Қаржыны игеру қатаң қадағаланады
Мемлекеттен бөлінген қаржыны игеруде икемсіздік байқалады. Мәселен, жыл басынан бері облыста 8 миллиард 200 миллион теңге игерілмеген. Бұл туралы кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен кезекті селекторлық режимдегі аппараттық кеңесте айтылды.
Аймақ басшысы өткен тоғыз айдағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Облыста бюджеттік қаржыны игеру бойынша артта қалушылық байқалады. Жоспардың орындалуы 95,6 пайызды құрап отыр. Жоғарыда көрсетілгендей, облыста 8 миллиард теңгеден астам қаржы игерілмей жатыр, атап айтсақ, қаражат негізінен Зырян, Ұлан, Аягөз, Тарбағатай, Үржар аудандары мен Өскемен, Семей қалаларында толық игерілмеген.
– Рас, биыл мемлекеттен өткен жылмен салыстырғанда қаражат көбірек берілді. Бірақ бұл жайт оның баяу игерілуіне себеп бола алмайды. Мысалы, Зырян ауданында мамандарды әлеуметтік қолдауға бөлінген қаржының игерілмей қалуы мен үшін мүлдем түсініксіз. Ал Тарбағатай ауданында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында қарастырылған қаражат толық игерілмеген. Бұл халықты еңбекпен қамтуды көздейтін ең маңызды бағдарлама емес пе? Аягөз ауданы коммуналдық шаруашылық, инженерлік нысандарға бағытталған қаржыны ұқсата алмай келеді. Бұл аудан басшылығының өз істеріне жауапсыз қарайтынын аңғартады, – деді облыс Әкімі.
Денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім, құрылыс басқармалары да миллиондаған қаржыны игермеген. Аймақ басшысы бұған басты себеп бақылаудың аздығы екенін айтып, өзінің орынбасарларына әрбір нысан бойынша тексеру жүргізіп, қаржының игерілу барысын толық қадағалауға алуды тапсырды. Осы және өзге де бірқатар мәселелер 17-қазанда Шемонайха ауданындағы Камышинка ауылында өтетін әкімдіктің келесі көшпелі мәжілісінде кеңінен талқыға салынатын болды. Жиында, сондай-ақ, күзгі жиын-терін, қысқа әзірлік мәселелері де сөз болды.
– Әлі күнге дейін егіннің 5-7 пайызы орылмаған. Науқан Зырян, Катонқарағай, Үржар және Аягөз аудандарында сылбыр жүруде. Қалған астықты жеделдете әрі шығынсыз жинап алу қажет, өйткені болжам бойынша келесі аптада қайтадан жауын-шашын басталмақ, – деген облыс Әкімі кезекті жылыту маусымына дайындық барысын да пысықтады. Облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев бастаған жұмыс тобына Семей, Курчатов, Зырян, Риддер қалалары мен Шуақ кентіне барып, олардағы жылыту жүйелерінің дайындығын тексеруді жүктеді.
Бірінші қазаннан бастап қайырымдылық айлығы басталғаны белгілі, осыған орай аймақ басшысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ольга Кузовлеваға, барлық әкімдерге бірде-бір ардагер назардан тыс қалмауы тиіс екенін айтып, оларға материалдық әрі моральдық қолдау көрсетуді қадап тапсырды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қол қойылған меморандумдардың атқарылуы да бақылауда болуы тиіс.
Аймақтағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақты деп бағалаған облыс Әкімі жергілікті атқарушы органдарға құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жастар арасындағы түсіндіру жұмыстарын ширата түсу керектігін баса айтты.