Қоғам

Қарттарымыз қамқорлықтан кенде болмайды

Қарттарымыз қамқорлықтан кенде болмайдыХалықаралық қарттар күні жақындап қалды. Соған орай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгинмен кездесіп, мерекеге дайындық жайында әңгімелескен едік.

– Бұл – барша жұртшылық үшін маңызы зор мереке. Қарттар күнін атап өту арқылы егде адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, аға ұрпақ өкілдерінің белсенділігін арттыруға, жоспарланған іс-шаралардың орындалу барысына қоғам назарын аудару болып отыр. Өткізілетін мерекелік шаралар негізінен аз қамтылған қарт адамдарға, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге көңіл бөлу, соларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету бағытын қамтиды. Содан кейін де тұрақты жәрдемдесу шаралары қарастырылады. Айталық, майдандағы ұрыс алаңынан жаралы жауынгерді алып шығу үшін өз басын қатерге тігетін жанашырларды мейірімді медбикелер дейтін. Облыстық ардагерлер ұйымында өзінен бұрын өзгенің қамын ойлайтын мұндай адамдар көптеп саналады. Мұндай аға ұрпақ өкілдеріне әрдайым әсіресе, мерекелерде сый-құрмет көрсетілуі орынды деп есептеймін. Аудандар мен қалалардағы көптеген кәсіпорындар мен ұйымдарда мерекені атап өту қалыптысқан дәстүрге айналды.

– Сіздер тарапынан көтерілген жарқын бастамалар жергілікті жерлерде үнемі қолдау тауып отыра ма?

– Ең алдымен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ ардагерлер қозғалысын әрдайым қолдап, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға жете көңіл бөліп отырғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, облыстағы ардагерлер белсенділерін де жақсы біледі, солармен кездесуге де уақыт тауып отырады. Аймақ басшысының бастамасымен өткен жылы «Уба» шипажайында қосымша 100 орындық ғимарат салынып, демалыс орны екі есе ұлғайтылды. Бүгінгі күні ардагерлер қатарынан үш мың адамның денсаулықтарын оңалтуларына қолайлы жағдай жасалды. Республикамыз бойынша соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, зейнеткерлерге тегін емделу мүмкіндігі берілген жалғыз мекеменің біздің облыста екенін де атап өткім келеді. Биыл облыс Әкімінің тапсырмасымен Өскемендегі қалалық қоғамдық көліктерде 70 жастан асқан қарттарға тегін жүру қызметі көрсетіліп жатыр. Бұған қоса, облыс басшылығының шешімімен бірінші қазаннан бастап мейірімділік айлығы жарияланады.

– Осы айлық аясында қандай іс-шаралары жоспарланған?

– Облыс басшылығының ұйғаруымен біздің аймақта бірқатар іс-шараларды ұйымдастырып өткізу қарастырылған. Кәсіпорындар мен мекемелердің өкілдері соғыс және еңбек ардагерлерінің, мүгедектер мен жалғызілікті қарттардың үйлеріне барып, құрмет көрсетеді. Акцияны өткізу барысында ауылда тұратын көмекке зәру жандардың тұрғын үйлерін қысқа дайындау, отынмен қамтамасыз ету жоспарланған. Айлық аясында медициналық-әлеуметтік мекемелерде мейірімділік акциясы және облыстағы оқу орындарында соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу өткізіледі.

Қазіргі кезде облыстағы мектептердің 1500 оқушысы қарттарға жәрдемдесуде. Жалғыз тұратын қарттарға, мүгедектерге тимур командаларының мүшелерін бекіту, жәрдем жасау одан әрі жалғастырылады. Облыстағы медициналық-әлеуметтік мекемелерде, басқа да еңбек ұжымдарында ардагерлердің басын қосып, әншашулар арнайды, сый-сияпат жасайды. Ардагер көркемөнерпаздар ұжымдары да өз концерттерімен сахналарға шығады.
Айлық кезінде бұған қоса ардагерлерді емдеу, оңалту шараларына да көңіл бөлінеді. Өскемен, Семей қалаларындағы, Аягөз, Зырян, Бесқарағай, Күршім аудандарындағы медициналық-әлеуметтік орталықтарының ұжымдары өз қызметтерін көңілдегідей жүргізіліп жатқанын да атап өтуге болады. Бұларда күніне қосымша 200-ден астам ардагер күндізгі уақытта қабылданып, тынығып, емделiп жатыр. Аға ұрпақ өкілдері облыс басшысының осындай ерекше қамқорлығына алғыстарын білдіруде. Өскемендегі екінші медициналық бөлімнің, Семейдегі оңалту орталығының ұжымдары ардагерлерге мінсіз қызмет көрсетуде.

– Дегенмен, соғыс және еңбек ардагерлеріне, қарттар мен мүгедектерге жалпы медициналық қызмет көрсетуде шешілмеген мәселелер бар ма?

– Әлі де шешілмеген мәселелер баршылық. Осыған байланысты биыл мамыр айында медициналық қызметті жақсарту үшін Өскеменде және Семейде осы саланың басшыларымен екі рет дөңгелек үстел отырысын өткіздік. Біздің ұсынысымызбен облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа жиыны болды. Онда егде тартқан адамдарға медициналық қызмет көрсетудегі қордаланған мәселелер тағы да қаралды. Өскемендегі «Вита» емханасының сатылуына, оны иеленушінің ауысуына байланысты бір мыңға таяу ардагер медициналық қызмет көрсетуде қолайсыз жағдайға ұшырады. Әзірге қарттарымыз қаралатын лайықты орын табылмай тұр. Өскеменнің М.Әуезов көшесіндегі ардагерлерге арналған емхананың ашылуын күтудеміз.

– Облыстық ардагерлер кеңесінің жұмыс тәжірибесі республикаға таратылды деп естіп жатырмыз…

– Соңғы кездері біздің ақпараттық-насихат тобы мектептерде болып, оқушылармен кездесу өткізіп жатыр. Жастар тәрбиесіне де жете мән беріп келеміз. Республикалық ардагерлер кеңесінің алқасы біздің ардагерлер ұйымының жұмысын қолдап, жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру жөніндегі іс-шараларымызды Алматы мен Ақмола облыстарында тәжірибе ретінде тарату жөнінде шешім қабылдады.

Биыл мамыр айында мектеп оқушылары арасында «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске тыл еңбеккерлерінің – менің жақындарымның қосқан үлестері туралы» деген тақырыпта аудандар мен қалаларда байқау өткіздік. Сондай-ақ, облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарында ардагерлер туралы шығармаларға байқау ұйымдастырдық. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің рөлі туралы «Үздік мектеп мұражайы» байқауын өткізудеміз.

Ардагерлер ұйымдарының іс-тәжірибесін кеңінен тарату жөнінде Глубокое кентінде және Көкпекті ауданы, Самар ауылында аймақтық семинарлар өткіздік. Аудандарға жиі шығып, ардагерлер активімен кездесіп те жүрмін. Биыл жыл басынан бері Аягөз, Үржар, Ұлан, Шемонайха, Күршім, Зырян, Жарма, Бородулиха аудандарының, Курчатов қаласының ардагерлер кеңестері пленумдарында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындықтың барысы жайында баяндама жасадым. Ардагерлер активі аудандар мен қалаларда өз қалауларымен қоғамдық негізде ауқымды жұмыстарды белсенділікпен жүргізіп жатыр.

Әңгімелескен – Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button