Артында сайрап із қалды

Өткен жылы Тарбағатай ауданына тоқсан жыл толды. Бұл бір ғасырға жуық уақыт ішінде аудан өмірінде сан қилы қиындықтар, көңілге қуаныш ұялататын оқиғалар болғандығын сол тарихты басынан өткерген, сол кезеңде өмір сүрген адамдардың өмірінен көруге болады. Ол жайлы үлкендердің әңгімелерінен қанықпыз.
Бертін келе шет жағасын біз де көріп, басымыздан өткердік. Балалық шағым 1941-1945 жылдар аралығында өтіп, соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі жылдардағы ауыртпалықты көріп, ой-санамыз жетіліп, өмірге құштарлығымыз артып, білімге деген ұмтылысымыз, келешекке деген арманымыз асқақтап өсіп едік. Сол кезеңде өмірге келіп, жетімдіктің, жоқшылықтың не екенін басынан өткерген, жарқын болашаққа ұмтылған азаматтардың бірі – Түсіпхан Мұхатов жайлы әңгіме қозғауды жөн көрдім.
Түсіпхан 1941 жылы 6 ақпанда өмірге келген. Бір жылдан кейін әкесі Атахан Шәмшиев соғысқа аттанып, көп ұзамай артынан қара қағаз келіп, жетімдікті көріп өсті. Бірақ ағайын-туыстың қамқорлығының арқасында мектеп бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдады. Ұстаздық мамандығын алған соң туған ауылы сол кездегі Сталин, қазіргі Жетіарал ауылындағы Ленин атындағы мектепке орналасады. Іске кіріскен сәтте химия кабинетінде қажетті құрал-жабдықтар жоқ болып шығады. Оқу құралынсыз оқушыларға сапалы білім беру мүмкін еместігін сезінген ол мектеп директоры Галиев Базарханға жүгініп, көмек жасауын өтінеді. Мұғалім талабы орындалып, совхоз машина беріп, қаражат бөлініп, Өскемен қаласынан химияны оқытуға қажетті заттарын әкеліп, тәжірибеде қолдана бастайды.
Оқу орнындағы ұйымдастырушылық қабілеті оны көп ұзамай мектептің оқу ісінің меңгерушілігіне жоғарылауына түрткі болады. 1965-74 жылдар аралығында қызмет атқарған жылдар ішінде қаншама түлек білім алып шықты. Шәкірттері облысымызға белгілі, білімді де білікті мамандар ретінде танылып, ауданның өркендеуіне өз үлестерін қосып, алды зейнеткерлікке де шығып үлгерді. Солардың қатарында Түсіпхан Түсіпбеков, Ахметхан Жуанышев, Манарбек Мұхаметжанов, Ғазиз Сағатаев, Марат Нұғыманов, Құрманбек Заманбеков, Мәкен Тырнақбаев, Тоқан Құсайынов, Оразбек Абдекеев те бар. Ал мұғалім мамандығына ие болған оқушылар тіпті көп болды. Солардың қатарында Мұратхан Сағатбеков, Бақыт Алдауышев, Уәлбек Шомбин, Клара Тәкекова, Дина Шаяхметова, Солтан Қабдоллаев, Төлеухан Қабдоллаев, Клара Қабдрахманованы атауға болады. Осылардың барлығы ауданның экономикалық, мәдени, рухани дамуына, ауданның өсіп-өнуіне өз үлестерін қосып, бүгінде құрметті зейнеткерлікке жетіп, немере сүйіп, бақытты өмір сүруде.
1974 жылы Түсіпхан Мұхатов Сарыөлеңдегі Жданов атындағы сегіз жылдық мектепке директор болып тағайындалды. Жұмысқа кіріскен күннен бастап-ақ аталған мектептің іші-сыртын қырып, қайтадан сылатып, бүкіл ауылды жұмылдырып жаңартып, аудан бойынша алдыңғы қатарлы білім мекемесіне айналдырды. Дәл сол жылы Білім министрлігінен, облыстан келген комиссия мүшелерін осы мектепке апарып, жұмысымен таныстырды. Аудан бойынша алғашқылар қатарында кабинеттік жүйеге көшіп, оқу-тәрбие жұмысын дұрыс жолға қойғаны үшін мектеп ұжымының атқарған істерін жоғары бағалаған еді.
1976 жылы Түсіпхан өзінің қызмет жолында тағы бір белесті бағындырды. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аудандағы мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл саладағы еңбектері де жоғары бағаланып, түрлі алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталды. Аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүрген кезде Түсіпханның тікелей бастығы болған Сағынбек Ақанов былайша еске алады: «Түсіпхан Атаханұлы екеуімізге ауданның мәдениет саласы міндеттеріне бірге жауап беруге тура келді. Ақылдаса келе, аудан халқының мәдени өміріндегі бізге дейінгі қол жеткен табыстарын жаңа қырынан жаңғырту жолын қарастыруға келістік. Тарбағатай ауданының құрылғанына 1978 жылы 50 жыл толатын халықтық мерекенің жақындап калған тұсы. Жұмысты Жәнібек Мұхамадиев ағамыз негізін қалаған ұлт аспаптар оркестрінен бастауды аудан басшылығымен келістік. Т.Мұхатов аудандық мәдениет үйіне аудан өнерпаздарын топтастыра білді. Аудандық мәдениет үйінің директоры Кеңес Байтоғасов, мәдениет бөлімінің инспекторы Айса Нұргазина, әдіскер Шара Бөлекбаева оркестрдің ішкі ұйымдастыру жұмыстарын бақылап отырды.
