Арғымақ тектес қазағым, айыл тартар кез келді…

Қазақ қоғамын дүр сілкінткен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – арғы тегімізден бастау алатын мәдениетіміздегі әр алуан құндылықтарды әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат болғандығы шындық. Осы мақала жарық көрісімен-ақ ел арасында ұлттық дәстүрге деген ұлы қозғалыс басталып кетті. Қарап отырсаңыз, осы «Ұлы даланың жеті қыры¬ның» кез келгені – қазақ елі¬нің өміріндегі ерекше мұра.
Осыған байланысты аудандық Мәдениет үйінде өткен «Арғымақ тектес қазағым, айыл тартар кез келді…» тақырыбындағы тарихи-танымдық пікір алаңына ауылдың ақсақалдары мен апалары, жылқы десе жанын беретін атбегілер, мектептердің мұғалімдері аса бір қызығушылықпен қатысты.
Жылқының жоғын жоқтаған келелі жиынға сонау Үржардан текше табанды тұғырына қыран бүркітін қондырып, Шығыс-Алтай бүркітшілер федерациясының президенті, Қазақстанның асау үйретуден абсолютті чемпионы, 2017 жылы республикалық бүркітшілер сайысының «Алтын тұғыр» иегері Тәттімбет Кәпұлы мен Аягөзден асау үйретуден бас төреші Ерзат Байқадамов сынды сайыпқырандардың келе қалмасы бар ма! Күлтөбенің басына жиналған жұртқа қасқыр ішігін жамылып, саптама етігін қайқайта киіп, ер қазақ туралы жырларын бірінен соң, бірін селдетіп өте шыққан Тәттімбеттің болмысы арғы ғасырлар қазағы тіріліп келіп қалғандай әсер қалдырды.
«Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, жігіттің бұған құмар өнерпазы» деп әуелете шырқаған танымал дәстүрлі әнші Төлеген Шәкәрімов шырқаған Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні» де жүрек елжіретті. Кезінде республикада алдына қара салмаған ,аты аңызға айналып, жырға өзек болған Еркежирендей сәйгүліктің құрметіне атбегі Қайрат Әбуғазы орындаған «Еркежирен» әнін тыңдаған қауым жүйрікті күрсіне отырып еске алды.
Әлқиса, ұлттық болмысымызды сақтайық дейміз. Ұлы елміз дейміз. Енді айтыңызшы!? Кеше ел басына күн туғанда, атқа қонып, қар төсеніп, мұз жастанып, етігімен су кешкен батыр-баһадүрлердің ұрпағы – бүгінгі қазақтың болмысы қандай? Бойлап көріңіз, ойланып көріңіз. Ұлы Дала елінің тарихы бүй дейді: Аруақтанып «Абылайлап» жауға шапқан Сабалақ Төле бидің жылқысын бағып, ел көзіне түскенде он үш-ақ жаста болатын. Ал атақты «Аңырақай» шайқасында қалың жауды қайтарғанда он сегіз жаста болды. Бүгінгінің балалары ше, тіпті кейбір үлкендеріміз де атқа мінбек түгілі, ат ерттеуді біле ме?! Ұлтымыз қазақ, бірақ болмысымыз ше?
Алайда бұл өткеннің еншісінде қалғандай. Олай болмағанда ше?! Төрт түліктің ішіндегі тектісі деп, шаруаға ептісі деп қасиетті жануар санайтын жылқымыздың өзі қазір біреуде бар, біреуде жоқ. Осының өзінен дәстүрдің ауылынан алыстап бара жатқанымызды байқатады. Бұрынғы ойын баласы жас шыбықты бұтына қысып, ат қылып мініп құлындай шұрқырап, кісінеп ойнайтын. Бүгінгі балалар айфон құшақтап, тұнжырап үйінде отырады. Міне, бойында тектілік тулаған қазақтың бүгінгі ұрпағы тай мінбейді. Ат ерттеудің қыр-сырына қанық емес.
Тарихи-танымдық пікір алысуда жылқы жайында көптеген салмақты мақалалары жарық көрген аудандық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы М.Сахариев желден жүйрік сәйгүліктер тарихынан ұлағатты әңгіме шертіп, өңір тарихындағы Қабанбай батырға серік болған Қубас атқа ескерткіш тұрғызу ел азаматтарына сын екендігін, жылқыны қастерлеген қазақ үшін парыз екендігін еске салды. Атбегі Аят Ербаевтың: «Ат спортында көкпар, аударыспақ, ат омы¬рау¬ластыру, ат үстіндегі тартыс, жам¬бы ату, қыз қуу, теңге ілу, сал¬ма ілу сияқты ойындар жылқы¬ның да, оған мінген жігіттің де мық¬тылығын анықтаған. Қазір бәйгеден басқа ойындарымыз кенжелеп қалды. Жылқының жүй¬ріктігін сынайтын тай жарыс, құнан бәйге, аламан бәйге, жор-ға жарыс сияқты бәйге түрлері халқымызбен бірге жасасып келеді. Жас ұрпақты атқа міну мәдениетіне тартамыз десек, осыны қайта жандандыру керек. Өзім ауруымнан осы жылқының арқасында айықтым», – дегені көпшілікке ой салды.
Ежелден жылқыны малдың патшасы санап, кыстың көзі қырауда саумал ішіп отыратын Мейрам Оралов ағамыз жүйрікті тани білетін Күреңбай сыншыдай атбегілер азайғанын тілге тиек етті. Қанат Оразғалиев немересіне тай сатып алатынын, №2 Ақсуат орта мектебі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары А.Сұлтанбекова жақында ғана атқа міну мәдениетіне байланысты осы тектес мазмұндағы іс-шара өткізіп, балалар тайға мінгенін, қамшы өру, таспа тілу сияқты дәстүрге арналған шараға балалар тіптен қызығушылықпен қатысқанын баяндады.
Ал «Еркежирен» ат спорты федерациясының төрағасы Саят Садуанов: «Ауданда ат спорты түрлерін дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Шынын айтқанда, енді бізге намыс, нақты әрекет керек, бұқаралық ат спортын дамытамыз десек, Ақсуаттың шетінен қаладағы секілді ипподром ашайық. Жылқының асыл тұқымдарының санын көбейту қажет. Сапасы жоғары жаңа қолтұқымдарды асылдандыру шараларына ерекше назар аударылуы тиіс. Әрбір үйдегі ер-азаматтар балаларына тайдың құнындай қымбат телефон әпергенше, тай сатып берсін. Қала берді атқа мінгізу тәрбиесін мектеп бағдарламасына енгізу керек», – деген маңызды пікірлерін ортаға салды.
Жылқы – қазақтың рух қамшысы, жылқы – ұлтымыздың жігер қайрағы десек те жаңылмаймыз. Сонымен, біздің аттан алыстауымызға заманауи технология кінәлі ме? Ат мінгеннің жарыстардың денсаулығына пайдасы зор. Кейінгі кезде мешел адам сияқты жауырыны қушық, кеуде сүйегі шығып кеткен жастардың көбеюі алаңдатады. Мәселен, былтыр жылы әскерге шақырылған 745 жастың 128-і ғана жарамды болып шыққан.
Жылқы туралы әңгіме жұртшылықтың қолайына жаққаны соншалық, алдағы Ұлыстың Ұлы күні Мұқан аға бастатқан бір тоғыз ақсақалдарымыз 100 баланы шұрқыратып тайға мінгіземіз десіп бәтуаласты.
Шәкен Көпшікбаева
Тарбағатай ауданы.