Қоғам

Артықшылығын түсінген жөн

Елімізде «Армениядан жеткізілетін көліктердің кедендік рәсімдеусіз жүруіне тыйым салынды» деп елдің дүрліккеніне біраз уақыт болды. Биылдан бастап аталған елден әкелінген темір тұлпарлар тіркеуден өткізілмесе, иесіне айыппұл салынып, көлігі айып тұрағына жеткізіледі. Ішкі істер министрлігі шетелдік нөмірі бар көліктер заң бұзған жағдайда жазадан құтылып кететінін ескеріп, осы мәселенің алдын алып отыр.

Өз басым Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеу дұрыс деп санаймын. Өйткені заң алдында азаматтардың барлығы бірдей, құқықары тең болуы керек. Сырттан құны арзан көлік әкелген екенсің, оны еліміздің жолдарында емін-еркін қатынай алатындай етіп рәсімдеу керек. Міндетті түрде қазақстандық нөмір алу қажет. Әйтпесе, көлікті тұтастай болсын, бөлшектеп болсын, сатудан асқа амалың жоқ. Оның үстіне, осындай көлік тізгіндеген азаматтар машинаның жылдамдығын арттырып, жол ережесін жиі бұзады, апаттық жағдайларға себепші болып жатады. Әрі сол үшін олар айыппұл да төлемей, сотқа да шақырылмайды дегенді көп естіп жатамыз. Бұған қоса, шетелден осындай көлікті көптеп әкеліп, еліміз аумағында сатып, көлеңкелі бизнесін жүргізіп отырғандар да бар екен. Міне, аталмыш мәселе дәл осындай қиындықтар туғызатындықтан мемлекет тиісті шаралар қолданып отыр. Сондай-ақ бұл өте орынды қадам деп есептеймін. Өткенде «Дидар» газетінен  полиция қызметкерлері облысымыздағы бірқатар аудан орталығы мен қалаларда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден енгізілген көліктерді уақытша тіркеу мәселелеріне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын оқығанмын. Мұндай жұмыстың ауқымын әлі де кеңейте түсу қажет сияқты. Менің ойымша, адамдар сырттан әкелінген көлікті тіркеудің артықшылықтарын әлі де толық түсіне алмауда.

Айтмұхаммет Қайратұлы,

ҮМЗ қызметкері

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button