Руханият

Арғымаққа келгенде арқаланып кететін ақын

Арғымаққа келгенде арқаланып кететін ақын

Біздің елде ұзақ жылдар лауазымды қызмет атқарып, ат үстінде жүрген шағында қараға да, төреге де сөзі өтімді бір ағамыз болды. Бәлкім, қызметтің буы болар, жарықтықтың мінезі адуын еді. Әлденеге ашуланып, кәріне мінсе, тіптен бет қаратпай кететін. Сол ағамыздың «Менің ана жерде, мына жерде қызметте отырған достарым көп» деп мақтанып отырғанын бала болсақ та, құлағымыз шалып қалатын.

АЯДАЙ ҒАНА АЙ АТЫН АЙҒА ШЫҒАРҒАН ПЕРЗЕНТ

Таңғаларлығы, сол ағамыздың абыройы да, әлгі өзі айта беретін көп достары да қызметінен босаған бойда сырт айналып шыға келді. Тіпті, дүниеден өткенінде жаназасына жиналған қарақұрым жұртты да, қимастықпен жылап-сықтаған тамыр-таныстарын да көре алмай, қайран қалғанымыз бар. Себебін сұрағанымда: «Е-е, балам! Атаң қазақ «Бір дос бар – кеудеңнен жан шыққанша, бір дос бар – қораңнан мал шыққанша» деген. Билік кімнің қолында болса, байлық та, бұйрық та соның жағында. Ондайлардың дәурені жүріп тұрғанда сойылын соғушылары да, жыртысын жыртып, оңтайлы жерде жағынып қалушылары да көп болады. Бірақ, әлгінің басынан бағы тайған күні-ақ, жанында жүрген қулардың бірі де қалмайды – деген әке сөзі санамда жатталып қалыпты.
Содан да болар, кейде «досым көп» деп лепіре сөйлейтін қайсыбіреулерге күмәнмен қарайтыным бар. Олай дейтінім, осы күнге дейін небір жасанды, аз ғана күндік баянсыз достықтың куәсі болдық. Талай үміттің желге, қаншама сенімдердің селге кеткенін де көрдік. Көре жүріп өзімізше ой түйдік. Белгілі бір байламға да келдік дегендей. Сондықтан өз басым, досым көп деп шалқаюдан да, қасым жоқ деп марқаюдан да аулақпын. Аттарын атап, түстерін түстеуден жаңылып жүрмесем де, саусақпен санарлық достарым бар. Санаулы болса да, саналы. Серттеріне берік, сенімге селкеу түсірмейтін азаматтар. Менің мынау жалғандағы мақтанышым да, абыройымды асқақтатып тұратын айбыным мен айдыным да осы достарым.

Жылқышы да болды, кірпіш те құйды

Сондай сенімді достарымның бірі – семейлік Қайрат Сабырбаев ердің жасы 50-дің албарына ат байламақ. «Ұзақ өмір не керек, көрген-білген болмаса» дегенді бабаларымыз текке айта салмаса керек. Әйтпесе, 70-тің желкесіне, 80-нің сеңгіріне шықса да аузына қараған ұрпағына дарытып айтпақ түгілі, жарытып айтары жоқ «ақсақалдарымыз» аз ба? Мұндайда атам қазақ «Жасында байқары жоқтың, жасы ұлғайғанда айтары жоқ» деген. Осы бір сүйектен өтер суық сөздің еңселі 50-ге еңсесін тік ұстап, замандастары мен әріптестері алдында жүзін төмен салмай, абыроймен келіп жатқан менің досым Қайратқа қатысы жоқтығы мерейімді үстем етеді.
Еңбек жолын Аягөз ауданына қарасты, өзі туып-өскен аядай ғана Ай ауылында жылқышы болып бастаған балаң жігіт кейін Семейдегі «Силикат» зауытында біраз жыл кірпіш те құйды. Зауыттың сол тұстағы президенті, облыстық мәслихат депутаты болған үлкен жүректі азамат Борис Адияновпен таныстығымыздың өзі бір бөлек әрі қызық әңгіме. Ұлты бөлек, тілі мен діні басқа болса да Борис Тимофеевичтей азаматтар өте сирек. Кісі танитындығы болар, ол Қайраттың өзін де, өнерін де өте жоғары бағалады. Осы күнге дейін солай. Жаңылмасам, ақынның 2006 жылы шыққан «Нартолқын» атты тұңғыш жыр жинағының шығуына да дәнекер болды-ау деймін.
Кітап демекші, досымның осы кітабына: «Ақынның туып-өскен ауылынан бастап, қала мен даланы, ескі мен жаңаны, жақсы мен жаманды, қала берді бүгінгі бет-пердесі өзгермелі заман құбылысын өзіндік өрнекпен оқырманға оюлап ұсынуы, кең даланың төсінде керіліп аққан көк өзенді көз алдыңа әкелгендей» деп пікір білдірген едім. Сол өзен бүгін арнасын кеңейтіп, екпінін үдете түскен. Жал-жал толқындар арасынан жарқ ете қалатын жасын теңеулер мен бастауын әріден алатын пәлсапа ойлар көзге бірден шалынады. Ол өзеннің әуелден алған негізгі бағыты – «Халық» атты ұлы мұхит болатын. Бағытынан аумапты.

