Арықтар аршылып, арнасы кеңейді

Биыл көктемдегі су тасқыны Өскеменді біраз әлекке салғаны белгілі. Бұл жағдай келер жылы да қайталанбас үшін, ерте бастан қам қылған дұрыс.
Арналарды, арықтарды күл-қоқыстан тазартып қоймаса, қар басқан соң бәрі жайына қалмақ. Бүгін шығыстың бас шаһарының қар суына қалай дайындалып жатқандығын байқап қайттық.
Бражинский жылғасы – биыл көктемде арнасынан асып кеткен асау бұлақтың бірі. Аспай қайтсін, арнасы қоқысқа толған. Бір қапталы – қалың тоғай. Тоғай ішіндегі ағаштар қоқыс пакеттерінен «киім киіпті».
– Бражинский жылғасы Божов, Тәуелсіздік, Мостовой, Пограничный сынды үлкен көшелерді қиып өтіп, Ертіске барып құяды. Осы Мостовой көшесін қиып өтетін тұс қоқысқа толып қалған. Қарапайым тұрғындар да, жекеменшік ұйымдар да қалдықты жылғаға тастайды. Бір өкініштісі, оларға ескерту жасау біздің құзырымызда емес, сондықтан тазалауды ғана білеміз. Дәл қазір жылғаның Мостовой көшесіне дейінгі 500-600 метрін, көшеден кейінгі екі шақырымнан астам бөлігін қоқыстан тазартудамыз. Көріп тұрғандарыңыздай, арнаны бір-бір жарым метрге дейін тереңдетіп те жатырмыз, – деді «Өскемен-тәртіп» кәсіпорнының директоры Тамара Рахимжанова.
Махов жылғасы сонауАқтас жерінен басталып, қалаға Согра ықшамауданы тұсынан келіп енеді. Аяғын Үлбіге сарқады. Жылғаның жай-күйін білмекке барған қала әкімін көрген Скалистый көшесінің үш-төрт тұрғыны бермен қарай жүрді.
– Арна 16 жылдан бері тазартылған жоқ. Бізге ақша бөлгізіңіз, – деді Ольга Ивановна есімді жергілікті тұрғын.
Қала әкімі Жақсылық Омар жиналған тұрғындарға Өскемендегі барлық су тасу қаупі бар аймақты қамтамасыз ету үшін, бюджеттен 30 миллион теңге бөлгендігін, бұл ретте қала ішінде жұмыс басталып кеткендігін айтты.
Мамандардың айтуынша, Махов жылғасының Үлбіге құйғанға дейінгі, шамамен, бір шақырымдай бөлігін тазарту керек. Ол үшін тұрғындардың ауласына кіруге тура келеді, себебі жылға үйлердің ауласымен ағады.
Красин кентінде де тап осындай мәселе. Ондағы тұрғындардың да ауласына кіріп, арықтарды тазартып, тереңдету үшін, халықтың өзінен рұқсат алу керек.
– Көктемгі қарғын судың біраз шығын келтіргенін білесіздер. Осы Красин кентінің өзінде 40-тан астам үйді су басты. Енді келер жылғы су тасқынына дайындықты осы кезден бастап қойдық. Әуелі арналарды балшық, қоқыстан тазартамыз. Кеңейтеміз. Сосын қажетті көшелерге қосымша арналар саламыз. Негізгі жұмыс Красин, Ахмер, Меновной кенттері, Жібек маталар комбинаты, №22 ықшамаудандарда жүргізіледі. Бұл жұмыстар үшін қала әкімдігінен 30 миллион теңге қаражат бөлініп қойған болатын. Енді бүгінгі аралап шыққан нысандарды қарғын суға дайындау үшін, тағы да қосымша қаражат қарастырамыз. Шамамен, тағы да 30 миллиондай қаражат бөлінуі мүмкін, – деді Өскемен қаласы әкімдігінің бас инспекторы Қаныш Мұқажанов
Тасқын Болатұлы