Қоғам

Қарғын судың әлегі қайталанбасын десек

Қарғын судың әлегі қайталанбасын десек


Биылғы су тасқыны келешекте қайталанбас үшін Глубокое ауданының Белоусовка кентіндегі бөгетке су реттегіш орнатылып, Семейдегі Түйемойнақ аралының жан-жағы биіктетіледі. Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс әкімдігінің мәжілісінде осындай тапсырма берді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті де тасқынның алдын алу шараларын орын алған жайттарды ескере отырып, қайта пысықтаған екен. Биылғы жағдайдан кейін тасқын қаупі бар уческелер тізіміне тағы 20 нысан қосылса керек. Департамент басшысы Нұрлан Мадияров 2020 жылға дейін тасқынға қарсы шараларды күшейтуді көздейтін кешенді бағдарламаны таныстырды. Ішкі істер министрлігі бекіткен бағдарламада аталған мерзімге қарай саланың материалдық-базалық техникасын нығайту үшін екі миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетіні айтылған. Алайда аталмыш сома жергілікті бюджеттен алынады деп көрсетілген екен. Аймақ басшысы министрліктің бұл жөнінде жергілікті басшылықпен келіспей, бағдарламаны бекітіп жібергеніне таңданыс білдірді.

– Егер бұл мақсатқа қаржыны біз бөлетін болсақ, құжатты бекітпес бұрын келісу керек еді ғой. Қаржыны өзіміз бөледі екенбіз, бағдарламаны да өзіміз дайындаймыз. Ол құжат сіз ұсынған жобадан әлдеқайда тиімді болатынына сенімдімін, – деді әкім.

Даниал Ахметов тасқынның алдын алуға биылдың өзінде 500 млн теңге бөлінетінін айта келе, арнайы комиссия екі айдың ішінде қалыптасқан жағдайға терең талдау жасайтынын жеткізді.

– Екі айдың ішінде кеткен кемшіліктер мен қолға алынуы тиіс шаралар нақтыланады. Мысалы, Белоусовкадағы дамбының су реттегіші жоқ болғандықтан, Глубоке кенті қарғын судың ортасында қалған. Ал құзырлы орган өкілдері мен аудан әкімдігі мұны ескермеген. Бұл кешенді бағдарлама түгелдей облыс бюджетінен қаржыландырылатындықтан, өз талғамымыз бойынша қайта жасаймыз. Оның ішіне Белоусовка кентіндегі бөгетке су реттегіш орнату, Семей қаласындағы Түйемойнақ аралының жан-жағын биіктету сияқты нақты шаралар енуі тиіс, – деді әкім.

Мұзға мұқият болайық

Биылғы тасқынның үдеуіне мұз кептелістерінің де себепкер болғаны айтылды. Қателік қайталанбас үшін өзен-көлдердің бетіндегі мұздың қалыңдығын қадағалайтын мониторинг жұмыстарын жетілдіріп, кептелістерді алдын ала болжау жүйесін құру ұсынылды.

– Ертістің бетіне қатқан мұз да елді көп әуреге салды. Биылғыдай мұз жару жұмыстарын кептеліс болған кезде ғана жүргізбей, алдын ала ұйымдастыру қажет. Дәл осындай шаралар Зырян, Шемонайха, Катонқарағай, Бесқарағай аудандарында да қолға алынсын, – деді Даниал Ахметов. Сонымен қатар облыс басшысы тасқын болған аудандардың әкімдеріне апаттың салдарын жоюға тартылған мердігер ұйымдардың қызмет ақысын уақтылы төлеу керектігін ескертті.

Облыс бюджетінен биыл бөлінетін 500 млн теңгенің негізгі бөлігіне моторлы су сорғылар алынатын болды.

– Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 500 млн теңге бөлуді тапсырамын. Ол қаражатқа бірінші кезекте жылжымалы су сорғыш аппараттар алынуы керек. Оның төрт данасы сағатына 720 текше метр су соратын қуатты аппарат болуы тиіс. Қалған 193 млн теңге өрт сөндіру қызметін жабдықтауға жұмсалады. Біз өз тарапымыздан қаржы бөлуді жалғастырамыз. Бірақ облысқа алақан жая бермей, министрлік арқылы да қаржы көздерін іздеу қажет. Өңірдегі жағдайдың қандай екенін Үкімет басшысының алдында да көтердік. Басқаны қойып, ең қажет деген гидрокостюмдердің өзі жеткіліксіз. Қолда бар костюмдерді аудандарға бөлсек, әр ауданға екі киімнен келеді екен, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолға алынған шаралардың нәтижесі де талқыланған болатын. Ол жайында ақпарат берген кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбеков саланы қолдауға бөлінетін субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің мөлшерін нақты айта алмай, ескерту естіді.

– Шағын және орта бизнес нысандарына қай бағдарлама арқылы қанша қаржы бөлетіндеріңізді әлі білмей жүрсіздер. Өткенде нақтылауды тапсырған едік, сол қалпы. Біресе өткен жылдан қалған қаржыны қосып айтасыздар, біресе ол туралы мүлде ұмытып кетесіздер. Осыдан кейін жұмыс қайдан жүрсін, – деді Даниал Ахметов. Әкімнің айтуынша, аудан, қала әкімдері өз аумағында неше жоба жүзеге асып жатқанынан бейхабар көрінеді. Ол бұл істе өзгелерді Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтен үлгі алуға шақырды.

– Мемлекеттің қолдауын тиісті салаға тиімді бағыттап, жеке тұрғын үй құрылысын бір ғана компания арқылы жүзеге асырып жатқан Семей қаласынан үлгі алу керек. Бұл жұмысты жандандыру үшін шаһарға тағы 500 млн теңге бөлуге болады, – деді ол.

Мәжілісте бұлардан бөлек үштілді білім берудің жай-күйі, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастырудың кешенді жоспары және көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы талқыланды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button