Қоғам

Арзан көкөністердің көлемі артып отыр

Арзан көкөністердің көлемі артып отыр

Кешегі кеңестік кезеңде көз үйреніп кеткен ұзын сонар кезекті қазіргі күні қалалардағы әлеуметтік дүңгіршектерден ғана көруге болады. Алты ай қыста алдынан адам арылмайтын бұл сауда нүктелері ең әуелі қалтасы жұқа қарапайым халықтың игілігіне айналғанын осыдан-ақ аңғарасыз…

Әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты елдердің тәжірибесі жеке және мемлекеттiк сектор мүмкіндіктерін біріктіру экономиканың тиiмдi дамуына ықпал ететінін көрсетіп отыр. Бүгінгі күні «Ертiс» әлеуметтік-кәсіпкерлік қорпорациясы – аймақтағы мұндай әрiптестiктi дамытудың негізгі құралдарының бірі.
Бағаның маусымдық өсуін тежейді

Тұрақтандыру қоры Үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне сәйкес құрылады. Облыста алыпсатарлық және әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрлерінің бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу үшін тұрақтандыру қорының бұл арнайы бағдарламасы жүзеге асырылған кезеңде, яғни 2011 жылдан қазірге дейін барлығы 50 405,8 тоннаны құрайтын 10 түрлі азық-түлік тауары сатып алынған екен. Оның ішінде картоп – 25 100 тонна, орамжапырақ – 8 160 тонна, пияз – 6 340 тонна, сәбіз – 6 102 тонна, қызылша – 1 262 тонна, күнбағыс майы – 800 мың литр, қант – 1544,5 тонна, күріш – 845 тонна, қарақұмық – 108 тонна, сиыр еті – 144, 3 тонна.

«Ертіс» ӘКК» Ұлттық компаниясы» АҚ инвестициялық комитеті төрағасының орынбасары, Активтерді басқару және инвестиция департаментінің директоры Думан Рахметқалиевтың айтуынша, тұрақтандыру қоры бәсекелестік туғызу арқылы өңірдегі нарыққа әсер етіп, негізгі азық-түлік түрлеріне бағаның маусымдық өсуін тежейді.

Өңірлік тұрақтандыру қорына 2016-2017 жылдардағы маусымаралық кезеңде «Приречное» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жалпы сомасы 227 943,0 мың теңгенің 5700 тонна жеміс-көкөністері сатып алынған. Мұның 2500 тоннасы Өскеменге, 3200 тоннасы Семейге бөлінген. Оның ішінде картоп – 2200 тонна, орамжапырақ – 1450 тонна, пияз – 1000 тонна, сәбіз – 820 тонна, қызылша – 230 тонна.

Былтырғы 31 қазанда өңірлік тұрақтандыру қорының көкөніс-жемістері қабылдау-өткізу актісі бойынша толықтай қабылданып, жабдықтаушының қоймаларына сақтауға қойылған.

Өнімдер облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген бағамен былтырғы 1 желтоқсаннан бастап биылғы мамыр айының ортасына дейін толық сатылып бітті. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Өскемендегі «Жәрдем» муниципалды базары мен «Фреш Маркет» сауда үйіндегі, сондай-ақ, сегіз сауда павильонындағы өз сауда нүктелерінде ешқандай үстеме ақысыз келісі 50 теңгеден саудаланды. Ал қала әкімдіктерімен жасалған меморандум бойынша Өскемендегі 59 сауда нүктесі мен Семейдегі 62 сауда нүктесінде 10 пайыздан аспайтын үстемемен, нақтырақ айтқанда келісі 55 теңгеден саудаланды.
Ескірген күріш саудадан алынды

Бүгінде бағдарлама операторы «Жәрдем» ЖШС арқылы келісі 150 теңгеден сатылуы тиіс болған 8,9 тонна тазартылған күріш сауда айналымынан алынды. Өйткені, ұзақ сақталуына байланысты күріш тауарлық сапасын жоғалта бастаған. Осыған орай «Ертіс» ӘКК облыстың тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне азық-түліктің тағамдық қауіпсіздік параметрлері бойынша күріштің сатуға жарамдылығын немесе саудадан алынуын анықтауға сұрау жіберген. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жауабы негізінде тұрақтандыру қорының күріші жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты сауда айналымынан алынды.