Ауданның мәдениет бөлімінің меңгерушісі ретінде Түсіпхан Атаханұлы Өскеменнен, Алматыдан оркестрге жетекшілік ететін маман іздеуді қолға алды. Әуелі республикалық «Қазақ концерт» бірлестігінен композитор Темір Тайбеков шақырылды. Ол оркестрмен орындалатын әндердің аранжировкасына қолғабыс жасап, ақыл-кеңес берді. Түсіпханның ықпалымен ауданға республикалық шығармашылық үйінің маманы, танымал домбырашы-термеші Мұрат Каримулин іссапармен келді. Ол ауданның мәдениет ошақтарын аралап көріп, өнерпаздар құрамының сапалық жағына баса назар аударды. Оркестрдің репертуары мен орындалатын шығармалар, әндерді іріктеу кезеңіне келгенде Өскемен қалалық музыка училищесінің мұғалімі Қанабек Алдашев екі айға іссапармен Тарбағатайға келді. Шақырылған маманның өнеріне құрмет көрсеткен аудан басшылығы Зәріпхан Даукеев, Баяхмет Абдрасұлұлы, өзіміз болып, Тарбағатай жұртының қонақжайлылық салтын жалғастырдық. Осындай құрметке ие болған Қанабек Тәжібайұлы екі ай ішінде ауданның ұлт аспаптар оркестрін елу адамдық құраммен дайындады. Жаңа шығармалармен толықтырды. 1978 жылдың жазында Тарбағатай аудандық ұлт аспаптар оркестрі облыстық телестудия арқылы өнер көрсетті. Ауданның елу жылдығы дүркіреп өтті.
Түсіпханның мәдениет бөлімінің жұмысын жандандыруға бағытталған келесі еңбегі Ақжар халық театрының репертуарлық жаңаруына арналды. Алматыға барып, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы бойынша жазылған сахналық қойылымды әкелді. «Қанжар мен домбыра», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» спектаклімен облыстың барлық аудандарын аралап, соңында облыс орталығы – Өскемен қаласында сахналады. Сол кездегі режиссерлер – Кәкен Байтоғасов, Шоқан Мұхамадиевтер дайындаған қойылымдар ауданның барлық елді мекендерін қамтыды. Аудандық мәдениет бөлімі жанынан құрылған 15 автоклуб малшылар мен диқандарға жоспарлы қызмет көрсетіп тұрды.
Өз мамандығының білгірі Түсіпхан Атаханұлы кейін де білім беру саласында табысты еңбек етті. М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры болды. Осы естелікті жазғанда, Түсіпхан арқылы оның өмірде араласқан, сыйласқан адамдарын еске алдым. Өйткені олар Түсіпхан Атаханұлындай азаматтың абыройлы азаматтық шағынан баталы шағына дейінгі жақсылығының куәгерлері болған жандар.
Қазіргі Ақжар орталығындағы Қабанбай атындағы саябақта ол кісінің қолтаңбасы бар. Себебі ондағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған монументалды ескерткіштің негізгі іргетасын қалауға басшылық жасап, архитекторлармен басы-қасында болған да Түсіпхан еді. 1979 жылы Маңырақ тауынан жалпақ ақ тастар тасып, Өскемен қаласынан Тарбағатай боздақтары жазылған жазуларды өз қолымен әкеліп, ескерткішке орналастырған еді.
Тарбағатайдың қасиетті жерінде дүниеге келіп, туған жерінде көп жылдар қызмет етіп, ауданның өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан, ешкімге жамандық ойламайтын, кісі көңілін қалдырмайтын, көпшіл де жауапкершілігі жоғары азамат Түсіпхан Мұхатов осындай азамат еді. Оның өмірі мен қызметі жайлы бірге жүрген жолдастары, қызметтестері жазған естеліктері жинақталып «Ұстаз – ұлы есім» атты кітап болып шықты.
Бүгінгі күні өзі білім алған кейін алғашқы еңбек жолын бастаған Жетіарал орта мектебінің химия кабинетіне Түсіпхан Мұхатовтың аты беріліп, ол кабинетте оқушылар химия кереметтерімен танысуда. Мектеп директоры болған өзіміздің оқушымыз Алдауышев Бақыт Әбзелейұлының ұсынысын қолдаған ұстаздар қауымына, қазіргі директоры Зина Жақаеваға алғысымыз шексіз.
Насиха Мұхатова
Тарбағатай ауданы.