Қоғам

Ғарышкер семейліктермен де кездесті

Ғарышкер семейліктермен де кездесті

Жақында ғана Елбасының қолынан Халық қаћарманы атағын алған қазақтың ғарышкер ұлы Айдын Айымбетовті семейліктер қуана қарсы алды. Семей қаласының Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінде өткен кездесуге Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов те қатысты.
Айдын Айымбетов ұйымдастырылған басқосу үшін алғыс білдіріп, осындай кездесулердің жастарға ерекше әсер қалдыратынына сенім білдірді.
– Ғарышқа ұшу сапарым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі және үлкен қолдауының арқасында жүзеге асырылды. Сапар барысында Қазақстанның кең көлемдегі ғылыми бағдарламасы аясында медико-биологиялық, физика-техникалық және психологиялық зерттеулер жүргізіліп, жоспарым мтолықтай орындалды. Қазір оның нәтижелерімен ғалымдар айналысуда, – деді ғарышкер Айдын Айымбетов. Сондай-ақ, ол жастар тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берді. Жиналғандар «Қазғарыш» агенттігі дайындаған, ғарышта жасалған зерттеулер жайында сұрап білді. «Халық қаћарманының» әңгімесіне тәнті болған жастарды, әсіресе, ғарышкердің бала кездегі арманы, отбасының оның мамандығына көзқарасы, ғарышта адам қандай сезімде болатындығы қатты қызықтырды. Жиын барысында Айдын Айымбетов:
– Алдарыңызға қандай мақсат қойсаңыздар да, орындаларына сеніңіздер. Сіздердің араларыңыздан білікті ғалым, өз ісінің білгір маманы шығатынына сенімдімін. Мамандықтың барлығы да маңызды. Қандай жолды таңдасаңыздар да, өз ісінің нағыз майталманы болыңыздар. Отанымыз – Қазақстанымыздың гүлденуі жолында сіздер де бар күш-жігерлеріңізді саласыздар деп үміттенемін, – деді.
Бұдан соң Айдын Айымбетов қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебіне келіп, оқушылар ћәм ұстаздар қауымымен жүздесу өткізді. Назарбаев зияткерлік мектебінің жас зерттеушілері ұсынған жоба жер серігінің жанармайын үнемдеу мәселесіне арналыпты. Бұл ретте өз жобасын сәтті қорғап шыққан 10-ыншы «с» сыныбының оқушысы Теңіз Ибраев ғарыш аппаратының ұшу траекториясын оңтайландыру және гравитациялық маневр жасау шаралары туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, ғарышкермен өткен кездесуде физика-математика ғылымын оқып жүрген 10-шы «д» сыныбының оқушылары Әділ Әбілов, Әлихан Көжебеков пен Сабыржан Стахан есімді ұландар қолдан жасалған Жер серігін Сатурн ғаламшары орбитасына шығару және оның сақинасын орбитаның әр нүктесінен түсіру туралы жобаларын таныстырды. Оқушылардың бұл виртуалды жобасы Томск қаласында өткен оқушылар мен студенттердің бүкілресейлік форумында «Ең үздік баяндама» номинациясын жеңіп алған екен.
Айдын Айымбетов өздерінің ғылымдағы соны жетістіктерімен бөліскені үшін алғыс білдіріп, болашақта ғарышты да меңгереміз деп отырған осынау білім ордасының оқушыларына сәт сапар тіледі.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button