Арзан азық-түлік пен ән-жырға кенелтті
Зайсан ауданының өнерпаздары «Туған ел – алтын бесігім» акциясы аясындағы концерттік бағдарламасына ерекше мән беріп, туған ел, қасиетті жер туралы, «Шығыстың шолпаны», «Қазақстан», «Қазағым», «Халқым-ай», «Қазақстаным, алға!», басқа да патриоттық әндерден шашу шашты. Мерекелік концертке ауданның 86 өнерпазы қатысып, жиналғандарды тәнті етті.
Бір жарым сағатқа созылған қызықты концерттің соңында облыс әкімі аппаратының басшысы Алмас Оңдақанов сөз алып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына толайым табыстармен келіп отырған зайсандықтарды облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ атынан құттықтап, өңір басшысының ықылас гүлін табыс етті. Аудан әкімі Т.Қасымжанов зайсандықтардың үстіміздегі жылдың 9 айында 5192,2 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдерін шығарғанын, биыл астықтан бітік өнім жинағанын тілге тиек етіп, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шақырды.
Күздің қара суығына қарамастан таңғы сегізден қала жұртшылығы «Фрешмаркет» сауда орталығына қарай ағылды. Бұл күні арзан ет пен картоп, сәбіз, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері түске дейін сатылып кетті. Аудан әкімінің орынбасары Марат Уәлиді 8-қазанда Шығыс Қазақстан облысының Астанадағы күндерінде кездестірген едік, енді шаруа қожалықтарының маңдай терімен өндірген өнімдерді жәрмеңкеде саудалауға алып келіпті.
– Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы торқалы тойына ерекше тартумен келдік. 7,5 мың гектарға еккен астықтың әр гектарынан қожалық иелері 21,5 центнерден дән маржанын жинап алып, қамбаға құйды. Күнбағыс жиналып жатыр, бір мың гектар соядан мол өнім алынды. «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында Өскемендегі жәрмеңкеге 27 ірі қара, 14 жылқы, 30 қой, бірнеше тонна ет өнімдерін. 14 тонна картоп, 5 тонна сәбіз, 5 тонна орамжапырақ алып келдік. Бағасы арзан, еттің әр келісі 950-1000 теңге, картоп пен сәбіз, қызылша 40 теңгеден сатылып кетті. Осы жолы Өскеменге Зайсаннан 200 адам келіп, қалалықтарға қызмет көрсетті, – деді аудан әкімінің орынбасары Марат Уәли.
Аудан өнерпаздары таңғы тоғыздан жұрт тарағанша өскемендіктерді ән мен жырға бөледі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жәрмеңкені аралап, зайсандықтардың бұл шараға мұқият әзірленгендеріне куә болды.
Оңдасын Елубай
Өскемен.