Қоғам

Арыстандай жасқа үміт арттық

Арыстандай жасқа үміт арттық


– Әлем чемпионы болған шахматшы ұлдар елімізде саусақпен санарлық. Ерлер арасындағы бәсеке жоғары екенін содан білуге болады. Балам, Арыстан Есенжолов, былтыр Албания жерінде болған оқушылардың әлемдік жарысында жеңіске жетті. Жаңылмасам, ол – республикамыздан шыққан екінші чемпион, – дейді Сәуле Есенжолова.

Өскеменде 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында республика чемпионаты басталды. Облысымыздың атынан қатысып жатқан спортшылардың ішіндегі үміт жүгі көбірек артылғаны да – осы Арыстан.

– Шығыста шахмат спорты тоғызқұмалақ, дойбы сынды «ағайындарынан» енші алып, былтыр ғана жеке отау құрды. Аз уақыттың ішінде бәлендей жетістікке жеттік дей алмаймын. Алғашқы аламанымыз – біздің жерде бірінші рет өткелі отырған осы республикалық сайыс. Бұйырса, 21 спортшыны үкілеп қостық, – деді облыстық шахмат федерациясының президенті Әлібек Мақажанов.

Бас төреші Нұрлан Ибраев 13 облыстан келген команданың түгелінің сапында белді-белді шахматшылардың барын айтады. Солардың ішінде әлемдік додаларда қыздар арасында топ жарып жүрген қызылордалық Әсел Серікбай мен ұлдар бәсекесінде алғы шептен көрініп жүрген алматылық Рамазан Жалмаханов және семейлік Арыстан Есенжоловты жеке дара атап өтті ол. Осы чемпионатта жас спортшылар классика, рапид, блиц сынды шахматтың үш түрінен бақ сынамақ.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Чемпионат 26 наурызда түйінделеді.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button