Қоғам

Арзан бағада саудалайды

Азамат Темірбеков

 Тұрақтандыру қорының әлеуметтік өнімдері Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде сатылып жатыр.

Қазіргі уақытта Ұлан ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыпты деңгейде ұстап тұруға бағытталған бірқатар шара жүргізілуде. Атап айтсақ, жергілікті басшылық сауда нүктелеріне аталған санаттағы тауарлардың бағасына қосылатын сауда үстемесін он пайыздан асырмау туралы ескертпелер таратып, ауылдық округтерде бағаны бақылауға бағытталған мониторинг жүргізуді қолға алған.

– Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру үшін «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен жеке кәсіпкер арасында тұрақтандыру қорының өнімдерін Қасым Қайсенов кентіндегі сауда нүктесі арқылы сатуға келісімшарт жасалды, – дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Ләзиза Кенжетаева.

Бүгінде бұл дүкенде әлеуметтік бағада күріш, қарақұмық, макарон өнімдері, күнбағыс майы, жұмыртқа, қант, картоп, сәбіз, қырыққабат және қызылша сияқты азық-түлік тауарлары саудалануда. Сонымен қатар аудандағы көкөніс бағасын тұрақтандыру мақсатында үш шаруашылықпен меморандум жасалды.

Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың тағы бір жолы – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, биыл да бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, жыл басынан бері 36 жәрмеңке өткізілген. Апта сайын аудан орталығында өткізілетін жәрмеңкелерден бөлек, ауылдық округтердің орталықтарында да осындай шаралар ұйымдастыру қолға алынған.

Осы айдарда

Back to top button