Қарыз қалай қайтарылып жатыр?
Бүгінгі таңда Семейде барлық әлеуметтік нысандар және тұрғын үйлер жылуға толық қосылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары Орынғали Исмайловтың айтуынша, 1035 тұрғын үйдің 1013-інде жылу бар. Бұл қаладағы барлық үйдің 98 пайызы деген сөз. 95 мың тонна көмір сатып алу үшін 279 млн. теңге қаражат бөліп отыр. Бұл бір ай көлеміне жетерлік көмір қоры. Ал қыстан қысылмай шығу үшін 400 мың тонна көмір керек.
Жылыту маусымымен қатар РК-1, РК-3, Орталық және Орталық жылу пункті қазандықтарында жөндеу жұмыстары жалғасып келеді. Ал «Ғаббасов», «103-103А» және «ЖЭО-1» қазандықтарының жылу жүйелері толық жөнделуден өткен. Ал қарыз мәселесін сөз еткенде біраз кідіріп қалуға тура келеді, яғни, жақында ғана Семейдегі «Жылукоммунэнерго» мекемесінің үш мың тұтынушысы қарыздарын өтеу қажеттігі жөнінде сот ескертуін алыпты.
Десек те жинақталып қалған қарыздың өтелер түрі жоқ. «Жылукоммунэнерго» маманы Сымбат Разхановтың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын қарыз 1,2 миллиард теңге болса, бұл күндері аталмыш қарыз біраз азайған. Жұмыстар жүргізілуде. Дәл бүгінгі уақытта қала бойынша қарыз 501 млн. 642 мың теңгені құрауда. Бұның ішінде республикалық бюджетке қарайтын түрлі мекемелер, мектептер және тағы басқалары 11 млн. 363 мың теңге, ал облыстық бюджетке қарайтындардың қарызы 17 млн. 809 мың теңге, қалалық бюджет есебіндегі мектеп, балабақша сияқты мекемелердің қарызы 4 млн. 236 мың теңге, ал тұрғындардікі 355 млн. 493 мың теңгені құрап отыр.
Тұрғындарға ғана емес, бюджеттік мекемелерге де қарыздарын өтеп, жылу мен суға кеткен ақыны уақытында төлеттіру мүмкін болмай отыр. Мекеменің заңгерлері соттарда апталап, айлап жүреді. Әрине, сот та қарыз өтелсін деген шешім шығарғанмен, ол шешім бірден жүзеге аса қоймайды. Сымбат Разхановтың айтуынша, олар қаладағы екі сотпен және жеке сот орындаушыларымен де тығыз жұмыс істеуде. Сондықтан болар әуел баста 4,5 мыңның үстінде болған іс 3 мыңға дейін азайған. Дегенмен сот орындаушыларының жұмысы қаншалықты қарқынды болып жатыр, оны ешкім анық айта алмайды. Оның үстіне сот орындаушыларының кейбірінің пікірінше, қарызға батқан үй иелерін уақытында ұстау қиын.
– Біз енді сот орындаушыларына үмітімізді артқаннан басқа амал жоқ, – дейді Сымбат Разханов, – мәселен, электр энергиясына қаржы төленбесе, олар жарық бермей қояды. Ал біз жылу үшін батареяны кесіп тастай алмаймыз ғой. Оның үстіне заң бойынша пәтерді тәркілей алмаймыз. Өйткені, қарыз бен пәтер құны екеуі бір-біріне сәйкес емес. Сондықтан да көлікті немесе тұрмыстық техника сияқты құнды дүние-мүлікті ғана тәркілей аламыз. Сондай-ақ, өткен жылдардан бері сіресіп келе жатқан қарыздар баршылық, мәселен, сондай қарыздың 88 млн. теңгесін 62 млн.-ға дейін азайттық. Бұл – негізінен тұрғындардың қайтыс болып, пәтерлердің айлап, жылдап жылуға қарыздары қала беретіндіктерінен орын алған фактілер.
Сондай-ақ, Семейде қарызы барлардың қатарында кәсіпкерлер де бар болып шықты. Биыл қаладағы алты ірі базар иелерімен осы проблемаға орай келіссөздер жүргізілген. Тағы бір мәселе, «Жылукоммунэнерго» мекемесіндегілердің айтуынша, жылудың тарифі көтерілмей, жағдай жақсармақ емес.
Қазіргі тариф шығын әкелуде. Монополияға қарсы комитет бағаны ұстап тұрғандықтан жылу басындағылар көздеген 35 пайызға қол жеткізе алмауда екен. Сондықтан да «Жылукоммунэнергоның» өз басындағы бүгінгі 700 млн. теңге шығыны күн сайын көбейіп барады, ал жұмысшылары екі-үш ай болды жалақы ала алмай отыр. Жылу басындағылар қарызы барлардың жұмыс істейтін мекемесіне де ескерту қағазын жолдауға көшкен. Бірақ бұл да нәтиже берер емес. «Жылукоммунэнерго» мекемесіндегілердің айтуынша, қарызға батқандардың бірнеше түрі бар. Зейнеткерлер жылу, жарық, суға ақыны уақытында төлеуге тырысқанмен, осы адамдардың ішінде 4 мыңы жылу үшін 22 миллион теңге қарыз. Ал тұрмысы төмен отбасылардың ішінде 3457 отбасы 21 млн. теңге қарыз.
Бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлердің 4500-і 22 млн. теңге қарыз. Сымбат Разхановтың мәліметінше, мың тұтынушының қарызы 27 млн. теңгеден астам, олар – үйлерін жалға бергендер. Көбінің нақты тұрғылықты жері жоқ, тіркелмеген. Бұндай фактілер негізінен «Юность» кентінде көп орын алуда. Ал 289 пәтердің иелері атымен жоқ. Бұлар коммуналды жекеменшікке қайтарылу үшін тізімделіп, әкімшілікке тапсырылған, өйткені, онда тұрып жатқан адамдар бар.
Осындай қиындықтарға қарамастан, «Жылукоммунэнерго» мекемесіне қарасты қазандықтар өз жұмыстарын 100 пайыз атқаруда. Бұрынғыдай емес, қалаға жеткізілетін көмір үшін арнайы үш қойма бар. Ол жақтан кесте бойынша ғана көліктер көмірді тиеп, тиісті қазандықтарға жол тартады. Былтырғыдай ұрлыққа жол жоқ. Елу шақты бейнекамера іске қосылған. Осылардың барлығы да уақытында жылумен қамтуға жол ашып отыр.