Көкөністер сатылатын әлеуметтік дүңгіршектерде қыс бойы кезек толастаған емес. Әсіресе, тұрғындар көп тұтынатын картоп, сәбіз, қырыққабат сияқты өнімдер лезде таусылып, түстен кейін-ақ сөрелер бос қалатын кездер жиі болады.

– Жеткізуші өнімді Семейден тасымалдағандықтан қыста ауа райының қолайсыздығынан біраз қиындықтар болды. Бірақ ол кедергілердің барлығы уақытында шешіліп, өнімдер көп кешікпей тұрақты тасымалданып тұрды. Жалпы аталған өнімдерге халықтың сұранысы өте күшті болды. Себебі, біздегі баға базардағыдан әлдеқайда арзан, әрі сапасы да жақсы. Кейде тауарды кісі басына екі-үш келіден ғана сатамыз, – дейді сатушылар.
Алдағы маусым өнімі сатып алынды

Бүгінде өңірлік тұрақтандыру қоры 2017-2018 жылдардағы маусымаралық кезеңге фьючерстік сатып алу келісімшартын жасап қойды. Яғни, «Астана Әмбебап тауар биржасы» акционерлік қоғамы арқылы жалпы құны 374 925 мың теңгенің 7500 тонна көкөніс-жемісі сатып алынған. Бұл биылғы қыс-көктем айларында сатылған өнімнен 1800 тоннаға артық. Күзде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші – «Приречное» агрофирмасы» ЖШС-нен алынатын көкөністердің келісі қосымша құн салығы мен сақтау қызметін қосқанда 49,99 теңге болмақ. Аталған көкөністердің 3300 тоннасы Өскеменде, 4200 тоннасы Семейде сатылады. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын жеткізу және ұқыпты сақтау туралы келісімшартқа сәйкес сатып алынатын көкөністер құнының 50 пайызы, яғни 187 462, 5 мың теңге алдын ала төленіп қойды. Бұл бір жағынан өңір кәсіпкерлерінің көкөністерін егіп, кәсібін дамыту үшін үлкен көмек болып отыр. Ал қалған сомасы күзде өнімді нақты қабылдап алғанда төленбек.

– Тұрақтандыру қорының өнімдерін сатумен айналысқаныма төрт жыл болды. Қалалық әкімдікпен меморандум жасап, келісімшартқа қол қойған соң алдағы 1 қарашадан бастап мамырдың соңына дейін Өскемендегі Гагарин бульвары мен «Ивушка» маңындағы тұрғындарды арзан көкөніспен қамтамасыз ете бастаймыз. Азық-түлікті жеткізуші күнделікті әкеліп тұрады.. Тұрақтандыру қоры арқылы әкімдіктің кәсіпкерлерді қолдауы кәсіппен тұрақты айналысуыма үлкен көмек болды, – дейді «Бейбарыс» жеке кәсіпкерлігінің иесі Рүстем Рысбеков.

Бүгінде жас кәсіпкер екі сауда павильонында он шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Құнары жоғары, экологиялық таза көкөністерді арзан бағамен ұсынған кәсіпкерлерге тұтынушылар, оның ішінде әсіресе, зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар дән риза. Алушыға да, сатушыға да тиімді деген осы шығар.

Өңірлік тұрақтандыру қорының көкөністері 2017-2018 жылдардағы маусымаралық кезеңде қала тұрғындарына келісі 50-55 теңгеден сатылады. Оның ішінде картоп – 3650 тонна, орамжапырақ – 1550 тонна, пияз – 1150 тонна, сәбіз – 900 тонна, қызылша – 250 тонна. Бұл былтырғымен салыстырғанда 1800 тоннаға артық.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button