Қоғам

Арықтарды тазалауды тапсырды

Арықтарды тазалауды тапсырды


Қала әкім Ермак Сәлімов су тасқынының қаупі бар біраз аудандарды аралады. Қалалық ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, былтыр көктемде қала бойынша 57 су тасқыны қаупі бар учаске анықталған болатын. Олардың 50-і қауіпті аймақ тізімінен шығарылып, қалған жеті учаске бойынша жұмыс жүргізілуде.

-Рейдке қатысқандар Омская, 5-өткел, Потанин көшелері, Әуежай ауданы, Степной және Мирный кенттеріндегі ахуалмен танысып қайтты. Қала әкімі арықтар жағдайына баса назар аударды. Коммуналдық мекеме қызметкерлері оларды белсенді түрде тазалауда. Бірақ арықтар жеке аулалар арқылы өтетіндіктен үй иелері жұмысшыларды кейде өз учаскеліріне жібермейді,-деді ақпарат орталығының мамандары.

Ермак Сәлімов бұл кемшілікті байқап, коммуналдық мекеме қызметкерлеріне тұрғындармен жұмыс істеуді, оларға түсіндіруді тапсырды. Ауа райы мүмкіндік беріп тұрғанда, арықтарды тез арада тазалау керек. Рейд барысында тұрғындармен әңгімелескен қала әкімі жеке сектордың басым бөлігі күл-қоқыс қалдықтарын шығару бойынша келісімшарт жасамайтындығын анықтады. Содан қоқыстар бақшаларына жиналады. Осының салдарынан арықтар бітеліп жатыр. Әкім учаскелік инспекторларға бұл проблеманы ерекше бақылауға алып, күл-қоқыс қалдықтарын далаға тастайтын барлық тұрғындарға ескерту жасау керектігін айтты. Ермак Сәлімов биыл қардың көп түскенін атап өтті. Қар шығару жұмыстарын арттыру және қаладағы әрбір су тасқыны учаскесін бақылауда ұстау күн тәртібіндегі мәселе. Сонымен қатар, қала әкімі Мирный кентінде жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Былтыр су тасқынынан зардап шеккен осы Мирный кенті болатын.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button