Қоғам

Қарғын судан қауіп бар ма?

Қарғын судан қауіп бар ма?
Биыл облысымызға қалыпты мөлшерден екі есе көп қар түскен екен. Әсіресе, Зырян, Катонқарағай аудандарының таулы ауылдары мен Ертіске жақын жатқан Көкпекті, Тарбағатай, Зайсан, Күршім аудандары тиісті қызметтердің жіті назарына ілігіп отыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қыс ортасынан аумай-ақ өңірдегі 110 елді мекенді су басу қаупі бар деген хабар таратты. Қардың қалың түсуі Шығыс жұрты үшін таңсық емес, әрине. Алайда, қарашаның басында түскен аяз жерді тоң ғып қатырып тастаған болатын. Осы тоңның кесірі көктемде тиюі мүмкін. Өйткені, күз жылы болған жылдары жер тез жібіп, қар қанша қалың жауса да, астынан бастап сіңе еритін. Ал биыл еріген қардың бәрі тоңның бетімен көшетін түрі бар. Әсіресе, түнгі уақытта ауа температурасы плюсті көрсетсе, су жайылу қаупі күшейеді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, далалы өлкелерде қар мөлшерінің қалыптан асуы 35-тен 126 пайызға дейін жетеді. Таулы аймақтарда да осыған ұқсас жағдай тіркеліп отыр. Мұншама қар күн райы күрт жылынған жағдайда 110 елді мекенді қарғын судың құрсауында қалдыруы мүмкін. Мәселені барынша бақылауда ұстау үшін облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов бастаған арнайы топ жұмыс істеуде. Қандай да бір жағдайда қапы қалмас үшін осы топ тасқынға қарсы іс-шаралар жоспарын бекіткен. Сол жоспарға сай 41 гидрологиялық бекетте үздіксіз күзет жүргізілмек. Бұл күзеттер әсіресе, ірі су қоймаларындағы жағдайды бақылауда ұстауы тиіс. Әзірге бөгендердегі ылғал мөлшері шекті межеден төмен. Дегенмен, соңғы деректер Бұқтырма су қоймасы қазірдің өзінде 85 пайызға, Өскемен бөгені 97 пайызға, Шүлбі су қоймасы 86 пайызға толғанын көрсетіп отыр.
Жаман айтпай, жақсы жоқ, қазірдің өзінде шұғыл әрекет етуге 1500 адам, 370 техника, 45 жүзу құралы дайын тұр. Жоғарыда аталған аудандардың тұрғындарын шұғыл топтастыруға ыңғайлы 260 арнайы орын анықталыпты. Құтқару жасақтары 600 адамдық шатырлы лагерьмен жабдықталған. Бүгінде тізімге ілінген елді мекендердің барлығында қардан аршу жұмыстары жанданды. Барлық көпірлер мен суағарлар, арықтар мен арналар мұз құрсауынан тазартылуда.
Қарғын су облыс орталығындағы жеке сектордың берекесін де алуы мүмкін. Өйткені, қалаға жауған қардың көлемі былтырғыдан
әлдеқайда көп. Ақпанның ортасына дейін ғана шаһар көшелерінен 284 мың текше метр қар сыртқа шығарылыпты. Қалалық төтенше жағдай қызметкерлері қазірден бастап сақтық шараларын қолға алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
-Өскеменде 4000-нан астам тұрғыны бар 1927 үй қар суынан зардап шегуі мүмкін. Ол үйлер Городская, Кубинская, Рахмановская, Узбекская, Депутаттар, Кутяков, Якутская, Сафонов, Комаров, Заводская, Рабочая, Пограничная, Горно-Алтайская, Скалистая, Дружинников, Юннатов, Согринская, Яблоневая көшелері мен Ахмер кентінің жекелеген аудандарында орналасқан, – дейді азаматтық қорғаныс бөлімшесінің басшысы Валентин Литвиненко.
Ал Камчатская, Братская, Бакинская көшелері қар мен мұздан тазартылып, Безымянный өзенінің арнасы қоқыс пен мұздан аршылған. Аблакетка кентінің Южно-Аульская көшесінде, Ульбинская кентінің Соловьиная көшесінде, Красин кентінің Пушкин, Амангелді, Линейная, Высоковольтная көшелерінде қар шығару жұмыстары әлі жалғасуда.
Қарғын судан қауіп бар ма?
Мамандар наурыздың аяғы мен сәуірдің басында қарғын су қаһарына мінетінін болжап отыр. Соған қарамастан, мердігер ұйымдар жағалауларды бекемдеп, құм себуге әлден әзірленіп жатыр. Көктем туа өрт сөндірушілер мен құтқарушылардан, жергілікті полиция қызметі мен №5518 әскери бөлімінен, өзін-өзі басқару комитеттерінен жасақталған жедел оперативтік топ құрылмақ. Оларға «Өскемен-Водоканал» мекемесінің техникасы көмекке келетін болады.
-Топқа енген әрбір қызметкер өзіне бекітілген учаскені бақылауда ұстап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Солайша, әр учаскенің қауіпсіздігі бекітілген адамның мойнына жүктеледі, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі.
Биыл тиісті қызметтердің барлығы көктемгі қар еру маусымына дайындықты ерте бастады. Яғни, адам қолынан келетін алдын алу жұмыстарының бәрі өз деңгейінде ұйымдастырылды. Ендігі мәселе көктемгі күн райының қалай құбылатынында. «Қазгидромет» кәсіпорны соңғы бес жылда облыс аумағындағы қар қоры қалыптан артық жиналғанын айтады.
-Соңғы бес жыл көлемінде облыс аумағында қар қоры қалыпты жағдайдан едәуір асты. 23 ақпан күнгі мәлімет бойынша, 2016-2017 жылдардың қысқы кезеңінде қар қалыпты жағдайдан 50-70 пайызға артық жиналды. Ал ірі өзендердің арнасына толуы осы қыста жиналған қар қорына байланысты, – дейді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Медет Еркінбеков.
Астана қаласындағы ұзақ мерзімді болжау бөлімінің наурыз айына алдын ала болжамы бойынша аймақтағы орташа ауа температурасы қалыпты нормадан 1°C-қа жоғары болуы ықтимал. Ал бір ай бойындағы жауын-шашын мөлшері таулы және тауға жақын аймақтарда қалыпты межеден көбірек болжануда. Қалған аумақта шамамен қалыпты жағдай күтіліп отыр. Наурыздың бірінші жартысында кей жерлерде қар, бұрқасын, ал екінші жартысында жауын-шашын болуы ықтимал.
Демек, тиісті қызметтердің жұмысы наурыз айында бүгінгіден қыза түседі деген сөз. «Сақтансаң – ғана сақтайды» деген қағидаға сүйенер болсақ, жоғары аталған елді мекен тұрғындарына да қамсыз отыруға болмайды. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға ауласындағы суағарларды алдын ала аршып, арық-арналарға күл-қоқыс төкпеу қажеттігін ескертіп отыр. Үйдің маңайын қардан ұдайы тазалап, мүмкіндік болса, жайылған суға тосқауыл болатын себінді материал әзірлеп қоюға кеңес береді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button