Жазуға әбден төселген қаламгер

Арғымаққа келгенде арқаланып кететін ақын

Қайраттың жазба поэзия мен айтыс өнеріндегі бағындырған биіктері бір төбе екендігін тізбелемей-ақ қойғанның өзінде, ол – жазуға әбден төселген, қаламы қарымды журналист. Облыс жұртшылығына танымал «Семей таңы», «Ертіс өңірі» газеттерінде тілші, редактор болып қызмет еткен жылдары Қайраттың қаламынан туындаған көптеген тағылымды, танымды дүниелеріне аталмыш газет оқырмандары куә. Оның бойындағы ерекше қасиеттерінің бірі – не нәрсеге болмасын аса жауапкершілікпен қарайтындығы. Әлдекімге уәде беріп, ертеңгісін «Ой-бүу, ұмытып кетіппін немесе қолым тимей қалды» деген секілді мың сылтаудан тұратын салғырттық оның табиғатына жат. Айтқанын орындағанша жанына тыныштық бермейді.
Біздің алғаш танысқанымызға, сол таныстығымыздың жылдар өте үлкен достыққа ұласқанына биыл ширек ғасыр болыпты. Ол кез – біз қатарластардың «Сырдың суы сирағымыздан келмей» алаулатып, жалаулатып жүрген әйгілі «Жиырма бес» дейтін қайталанбас кезеңі болатын.
90-шы жылдың мамыр айында Павлодарда ақындардың облыстық айтысы өтетін болды. Қазақы тілдің қаймағы бұзыла қоймаған оңтүстік өңірлермен салыстырғанда, дәл сол тұста Павлодар облысында, әсіресе суырыпсалма ақындар қарасы өте сирек еді. Десе де, ойдан-қырдан жиылған он шақты ақын өзара жұптасып, қал-қадірімізше айтыс көрігін қыздырып жатқанбыз. Ақындардың көпшілігі аудандардан келген, жергілікті халыққа шамалы болсын танылып қалған өнерпаздар болатын. Жүргізуші сахнаға ақындардың кезекті жұбын шақырғанда жиналғандар, «Бұл кім болды екен?» дегендей, елең ете қалды. Ортаға қос ақынның бірі боп, сұңғақ бойлы, кең маңдайлы бұйрабас жігіт шықты. Қайсыбіреулер құсап көпшіліктің алдында қарадай абдырап, етегіне сүрініп-қабынып жүрген жоқ. Өзі де, сөзі де ширақ.
Алғашқы кезегінен-ақ көрермен қауымды дүр сілкінте жөнелген Красноармейка ауылшаруашылық техникумының студенті сол кездері шешімін таппай ақсап жатқан тіл, балабақша, ұлттық тәрбие, тағы басқа да қоғамдағы өзекті мәселелерді шымыр да, шыншыл жырларымен келістіре жырлады. Осы айтыста бұрын-соңды керекулік жырсүйер жұртшылыққа есімі беймәлім студент ақынның жүлдегерлер қатарынан ойып тұрып орын алғаны әлі есімде. Осы айтыстан соң Қайрат екеуіміз жақынырақ таныстық. Мінезі біртоға, байыппен сөйлейтін байсалды жігіт екен. Жолыққан жерде өлең мен өнер хақында, жеке шығармашылығымыз бен үй ішіміз жайында бүкпесіз пікір алмасу әдетімізге айналды. Кейін екеуіміз Семейдегі Шәкерім атындағы педагогикалық институт қабырғасында білім алып жүрген жылдары да осы қарым-қатынасымыз үзілген емес.
