Қоғам

Қаржылық сауаттылықты арттыруға көмектесті

Қаржылық сауаттылықты арттыруға көмектесті

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында Қазақстан Республикасының банктік омбудсмені Ерсерік Сийырбаев пен Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Марат Барлыбаев банктерден ипотекалық несие алып, қазір қарыздарын төлей алмай отырған тұрғындарды қабылдады. Кездесу барысында тұтынушыларға тығырықтан шығу жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Қоғамдық қабылдау «Нұр Отан» партиясы мен банк арасында бекітілген екіжақты тиімді меморандумның аясында жүзеге асты.
-Қазіргі дағдарыс кезінде несие алған жандардың жағдайы қиындап кетті. Азаматтар ипотекалық несиеге, қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысты мәселелермен келіп отыр. Бұл сұрақтарды біз Ұлттық банктің жергілікті филиалы өкілдерінің қатысуымен реттеуге тырысамыз. Өткен жылы келгенде де көп мәселелерді оңды шешуге қол ұшын берген едік,- деді Ерсерік Сийырбаев.
Банктік омбудсменнің айтысына қарағанда, Ұлттық банктің ұсынысымен Парламент банктік салымдарды өтеу жүйесіне өзгерістер енгізген. Мысалы, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап, банкке алдымен негізгі қарыз өтеледі, проценттік салымдарды содан кейін төлеу қарастырылған. Ерсерік Сийырбаев сұрақтардың 90 пайызы тұрғындардың қаржылық сауатсыздықтарынан, банктің шарттарын дұрыс түсінбегендіктен болып отырғанын айтты.
Қабылдауға Шемонайха, Ұлан аудандарынан, облыс орталығынан барлығы 15 азамат келді. Негізгі көтерілген мәселелер банк қызметінің сапасына, қарызды қайтару мерзімін ұзартуға, ипотекалық несиені қайта қаржыландыруға қатысты болды. Азаматтарға банк қызметкерлері кәсіби кеңес беріп, ары қарай қандай іс-әрекеттер жасау қажеттігін түсіндірді. Тұтынушылардың барлығы проблемаларын шешуге қатысты нақты жауаптар алып қайтты.
Дәл осындай қоғамдық қабылдау Семей қаласында да жүргізілді. Тұрғындар сонымен қатар өздерін мазалаған сауалдарын банктік омбудсменнің сайтында онлайн режимінде де қоя алады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button