Аса қажетті тауарлардың құны өскен жоқ па?
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасына орай, арнайы құрылған жұмыс топтары қалалар мен аудандарға рейдке шығып, жергілікті жердегі күнделікті тұтыну тауарлары мен азық-түлік өнімдері бағасының шарықтап кетпеуін жіті қадағалауға алуда. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған сондай топтың бірі Шемонайха, Глубокое, Ұлан аудандарында болып, дүкендер мен наубайханалардағы, дәріханалардағы бағаның жағдайын бақылап қайтты.
Шемонайха аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Рахметуллиннің деректеріне сүйенсек, қазір 19 наубайхана жұмыс істеп тұрса, оның сегізі орталықта – Шемонайха қаласында орналасқан. Бүгінгі ұнның қоры – 150 тонна. Ол бір жарым, екі айдағы ұнға деген сұранысты толықтай өтей алмақ. Нан бағасы бұрынғыша 35 теңгеден 55 теңге аралығында сатылуда. Сондай-ақ, ауданда бірінші кезектегі тауарларды арзандатылған бағамен сататын 59 әлеуметтік бөлім жұмыс істеп тұр.
Мәселен, біз тоқтаған аудан орталығындағы ірі наубайхананың бірі – «Конкорд В» ЖШС-нің жетекшісі Павел Висмер қаладағы нан бағасының көтерілмеуіне барынша қолдау көрсетуде. Нан өнімдерінің 45 түрін өндіріп, тәулігіне үш тоннаға дейін нан пісіреді.
Ал осындағы тағы бір ірі аралас дүкен «Аромада» болғанымызда, барлық тауарлар бағасының қалыпты екенін байқадық, алайда, қант таусылыпты. Иесі Аршот Тумэян қоймадан жеткізетінін, бағасы қалыпты болатындығына сендірді. Ал бөлке нанның бағасы ұн бағасымен тікелей байланысты болатындығын айтты.
Шемонайха қаласының әкімі Мұрат Желдібаевтың айтуынша, аудан орталығындағы баға тұрақты, тұрғындар тарапынан ешқандай қобалжу, толқулар сезілмейді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкерлермен, ірі сауда орны жетекшілерімен, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен арнайы жүргізілген жұмыстар нәтижесін беруде. Ауданда тұрақтандыру қоры құрылған. 58 тонна қарақұмық, 3 тонна ақталған арпа, 99 тонна күнбағыс майының қоры бар. Дәрі-дәрмектің бәрі облыстан тасымалданатындықтан, олардың бағасы бойынша алғашында өзгерістер болғанымен, қазір қайта қалыпқа түскен.
Глубокое кентінде бұл күні ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, алты округтің кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары өз өнімдерін арзан бағамен саудалаған. Тұрғындар қажетінше керегін қамдап алған. Ауылдық округтер алда бекітілген кестемен сенбі сайын жәрмеңкелер өткізбек.
Глубокое кенті әкімінің орынбасары К.Бектұрғанованың дерегінше, тексерулер жүргізілген дүкендерде баға өсуі фактісі тіркелмеген. Тек көтерме саудагерлерден тауарларды алу барысында «Евразия Фудс Корпорейшн» АҚ-ның өнімдері 10 пайызға, «ТПО АС» ЖШС-нің балық өнімдері 20 пайызға, «Шығыс-сүттің» айраны мен сүт бағасы 10 пайызға көтерілгені анықталған. Кейіннен кент аумағындағы дүкендермен көтерме бағаны 10 пайыздан асырмау туралы меморандумға қол жеткізіліпті.
Кенттегі «Форте+», «Вита-Фарма» дәріханаларында бағаның бұрынғыдан өскені байқалған. Зейнеткер В.Конина «Вита-Фармадан» өткен аптада «Панангин» дәрісін 640 теңгеге алса, енді 720 теңгеге алғанын айтады. Көп сұраныстағы «Терафлю» да қымбаттаған. Мұның себебін дәріхана иесінің бірі Ирина Рахманова қаладан осылай қымбаттап келді деп түсіндіреді. Дәрі бойынша жергілікті әкімдікте дәріханалармен әлеуметтік бағаны бекіту туралы шешім қабылданыпты. Орталықтағы «Барс» азық-түлік дүкенінде де баға қалыпты. Тек тасымалданып жеткізілетін «Рубиком» шұжығының бағасы шамамен 10 пайызға өскен.
Глубокое ауданы әкімінің міндетін атқарушы Александр Брагинец аудандағы азық-түлік бағасының толықтай бақылауға алынып, оны көтермеу мақсатында тиісті шаралар қолға алынғандығын атады. Егер де негізсіз көтеру фактілері анықталар болса, олармен арнайы жұмыс тобы шұғылданатын болады. Әзірге қор жеткілікті. Естеріңізде болса, облыстың қалалары мен аудандары арасында тұрақтандыру қоры алғаш рет осы Глубокое ауылында құрылған болатын. Тіпті, алдағы күндерде Тарбағатайға 20 тонна ұн ауданнан жөнелтілмек.
Ұлан ауданының Айыртау ауылдық округінің орталығындағы «№3 нан зауыты» ЖШС, Айыртау ауылындағы арнайы әлеуметтік дүкен, «Рағызбаев» ЖК-нің «Мәди» дүкені ауылдағы бағаның негізсіз аспандап кетпеуіне мән беріп отыр. Күнделікті тұтынылатын қант, нан, күріш, басқа да азық-түлік түрлері бұрынғы бағамен сатылуда. Әсіресе, әлеуметтік дүкен бірінші кезектегі азық-түлікті арзан бағамен сатып жатыр. Ауылдық округтің әкімі Сәлима Қалелованың айтуынша, округтегі дүкендерге күніне екі мәрте тексеру жүргізіліп, жағдай толық бақылауға алынған. Олармен меморандумға қол қойылған. Аудан әкімінің орынбасары Сіләмғазы Нұғманов аудан бойынша штаб жұмыс істеп жатқандығын, барлық сауда нүктелері бақылауға алынғанын, негізсіз баға көтеру фактілерін анықтайтын сенім телефондары іске қосылғандығын атап көрсетті.
Дәурен Аллабергенұлы