Қаржылай көмек берді

– Өмір болған соң, түрлі жағдайлар болады. Осыдан 13 жыл бұрын ұлым жол апатына түсіп, мүгедек болып қалды. Сол кезде жалғыз баламның аяғынан тік тұрып кетуі үшін бар дүниемді сатып, Ресейден білікті мамандар шақырттым. Олар екі мәрте ота жасады. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Менің қанша өмірім қалды дейсіз?!. Төсекке таңылып жатқан ұлымның ертеңін ойласам, жүрегім қарс айырылады, – деп Татьяна Могилина әңгіме тиегін ағыта бастағаны сол еді, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының ұжымы да келіп қалды.
Үйдің іші тап-тұйнақтай екен. Есіктен кірген бетте бізді үй иесі Татьяна Могилина күтіп алды.
– Алексейдің жүріп-тұруы қиын. Сондықтан оны бір сағаттан артық жалғыз қалдырып кете алмаймын. Өйткені балам өз бетімен тамағын да іше алмайды. Әйтеуір, бағымызға орай күн сайын әлеуметтік қызметкерлер келіп тұрады. Сол себептен бізге қабақ шытпай, қызмет көрсететін мекеме қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамды күн сайын орнынан тұрғызу, тамақтандыру, жуындырып-киіндіру оңай шаруа емес, – дейді Татьяна Могилина.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының ұжымы Могилиндер отбасына қаржылай көмек көрсетті. Бұдан бөлек, азық-түлік те әкепті.
– Біз биыл жаңажылдық корпоративке бармай, осындай көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасауды жөн деп шештік, – деп ағынан жарылды басқарма қызметкерлері.
Ажар Сағатбекова