Арт-Заман: Жанарды арбаған жауһар туындылар

Музей де тірі ағза іспетті. Мұндағы жәдігерлер қатарын заман талабына сай жаңалап, толықтырып отырмаса тынысы тарылып, тіршілігі тоқтағандай күй кешетіні шындық. Бір қуанарлығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Арт-Заман» жобасы өңіріміздегі музейлерге жан бітіріп, жандандырғаны рас. Жоба қолға алынған екі жылдың ішінде Өскемендегі облыстық Өнер музейі отандық суретшілердің 34 картинасымен толығыпты.
– Қазіргі кезде музей қорын толықтыру деген мәселе өте өзекті. Өйткені бағалы өнер туындыларын сатып алу үшін қомақты қаражат керек. Ал ондай қаражатты мына заманда оңайлықпен кім қолыңа ұстата салады дейсіз? Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Арт-Заман» жобасы бізге керемет мүмкіндік беріп отыр. Бес жылға жоспарланған жобаның басты мақсаты – өңірдегі музей қорларын Қазақстанның классикалық және заманауи бейнелеу өнерінің бірегей де үздік туындыларымен толықтыру. Екі жылдың ішінде Өнер музейі отандық суретшілердің 34 картинасымен толықты. Биыл тағы да 16 картинаны сатып алуды жоспарлап отырмыз – дейді Өнер мұражайының маркетингтік-технологиялар бөлімінің меңгерушісі Роза Жылқышыбаева.
Айтуынша жоба алғаш қолға алынған 2017 жылы қазақстандық суретшілердің тоғыз картинасы сатып алынса, 2018 жылы тағы да 25 картинамен толыққан. Олардың арасында Әбілхан Қастеев, М.Аманжолов, Б.Табиев, Ш.Сариев, С.Айтбаева, А.Табиев, Ә.Шоқанов, М.Жүнісов секілді т.б. есімі елімізге ғана емес, шетелдерге де кеңінен танымал суретшілердің туындылары бар.
– Біз негізінен картиналарды Алматыдағы «Жаухар» және «BonArt» галерея-дүкендерінен сатып алдық. Бізге картиналарды сатып алу барысында Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы мұражайдың директоры Татьяна Стромская ғылыми тұрғыдан көп кеңес берді. Байқасаңыз, музей қорына сатып алынған картиналардың дені өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы қазақстандық суретшілердің туындылары. Неге? Өйткені бұл уақыт қазақ бейнелеу өнерінің нағыз өскен, өркендеген кезі. Қазақ суретшілері жаңа кейіпкерді, тың форманы іздеуге ден қойды. Сондықтан да болар музей мамандары осы 60-шы жылдардағы суретшілердің туындыларын қолға түсіруге ерекше ниет танытты. Биыл осы «Арт-Заман» жобасы аясында шамамен 16 картина сатып алынады деп отырмыз. Сатып алынатын суретшілердің туындыларының да тізімі жасалып қойды. Биыл бұл мақсатқа тағы да 50 миллиондай теңге қаражат қарастырылып отыр, – дейді музейдің бас қор сақтаушысы Ирина Бжицких.
«Жас тұлпар» жастарға қанат бітірді
Картиналар шынында да ғажап! Екі бірдей үлкен залдың қабырғасына ілінген өнер туындыларын ешкім де осал деп айта алмасы анық. Жалпы, «алпысыншы жылдықтардың» туындылары туралы әңгіме қозғаған кезде 1963 жылы Мәскеу мен Ленинградтың жоғары оқу орындарында оқыған қазақстандық студенттер құрған «Жас тұлпар» шығармашылық бірлестігін айтпай кетуге болмайды. Бірлестікке Мәскеу мемлекеттік университетінің студенті Мұрат Әуезов жетекшілік етті. Бұл шын мәнінде ел тәуелсіздігін аңсаған тұңғыш жастар қозғалысы еді. Қазақ жастарының бойында азаттықты аңсаған арман буырқанып жатқан болатын. Қылышынан қан тамған Кеңес Одағына деген іштей бір қарсылық, тәуелсіздікті аңсау қазақ бейнелеу өнерінде де көрініс тауып жатты. Сол «алпысыншы жылдықтардың» белді өкілдері Бахтияр Табиев пен Мағауия Аманжолов еді. Он бес жасында Қытайдан тарихи отанына оралған Бахтияр Табиевтің картиналарының негізгі арқауы – қарапайым ғана ауыл тірлігі. Қылқалам шеберінің «Сақманшы», «Шопан ұлымен», «Даладағы талтүс», «Арал маңында», «Аралтұз кентінде», «Каспийде», «Ескі ауыл», «Ыстықкөл кентінде», «Бие сауу» атты картиналары өзіндік бояуымен келушілердің көзін арбайды. Қарапайым ғана ауыл өмірінің өзін осынша шеберлікпен бере білген суретші туындыларының Өнер мұражайынан орын алуы шынында да үлкен жеңіс.
Қазақтың маңдайына біткен тағы бір керемет қылқалам шеберлерінің бірі – Мағауия Аманжолов. Өзі Қарқаралы өңірінің тумасы. Шетсіз, шексіз кеңістікті кенепке түсіруді жаны сүйетін ғаламат суретші 1995 жылдың 15 тамызында өзі де кеңістікке сіңіп, жоғалып кетті. Осы «Арт-Заман» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облыстық Өнер мұражайының қоры Мағауия Аманжоловтың бірнеше туындысымен толықты. Солардың ішінде 1986 жылы салынған «Уақыт белгілейді» туындысының орны ерекше.

