Қарттарымыз белсенді әрі ұзақ өмірді таңдайды

Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының фойесі мерекелік күйге бөленген. Ортада бірнеше жұп әсем әннің ырғағымен дөңгелеп, билеп жүр. Ал екінші қабатында бір топ зейнеткер шахмат ойнап отырса, кейбіреулері гимнастикалық жаттығулармен айналысуда. Қолы шебер апаларымыз «Белая сова» клубында тоқыма тоқып, тері мен киізден әсем бұйымдар жасап отыр. Төрт қабырғаға қамалып, уақыттарын босқа өткізуді қаламайтын зейнеткерлердің барлығы бүгін осы жерге жиналыпты.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бірлескен жобасы шеңберінде Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында «Ардагерлерді ардақтайық» атты белсенді ұзақ өмір сүру орталығының тұсаукесер рәсімі өтті. Жоба зейнет жасындағы адамдар өмірінің сапасын жақсартуға бағыттылған.
– Кейбір үйірмелер мен клубтаросыдан 15-20 жыл бұрын ашылып, ардагерлеріміздің үнемі баратын сүйікті орындарына айналған. Біз олардың барлығын бір жерге шоғырландырып, қарияларымызды тек Достық үйі- қоғамдық келісім орталығында ғана емес, қаладағы басқа да жерлерде орналасқан үйірмелердің жұмыстарымен таныстыруды мақсат еттік. Бұл секциялар мен клубтар тегін қызмет көрсетеді. Мұндай орталықтар сонымен қатар Семей, Риддер, Алтай қалаларында, Катонқарағай, Шемонайха және Глубокое аудандарында өз жұмыстарын бастады. Басқа да өңірлерде ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр, – деді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев.
Өскеменде егде адамдарға тегін қызмет көрсететін клубтардың түрі жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл жерде ең алдымен зейнеткерлердің өтініштері ескеріледі. Мысалы, А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада бірнеше жылдан бері ардагерлердің сұрауымен компьютерлік сауаттылыққа үйрету үйірмесі жұмыс істейді. Қарияларымыз әсіресе спортқа жақын. Олар қалалық бассейн мен денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика кешенінің қызметтерін пайдалана алады. Шахматшылар клубында сексеннен асқан, сексенді алқымдап қалған ақсақалдарымыз да бар. Солардың бірі -Тәтімбек Қазбекұлы жарты ғасырға жуық ұстаздық еткен ақсақал.
-Аптасына екі-үш рет келіп, миымызды жаттықтырамыз. Сексеннен асқан қартымыз бар. Қарсыластарымның бәрі – мықты ойыншылар, – дейді ардагер мұғалім. Өзі бала кезінен үйренген ойынға балалары мен немерелерін де жастайынан баулыған екен.
Ал «Ақниет» вокалды ансамблінің құрамы әжелерден тұрады. Ақ жаулықты он бес апа қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, концерттік, мерекелік шаралардан қалмайды.
-Біздің қатарымызда тоқсанға келіп қалған әжеміз де бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, басқа зейнеткерлерді де шақырсам деп едім. Бізде сахналық киімдер жеткілікті, Дамир деген музыкант баламыз кез келген концертте біздің әндерімізді музыкалық аспабымен сүйемелдеуге әзір, – дейді ансамбльдің жетекшісі Гүлшат апа Смағұлқызы.
«Ардагерлер» клубының жетекшісі Раиса Зотованың айтуынша, 18 жылдан бері жұмыс істейтін клубтағы әжейлер мен аталар, олардың саны сексенге жетіп қалады, вальс, фокстрот сияқты билерді билейді екен. 95 жастағы бір қарт та би сабақтарынан қалмайды. Оны қызы, кейде күтушісі ертіп әкеледі. Мереке кездерінде бастарын қосып, дастархан жаюға да рұхсат беріліпті.
Жасы ұлғайған адамдардың белсенді іс-қимылдардан кейінгі жағдайын бақылайтын кезекші терапевтер болады. Олар қарияларымыздың қан қысымын өлшеп, шай беріп, тынығуына мүмкіндік жасайды. Асқар Қисаұлы сонымен қатар ардагерлердің арасында зейнетке шыққан, жоғары білікті дәрігерлер бар екенін, олар қажет болса, құрдастарына медициналық кеңес беруге дайын екендерін де жеткізді. Келешекте орталықта әсем әуен тыңдап, ұйықтап-тынығып алатын бөлме жабдықтау да ойда бар. Мемлекеттік тілді оқытатын оқу кабинетін де ашу жоспарланған.
Қазір облыс орталығында егде адамдардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне арналған әртүрлі он алты үйірмебар. Зейнет жасындағы адамдар орталықта кез келген уақытта бас қосып, пікір алмасып, заңгер, психолог мамандардың көмегіне жүгіне алады.
Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында үйлестірушінің кабинеті жұмыс істейді. Қала тұрғындары 8777 246 94 44 нөмеріне телефон шалу арқылы өзінің тұрғылықты жеріне жақын маңдағы үйірмелер мен клубтарды, олардың жұмыс кестесін анықтай алады.
Айна Ескенқызы