Қаршадайынан жылқы малын қастерлеп өскендігі болар, Қайраттың сүйікті тақырыптарының бірі – төрт түліктің төресі жылқы. Оның шығармаларына көз жүгірткен адам ақынның «Қозыкүрең», «Зекенқара», «Жылқышы жыры», «Сәйгүліктер», «Асау мінген қыз» сынды жылқы баласына арналған өлеңдерін тұщынып оқыры сөзсіз. Жүзден жүйрік шыққан сәйгүліктер мен бір өзі бірнеше үйірді ит-құстан аман алып қалатын тұқымы сирек, текті айғырлар тақырыбына сөз қозғалса тіптен арқаланып кетеді. Әңгіме тиегін ағытқан сондай кештерде жылқы малының тазалығы мен ақылдылығы, жүйріктігі мен нәзіктігі, иесіне деген адалдығы мен жануардың бабы жайында таңға дейін отырып талай әңгімелеп берген.
Кей кездері әлдебір шаруалармен Семейде болып, үйіне соқпай кетсем, досым ренжіп қалады. Сондықтан шамам келгенше онда барғанымды хабарлап, жарияға жар сала бермеймін. Бармайын демейсің, онсыз да қызметте жүрген адамдарды орынсыз мазалағың келмейді. Әйтпесе, Қайраттың шаңырағында үй ішіммен де, сапарлас достармен де сан мәрте болып, Жанар келіннің адал асынан талай мәрте дәм татып, төрінде аунап-қунап жатқанбыз.
– Алдынан аққу ұшып, қаз қаңқылдар,
Жігіттің жақсы болса алған жары – дегендей, күн барсаң да, түн барсаң да күлімсіреп қана қарсы алатын Жанар келіннің қашан да, қабағына табағы сай. Өнегелі әулеттен тәлім-тәрбие алғандығы андағайлап тұрады. Досым анда-санда телефон арқылы хабарласқанда: «Келінің екеуіміз отырмыз баяғы, бір-бірімізге қарап» деп қалжыңдап қоятыны бар. Енді қайтеді, бір-біріне қарамай. Бұл күндері балалар ер жеткен. Қазір тұңғыш перзенттері Зәузат та, ұлдары Заңғар да Астанада. Білім алып жатыр. Ұл-қыздарының сөйлеген сөзі мен жүріс-тұрысына, инабаты мен ибасына қарап, Қайрат пен Жанардың бала тәрбиесі мәселесінде де қапы қалмағандарын аңғару қиын емес. Ылайым солардың қызығына тоймаңдар.
Қайрат өзінің «Өмір – Безбен» дейтін өлеңін:
– Болмасаң бір дүмбілез дойыр адам,
Кірмей әсте тұра ма, ойыңа алаң.
Түйсігіңе төзімің тіреу болсын,
Мұратына жетеді мойымаған – деп түйіндеген екен.
Ақын досымды еңселі 50-імен құттықтай отырып, «осы уақытқа дейін тірліктен қандай кедергі, нендей қиыншылықтар көрсең де, мойымаған ердің бірі өзің едің. Болашақта да тағдырдың сынақтарына иілсе де, сынбайтын емендей берік боп, мұратыңа жете бер» дегім келеді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button