Қоғам

Қаруды қараусыз қалдырып, қапы қалды

Қаруды қараусыз қалдырып, қапы қалды


Тарбағатай ауданының №2 аудандық соты жуырда атыс қаруын ұқыпсыз сақтауға қатысты бір қылмыстық істі қарады. Оқиға былай болған.

Сотталушы Болат Нұғыманов 2015 жылы аудандық ішкі істер бөлімінен ИЖ-43 маркалы мылтығын 2020 жылға дейін сақтау және алып жүру құқығына рұқсат алып, қаруды Ақжарға қарасты Ақши қыстағында сақтаған.

Алайда, биылғы қаңтардың 14-і күні осы қыстақтағы үйде Б.Нұғыманов, Н.Крыленко, Е.Оразғалиев, М.Иманжанов төртеуі бас қосып, арақ ішкен. Дәл сол күні Б.Нұғыманов кеш қарая мал қамауға шығарда сейфте тұрған мылтықты да ала шыққан. Өзі оқтаған қаруды үйге қайта кіргенде қабырғаға сүйей салған. Сөйтіп, арақ ішу әрмен қарай жалғасқан. Біраз уақыттан соң Болат бөлмесіне кіріп, тәтті ұйқыға кете барады.

Бір мезетте ас үйдегі үстел басында ащы суға сылқия тойып алған Н.Крыленко мен М.Иманжановтың арасында шартта-шұрт кикілжің туған. Бойын көзсіз батырлық билеген Крыленко оқтаулы тұрған мылтықты алып, ас үйге оралады да, қарсы отырған Иманжановтың кеуде тұсынан бір мәрте бұрқ еткізіп атып салады. Алған жарақатынан ол сол жерде тіл тартпастан көз жұмады.

Сот талқылауында Б.Нұғыманов тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындап, Ақши қыстағында туыстарының атындағы «Нұрдәулет» шаруа қожалығының малын бағып отырғанын, ешқандай еңбек шартын жасаспағанын, осы қожалықта 2015 жылдан бері Н.Крыленконың да жұмыс істейтінін және жоғарыда аталған оқиғаны растап береді.

Осылайша Б.Нұғыманов өз әрекетімен Қылмыстық кодекстің 289 бабында көрсетілгендей, қылмыстық теріс қылық жасаған, яғни, атыс қаруын ұқыпсыз сақтап, басқа адамның пайдалануына жағдай туғызған.

Сот отырысында №2 Тарбағатай аудандық сотының төрағасы, судья Серікбосын Ахмеджанов осы бап негізінде Б.Нұғымановты кінәлі деп танып, 240 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім кесті.

Міне, арақтың кесірі ұқыпсыздық пен жауапсыздыққа ұрындырды. Салдарынан бір адамның өмірі қиылды, бір адам жазаға тартылды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button