Қарымды қаламгер қанатттанып қайтты
Катонқарағайда ауданның Құрметті азаматы, ақын, журналист, баспагер, оннан астам жыр жинақтары мен шежіре, көркем шығармалардың авторы, бұдан 17 жыл бұрын Астанаға қоныс аударып, шығармашылығын ұштай түскен Қайырды Назырбаевтың 70 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті.
Қаламгердің мерейтойын атап өтуге Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті прозашы Әлібек Асқаров, Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағаттар комитетінің баспа бағдарламалары басқармасының бастығы Нұрасыл Тоғызбаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, Катонқарағай және Глубокое аудандарының әкімдері Ахметқали Нұрғожин, Қалихан Байғонысов, облыстың түрлі салаларында қызмет ететін азаматтар келді.
Катонқарағай ауылындағы Мәдениет үйінің алды тұрғындарға лық толды. Мәдениет үйінің ішіне енген халық «Катонқарағайдан ұшқан қаламгерлер» атты кітап көрмесін тамашалады. Ауданнан шыққан үш бірдей Мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, жергілікті ақын-жазушылар Нұрбай Ақтанов, Төлеген Рахымжанов, Жәнібек Қызыр, Әлібек Қаңтарбаевтың, тағы басқа катонқарағайлық ақын-жазушылардың кітаптарын жиналғандар қызыға тамашалап жатты.
Қаламгердің мерейтойына арналған салтанатты жиын тізгінін Әлібек Асқаров қолға алды. «Қадырлы жерлестерім, – деп бастады сөзін жазушы. Елді алыста жүрген соң сағынамыз, жылына әрі кеткенде бір рет келетін шығармыз. Ал Қайырды ағамыз осында болды, аудандық газетті ұзақ жылдар басқарды. Ең ауыр жұмыс – аудандық газетте қызмет ету. Анау отырған Жәнібек Қызыр, мына Қайырдының ауданға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 17 жыл бұрын Астанаға барған Қайырды «Елорда» мемлекеттік баспасында бас редактор, сосын «Аударма» баспасының директоры қызметін атқарды. Айта кету керек, «Аударма» баспасы «Әлем әдебиеті» деген тақырыппен 100 томдықты жарыққа шығарды. Қазір өзі ашып алған «Нұра Астана» баспасының жұмысын дөңгелентіп, классик, жергілікті қаламгерлердің кітаптарын шығаруда. Қайырдының баспасынан шыққан көркем де әдемі, сапасы жоғары кітапты бүгін тамашалайсыздар. Ол өзінің жарық көрген «Өмір өтіп барады», «Катанқарағай қаламгерлері» атты қос жинағының тұсаукесер рәсімін көз алдарыңызда жасайды».
Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин Қайырды ағасын құттықтап, ақжарма тілегін білдіріп, мерейтой иесіне ата салтымен иығына шапан жауып, тұлпар сыйлады.
Нұрасыл Тоғызбаев Қайырды Назырбаев басқаратын баспадан соңғы жылдары ел қызыға оқитын шығармалардың жарық көріп жатқанын тілге тиек етті. Ол мерейтой иесін министрліктің Алғыс хатымен марапаттады. Бұдан кейін сахна төріне талантты ақын, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан шығып, ақжарма тілегін жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының құттықтау хатын оқып берді. Глубокое ауданының әкімі, мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Ал «Өскемен-құрылыс» ЖШС басшысы Ержан Сқақов Қайырдының жазған мақалаларының өткір, өміршең болатынын, сондықтан қызыға оқитынын айтты. Ержан Қайырды ағасына құлынды биенің қаржысын тарту етті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, ақын, прозаик Әлібек Қаңтарбаев, ақын Бақытжан Райысова, Ақтан Нұрбаевтың қызы Гүлнәр Нұрбаева, Қайырдының досы, журналист Жәнібек Қызыр жылы лебіз білдірді. Салтанатты жиын барысында Қайырдының «Таудағы таңба» кітабынан, басқа да шығармаларынан мектеп оқушылары Айдана Мәлғаждарова, Меруерт Қадылханова өлеңдер оқыды, Жергілікті әншілер өнер көрсетті.
Берелдегі Сақтар патшасының мүрдесін тапқан, атақты археолог Зейнолла Самашев көпшілік біле бермейтін тарихи мағлұматты айтқан кезде, еріксіз таңғалдық.
-Қайырды құрдасымды мерейтойымен құттықтай отырып, тек сізге ғана емес, осы өңірдің жазушыларына мынадай ұсыныс жасасам деймін. Мен 19 жыл бойы осы өңірде қазба жұмыстарын жүргіздім. Бұдан екі жарым мың жыл бұрынғы Қаратай елінің тарихы жөнінде шығармалар жазып, 100, тіпті, 200 серия болатын тарихи-деректі фильмдер түсірсек, халықтың алғысын арқалар едік. Берел патшасы біздің дәуірге дейінгі ІІІ ғасырда, яғни 297 жылы өмір сүрген. Бұл кезде көрші Қытайдың 50 тайпасы бір-бірімен қырық-пышақ болып, билік үшін соғысып жатқан. Мына қызықты қараңыз, Си-шин-хуань басқарған армия жауынгерлерінің аттарынан қазақтың ою-өрнегі бар ер-тұрман табылған. Демек, Берел патшасы Қытай империясын құруға қатысқан болып шыққаны ғой. Сиань қаласындағы балшықтан жасалған тұлпарлардың ер-тұрманы да осы жақтікі болып шықты. Міне, осы тарихты жаңғыртуға үлес қоссаңыздар екен.
Қайырды кеш соңында әсерлі кеш сыйлаған аудан басшылығына, жерлестеріне алғысын айтты.
Салтанатты жиыннан соң Қайырдының отбасы мерекелік дастарқан жайды. Ол жерде бірге оқыған сыныптас достары ақжарма тілектерін айтты. Бұдан кейін келген қонақтарды Катонқарағай ұлттық табиғат паркінің директоры Ерлан Мұстафин қабылдап, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Ертеңінде Берел табиғи-қорық-мұражайында болды. Тарбағатай жотасына шығып, Солдатқұлаған, Бұрқат асуының көрікті жерлерін тамашалады. Сергек те сезімтал қаламгердің мерейтойы жұрт есінде қалатындай әсерлі өтті.
Оңдасын Елубай
Катонқарағай ауданы.