕҰУ PhD докторанты, НЗМ қызметкері, Бекжан Бапышев – Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы ауданы әкімінің орынбасары, Айгерім Құмашқызы – Air China компаниясы директорының кеңесшісі. Шеттерінен PhD докторанты, білікті маман, араларында жеке кәсіпкер мен бизнесмендер де, аяулы аналар да бар.
– Осы сахна тұла-бойымыздағы барлық потенциалдың толық ашылуына мүмкіндік берді, біздің үлкен өмірге деген қадамымыз осы сахнадан басталған-ды. Мектеп ауласынан «Жолдарың болсын, балапандарым!» деп шығарып салған Хан апамыздың берген білімінің, тәрбиешіміз Баян Манашқызының тәрбиесі мен ақыл-кеңесінің жемісі бізге әлі күнге азық болып келеді. Қанипа апай әр сабағын Абай мен Мұхтар, Ахмет Байтұрсынов сияқты ұлы тұлғалардың өсиеттерімен бастайтын. Осындай ұстаздан тәлім-тәрбие алған біз қалайша ынжық, надан болуымыз керек? Дұрыс тәрбие берген барлық мұғалімдерімізге алғысымыз шексіз, – деді мектеп түлегі Олжас Бейсенбаев.
Жазушы Әбіш Кекілбаев атамыздың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген қанатты сөзі бар. Осыны басшылыққа алған түлектер туған мектебіне рухани байлық – кітап сыйлауды жөн көріпті. Мектеп түлегі Дархан Асқарұлы барлық сыныптастарының күшімен сатып алынған кітаптарға қысқаша тоқталып өтті. Бір бағыты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында аударылған «100 әдебиет» сериясынан – Кембридж, Оксфорд баспаларында жарық көрген, студенттердің өздері іздеп жүріп оқитын макроэкономика туралы кітаптардың қазақша аудармасы, таптырмас дүниелер. Әлем классиктерінің «Робинзон Крузо», «Үш ноян» сияқты үздік шығармаларының, Стивен Кинг туындыларының ана тіліміздегі сапалы аудармалары да, Фариза Оңғарсынованың редакторлығымен жарық көрген «Мюнхаузен» де кездеседі. Қазақ әдебиеті классикасының үлгісі – «Көшпенділер» тарихи романын да осы жерден көреміз. Екінші бағыты –Абайдың 175 жылдығы шеңберінде жарық көрген дүниелер. Мысалы, «Абай жолының» 1942 жылы жарық көрген ең алғашқы нұсқасының «Фолиант» баспасында қайта басылып шыққан нұсқасы бар. Тағы бір бағыты – жергілікті ақын-жазушыларымыздың шығармалары.
– Бұл жерде талай олимпиада, жарыстардың жеңімпазы болған үздік оқушылар отырғанына сенімдімін. Ғылыми жоба жазған кезде нақты деректерге негізделген жұмыстар бағаланатынын білесіздер. Сіздерге тарихи деректерге негізделген аса құнды кітаптарды әкелдік. Әлихан Бөкейханның 7 томдығының әзірге бес томын таптық. Бұл кітаптарда тек Әлиханның еңбектері ғана жинақталған, автордың өз ойы жоқ. Мына кітап – Қазақстандағы ашаршылыққа қатысты барлық архив құжаттарының жинағы, түпнұсқасы болғасын, басым бөлігі орыс тілінде, әлі сиясы да кеуіп үлгермеген. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы мынандай деректер жинағы да бар. Ауыр тақырыптар, әрине. Бірақ зерттеймін дегендерге кітапханалар мен архивтерге сабылмай, осы әдебиеттерді пайдалана отырып, өте құнды жұмыстар жазуға болады. Мен өзім тарихшы болғандықтан, бұл дүниелердің қаншалықты бағалы екенін жақсы білем, – деді Дархан Асқарұлы.
Мектеп түлектері сыйға тарқан екі жүзден астам кітапты, қолға түсе бермейтін басылымдарды жинақтауға Қазақ ұлттық академиялық кітапханасы, Қазақстан Жазушылар одағы кеңінен қолдау танытыпты. Бір бөлігін өз күштерімен «Фолиант» баспасынан сатып алған көрінеді. Түлектер сыйлаған кітаптарын кітапхана қорынан ажырату үшін титулды бетіне өздерінің мөрін басып қойыпты.
Біз жамбылдық оқушылардың ағай-апайлары сыйлаған осы теңдесі жоқ шығармаларды өз игіліктеріне жарататындарына сенеміз.