Арзан өнімді сатып алуға қарлы жаңбыр да кедергі болмады
Статистердің сөзіне сенсек, биыл елде азық-түліктің бағасы 14,5 пайызға қымбаттаған. Дүкенге келген жұрт тамақтың құны ай сайын көтеріліп бара жатқанын көріп жүр. Ал сенбі күні Өскемен қаласындағы Металлургтердің мәдениет сарайы жанында өткен ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне келген тұрғындар бұл жерден сарымай мен етті, жұмыртқа мен балды, көкөністің барлық түрін нарықтағыдан әлдеқайда арзан бағамен сатып алды.
Қарлы жаңбырға қарамастан өскемендіктер сенбілік жәрмеңкеге ағылып келіп жатты. Таңғы тоғыздан бастап қызған саудада қаладағы, қала маңындағы азық-түлік өнімдерін өндіруші кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының нанынан бастап, шұжығына дейін сатылды.
Өскемендегі әлеуметтік дүңгіршектерден арзан деп 65 теңгеден сатып алып жүрген картоп, пияз, сәбіз, қызылша, қырыққабат сияқты көкөніс түрлерінің келісін Герасимовкадан келген « Ұлан жеміс» ЖШС мен зайсандық кәсіпкер Руслан Мыңғышевтың «Дәрібаева» ЖК 40-45 теңгеден саудалады.
– Қалада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі сенбі сайын өткізіліп келеді. Қар мен жаңбырды елемей дорбамды алып, таң атпай осы жәрмеңкеге жеттім. Бұрын 500 теңгеге жеті келідей ғана пияз, картоп сатып алушы едім енді 11 келі сатып алдым. Пиязды да, картопты да таңдап, іріктеп салып берді. Бұл көкөністердің қандай еңбекпен келетінін жақсы білеміз, бірақ қалалықтарға осындай мүмкіндік тудырып, ауа райының күрт бұзылуына қарамастан өз өнімдерін осында тасымалдап, жеткізіп, арзанға сатып жатқандарына, осы жәрмеңкені ұйымдастырып жатқан жандарға алғысымды айтамын, ризашылығымды білдіремін. Мен тамыздан бері осы жәрмеңкелерге жиі-жиі келіп, арзан тамақ өнімдерін сатып алып жүріп, екі айда 1,5 мың теңгеден артық ақша үнемдедім. Ол менің бюджетіме көп-көрім көмек. – дейді жәрмеңкеге апта сайын келетінін айтқан өскемендік Гүлбағи Қауленова.
Өскемендіктер мен қала қонақтары жәрмеңкеде «Семнан», «Каравай», «Шахан Ата», «Ардагер», «Өскемен құс фабрикасы» тәрізді облыстағы шағын және орта кәсіпорындардың азық-түлігімен бірге, Глубокое мен Ұлан ауданы шаруа қожалықтарының өнімдерін де өзінің босатылу бағасымен сатып алып жатты.
Глубокое ауданының Красный Партизан ауылындағы «Пиксарь» шаруа қожалығы базарға келгендерге ірімшік, сарымай, сүзбе, сүт, қаймақ өнімдерін, Верх Березовка ауылындағы жеке кәсіпкер Галина Иванова өзі бағып жатқан шошқа етін, Винноедағы «Полтовец» ЖК үй құстары мен сүт өнімдерін қала базарының бағасынан төмен бағамен саудалады. «Полтовец» ЖК иесі Ира Полтовец жәрмеңкеге ешкі сүті мен ешкі сүтінің ірімшігін де алып келген екен. Олардың дәмін татқандар тамсанбай қалған жоқ. Ира қалаға жеткізген сүт өнімдері мен үй тауықтарын сатып қана қоймай, келесі жәрмеңкеге тапсырыс та алып үлгерді.
– Бес ешкім, алты сауынды сиырым бар. Ауылда ешкі сауып, сүтінен ірімшік жасап отырғанымды жұрттың бәрі біледі. Құрамында кальций минералы бар ешкі сүті аса пайдалы. Қала жәрмеңкесінің қала тұрғындарына ғана емес, біз сияқты қосалқы шаруашылық ұстап отырған ауыл тұрғындарына тигізіп отырған септігі де өте көп. Ауылдағылардың көпшілігі мал ұстап отырғандықтан, ол жақта аса өтіңкіремейтін өнімдер осындай қалалық жәрмеңкеде әп сәтте -ақ өтіп кетеді, -дейді Ира Полтовец.
Қазір Өскемендегі дүкендер мен базарларда жұмыртқаның он данасы 240 теңгеден кем түспейді. Жәрмеңкеге келген тұрғындар 1- дәрежелі жұмыртқаны 225 теңгеден, 2-дәрежеліні 200 теңгеден, балдың келісін 900 теңгеден сатып алды. Қала жанындағы Солнечное кентінен әкелінген «Мясная лавка» серіктестігінің шұжық өнімдерін сатып алушылар да көп болды.
-Бүгінгі жәрмеңкеде Күршім ауданының Ақсуат ауылындағы, Катонқарағай ауданының Аққайнар ауылындағы шаруа қожалықтарынан әкелініп отырған ірі қара мен қой еті де молынан сатылып жатыр. Таңғы сегізде келіп, шатырларды тігіп, алаңқайға сатушылардың орынын даярлап қойдық. Еттің де, көкөністердің де бағасы барлық жәрмеңкеде үнемі бірыңғай етіліп белгіленіп отырады. Сатушылар осы бағаны жәрмеңке соңына дейін өзгертпейді. Бағалардың бәрі көрсетіліп, жазылып тұр. Өскеменде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі алдағы уақытта да апта сайын өткізіліп отырады. Қала тұрғындарының өздері де бізге хабарласып, осындай жәрмеңкелерді өткізуді өтініп жатады. Мұның өзі қала тұрғындарының, қала зейнеткерлерінің аталған іс-шараның нәтижесін, көмегін көріп, сезініп жатқандығын білдіреді. Осы жәрмеңкеде «Шахан Ата» серіктестігі наубайханасының бидай ұнынан жасалған наны 60 теңгеден, басқа да нан өнімдері дүкендердегіден біршама төмен бағамен сатылды. Бұл кәсіпорынның 60 теңгелік наны наубайхананың қаладағы үш фирмалық дүкенінде осындай бағамен саудаланып жатыр, – дейді Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің өкілі Нұргүл Жунжұменова.
Жанаргүл Мұқатай