Қоғам

Қарыздан уақтылы құтылған жөн

Қарыздан уақтылы құтылған жөн

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов пен «Жылукоммунэнерго» ЖШС-нің қаржы директоры Нұржан Зейнуллинді қабылдап, кәсіпорын мойнындағы дебиторлық қарыздар жөніндегі есептерін тыңдады.
Семейдің жылыту жүйесін жаңғыртуға Еуропа даму және қайта құру банкінен қомақты инвестиция тарту көзделіп отырғандықтан, дебиторлық қарыздың барлығын кестеге сай жою қажет. Қала әкімі Ермак Сәлімов кестеден 105 млн. теңгеге кешігіп келе жатқандарын айтып, наурыз айына дейін жағдайды реттеуге уәде берді. Облыс басшысы аталған жағдайды бақылауда ұстау үшін орынбасарлары Нұрымбет Сақтағанов пен Димитрий Гариковке апта сайын қадағалау жүргізуді тапсырды.
– Өткен жылдың желтоқсанында Еуропа даму және қайта құру банкімен 11 млрд. теңге инвестиция әкелу бойынша келісімге қол қойған болатынбыз. Екіжақты серіктестіктің одан әрі сәтті жалғасуы қарыз жою шартының кестеге сай орындалуына тікелей байланысты. Бүгінге дейін жол берген қателіктерді жою қажет. Аталған мәселеде алпауыт қаржы ұйымының біздің қабілетімізге күмәні тумайтындай әрекет етуіміз керек, – деген аймақ басшысы наурыз айына дейін жағдай оңалмаса, жауапсыздық танытқандарға қарсы ұйымдастыру шаралары қолданылатынын ескертті. Облыс басшысы жағдай осылай жалғаса берсе, қарыз азаюдың орнына ай сайын өсуі мүмкін деген қауіп білдірді.
– Біз жергілікті атқарушы биліктің қырсыз әрекетінің кесірінен Еуропа даму және қайта құру банкімен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалардың күмәнге ұшырауына жол бере алмаймыз. Облыстық мәслихат өкілдерінен депутаттық топ құрып, қарыздың кестеге сай жабылуын қадағалау қажет, – деді аймақ басшысы.
Қаланың РК-3 қазандығын жөндеу және іске қосу жұмыстарына, ЖЭО-1 қазандығын қайта жарақтау шығындарына аталған еуропалық банк арқылы 4,2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалуы тиіс.
Сондай-ақ, облыс басшысы «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнын 24 Вт қуаттылыққа көшірудің тиімділігін бір аптаның ішінде есептеп, анықтауды тапсырды. Мұндай жүйенің кәсіпорын экономикасына қалай әсер ететінін, қаншалықты табыс кіргізетінін анықтаудың маңызы зор. Бүгінде «Жылукоммунэнерго» қала жұртшылығына жылуды өзіндік құнынан арзан бағаға ұсынып отыр. Сол себепті өңір басшысы бюджетке 505 млн. теңге өтемақы енгізуді жүктеді.
Кездесуді қорытындылған аймақ басшысы кестеден кешігу деген болмау керектігін қайталап ескертіп, Еуропалық банкпен сенімді серіктестік орнату арқылы қала тұрғындарының өмірін жақсартуға болашақта да инвестиция тартуға жол ашуға болатынын жеткізді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button