Қоғам

Қаржының игерілуі қатаң қадағаланады

Қаржының игерілуі қатаң қадағаланады


Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Ұлттық қордан бөлінген қаржының «Нұрлы жол» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары арқылы өңірімізде игерілуін пысықтаған жиын өткізді.

Ресми ақпаратқа жүгінсек, биыл аталған бағдарламаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 16,2 млрд. теңге ақша қарастырылыпты. Бүгінге дейін бұл соманың 13,3 млрд. теңгесі бөлініп, осының 12,6 млрд. теңгесі мақсатты жұмсалған. Яғни, пайыздық есепке салсақ, қаржының игерілу көрсеткіші – 95 пайыз. Ал дер кезінде ұқсатылмаған ақша – 653 млн теңге.

– Бүгінгі таңда облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 431 млн. теңге, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен 181 млн. теңге қаражат игерілмей тұр. Алдағы екі айдың ішінде қалған соманың бір тиынын қалдырмай игеріп, жыл соңында ешқандай мәселе туындамауы керек. Бұған ең бірінші кезекте жергілікті әкімдіктер мен тиісті басқармалар жауап беретін болады, – деп атап көрсеткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қор қаржысының қалай жұмсалып жатқаны туралы аудан-қалалардың әкімдерінен жеке-жеке сұрады.

Облыста қазір алты білім ошағының, оның ішінде бес мектеп пен бір балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл нысандарға жалпы сомасы 2,8 млрд. теңге бөлініп, бүгінге дейін оның 1,8 млрд. теңгесі кәдеге жаратылған. 431 млн. теңгесі игерілмеген.

Тұрғын үй құрылысы нысандарына инженерлік желілерді тарту жұмыстарына жоспарланған 7,7 млрд. теңге ақшаның бірінші қазанға дейін 6,7 млрд. теңгесі бөлініп, ол ақша 99 пайызға игерілген.

Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік нысандарына инфрақұрылым жүргізуге барлығы 1,2 млрд. теңге көзделіпті. Бірінші қазанға дейін бұл соманың 923 млн. теңгесі бөлініп, мұның 742 млн. теңгесі немесе 80 пайызы мақсатты игерілген. Әзірге ұқсатылмай қалып отырғаны – 181 млн. теңге.

Білім беру мекемелерінің құрылысы және бизнес нысандарына инженерлік инфрақұрылым жүргізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы желілерін жаңғырту бойынша ақшаның игерілуі мен жұмыстардың жүргізілу барысы жөнінде облыс басшысына Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары, Абай, Тарбағатай аудандарының әкімдері ақпарат берді.

Жиынға қатысқан мердігер компаниялардың өкілдері де өздерінің тарапынан атқарылған істерді баяндап, мемлекет ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқанын түсіндірді. Бір қызығы, кейбір компаниялар бірнеше құрылыс нысанына иелік етіп алыпты. Бұл мәселеге ерекше екпін салған аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ:

– Әрине, жүктелген міндетті дер кезінде сапалы орындап, ешқандай проблема туғызбаса ондай мердігерлердің бірнеше құрылыс нысанында жұмыс істеуіне қарсылық жоқ. Алайда, әрбір компания өзінің мүмкіндіктеріне қарай әрекет еткені дұрыс. Нысанның бәрін алып, ертеңгі күні құрылыс уақытында аяқталмай, ақша игерілмей қалып жүрмесін, – деп қатаң ескертті.

Сонымен қатар, облыс әкімі барлық құрылыс нысандары жыл соңына дейін толық бітіп, қолданысқа берілуі қажеттігін еске салды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button