Осынау картинаны суретшінің өзінің автопортреті десе де болғандай. Бүгінде Мағауияның қыздары да әке жолын таңдаған суретші. Өткен жазда осы облыстық Өнер мұражайында «Уақыт палитрасы» атты көрме өтіп, ол шараға марқұм Мағауия Аманжоловтың жұбайы Гүлбайраш Сүлейменқызы мен қызы Құралай да келген болатын. Сол жолы жазушының жары Гүлбайраш Сүлейменқызы барлық облыстардағы мұражайларда Мағауияның картиналары бар екенін, енді, міне, Шығыс жұртшылығы да суретшінің өнерімен жақын таныса алатынын айтып, ерекше қуанған еді. Облыс әкімі Даниал Ахметов сол жолы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысына Мағауия Аманжоловтың 70 жылдығын Өскеменде атап өтуге тапсырма да берген болатын.
Қазақ бейнелеу өнерінде «60-шы жылғылар» деп аталатын ағымның белді өкілдерінің бірі – Шаймардан Сариев. Ол 1937 жылы Атырау облысының Махамбет ауданындағы Забурын ауылында дүниеге келіпті. 1959 жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1962 жылы Харьковтегі көркемсурет институтын тәмамдаған. Бүгінде Атырау қаласындағы өнер музейі Ш.Сариевтің есімімен аталады. «Арт-Заман» жобасы аясында Өнер мұражайы суретшінің бірнеше туындысын олжалаған екен. Дегенмен солардың ішінде шебердің 1977 жылы салған «Әже немересімен» атты картинасы көзімізге тым жылы ұшырады. Ақ жаулықты әженің алдында отырған үкілі баланы – қазақтың үзілмеген үміті деп білдік. Тереңнен тамыр тартатын ұрпақтар сабақтастығы деген де осы болса керек. Жалпы, Ш.Сариев портрет жанрына жиі қалам тартқан суретші. Оның «Суретші әйелдің портреті» картинасынан да өзіндік қолтаңбасын байқауға болады. Бұл туындысында ол суретші әйелдің ажарынан гөрі, оның ішкі жан толқынысын ашуға көп мән берген секілді. Сондай-ақ «Арт-Заман» жобасы аясында Өнер мұражайына сатып алынған туындылардың қатарында Азат Табиевтің «Оралу», «Ақ қайықтар», «Көктемгі кеш», «Орасан тыныштық», «Шуақты күн», «Қайтару», «Көгершін» секілді туындылары бар. Азат – жоғарыда айтқан Бахтияр Табиевтің ұлы.
Жазда келген сапарында журналистерге берген сұхбатында Азат Табиев:
– Суретшілердің туындылары кім көрінгеннің қолында емес, осындай мұражайларда сақталуы тиіс. Оның үстіне қазір алпысыншы жылдардағы суретшілердің еңбектерін табу мүмкін емес. «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған бұл «Арт-Заман» жобасы халықтың игілігіне жұмыс істеп жатыр, – деп ағынан ақтарылған болатын.
Шоқановтың шоқтығы биік
Сондай-ақ осы жоба бойынша музей қорын толықтырған картиналардың қатарында тарбағатайлық қылқалам шебері Әлібек Шоқановтың «Жаңбырлы күн», «Ақжар», «Ырғызбай ата кесенесі», «Қожыр тауы», «Арғанаты», «Ауыл маңы» атты еңбектері де бар. Әлібек Төкенұлы Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылының тумасы. Өзінің айтуынша, бала кезінен-ақ сурет салуға құмар болыпты. Балабақша қабырғасында жүргенде тәрбиешілер үй сал десе, үйдің төбесіне жалау тігіп, көгершін ұшырып қояды екен. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде де қылқаламы қолынан түскен емес. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогика университетінің көркемсурет-графика факультетіне оқуға түседі. 1993 жылы аталған оқу орнын бітіргеннен соң, Әлібек жолдамамен Талдықорған қаласындағы Жоғары кәсіби өнер лицейінде сурет пәнінен сабақ береді. Бірақ алыстағы ауылына деген сағыныш оған тыным бермейтін. Сөйтіп, ол екі жылдан соң туған жеріне оралуды жөн деп табады. Бүгінде Әлібек Шоқанов Ақжардағы балаларға арналған өнер мектебінің директоры. 2004 жылы Өскемендегі Өнер мұражайында суретшінің «Туған жердің түтіні» атты алғашқы жеке көрмесі өтсе, кейіннен Семейдегі Невзоровтар отбасы мұражайында «Тарбағатай әуені» деген көрмесі ұйымдастырылады. 2005 жылы Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. Ал 2010 жылы Әлібек Шоқанов «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша облыс әкімі сыйлығының иегері атанады.
Әлібектің еңбектерін енді Өнер мұражайынан да тамашалауға болады.
Өзінің айтуынша, Әлібек сурет салу үшін көбіне жаңбырлы немесе қар жауып тұрған күндерді таңдайды екен. Мұны ол өзінің мінезімен байланыстырады.
– Мен жарқырағанды онша ұнатпаймын. Тұйықпын. Салмақты болып жүрген ұнайды, – дейді ол бұл туралы.
Иә, өнер – халықтікі. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Арт-Заман» жобасының халыққа берері көп екені шындық.
Мейрамтай Иманғали