Руханият

«Арт-деликатестен» дәм татыңыз

  Кейде қаладағы кейбір мейрамхана, кинотеатр секілді қоғамдық ғимараттарға барғанда, қабырғаға салынған суреттен көз ала алмай қалатынымыз бар. Тіпті нағыз өнер туындысы деп таңдай да қағып жатамыз. Жанында тұрып естелікке суретке түсеміз.  Жалпы, интерьерлік картиналардың кәдімгі кенепке салынған суреттерден қандай айырмашылығы бар? Тұрмыстық заттарды өнер туындысына қалай айналдыруға болады? Бұл сауалдардың жауабын Шығыс Қазақстан өнер музейінің кіші залында ашылған «Әртүрлі нәрселер» көрмесінен табуға болады.

 

Көрмеге  «Арт-деликатес» көркемөнер шеберханасының қос суретшісі Нина Кружкина мен Светлана Федотованың  қолынан шыққан өнер туындылары қойылған. Қос суретші 2004 жылдан бастап бірлесе жұмыс істеп келеді. Олардың жұмыстары бүгінде жекеменшік зәулім үйлерді, Өскемендегі «Барселона», «Шафран», «Да Винчи», «Березка» сынды мейрамханалардың қабырғаларын безендіріп тұр. Сондай-ақ  Нұр-Сұлтан, Павлодар, Ақтау, Семей, Алматы қалаларында да қос суретші безендірген нысандар бар.

Көркемөнер шеберханаларын неге «Арт-деликатес» деп атағанын Нина Кружкина бізге  былайша түсіндірді.

  • Жалпы деликатес дегеніміз не? Бұл – таңсық тамақ. Сіз деликатесті күнде жей бермейсіз ғой. Тіпті кейбіреулердің оны жеуге жағдайы болмауы да мүмкін. Жағдайы болған күнде де жиі жей бермейді. Біздің өнеріміз де сол секілді. Бұл жәй ғана түсқағаз не кафель емес, мұндай жұмысқа адам өмірінде бір немесе екі рет қана тапсырыс бере алады. Ал егер біздің жұмысымыз қоғамдық ғимараттың қабырғасынан орын алса, ол ұзақ уақыт тұрады деген сөз. Тіпті бір ғасыр бойы қабырғасына салынған суретті ауыстырмайтын сарайлар бар. Кез келген қол жұмысы ұзақ сақталады.

Оның айтуынша, Нина Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесін суретші-бет әрлеуші мамандығы бойынша тәмамдаған екен. Көп жылдар театрда жұмыс істепті. Ал Светлана Федотова 1985 жылы Өскемен жол-құрылыс институтын бітіріпті. Екеуінің жолын түйістірген – өнерге деген құштарлық.

-Басында біз «Аист» атты балаларға арналған бейнелеу өнері студиясын аштық. Студиямыз үш жыл жұмыс істеді. Сол кездегі шеберханамызға келген балалардың ата-аналарымен әлі күнге дейін  араласып тұрамын. Үнемі алғыстарын айтады, – дейді Нина Кружкина әңгімесін жалғастырып.

Бір күні олардың қолына құты толы бояу түсіп, эксперимент жасауды ұйғарады. Ата-аналардың бірі Нина мен Светлананың бастамасын қолдап, шығармашылық  эксперимент жасау үшін өзінің үйінің бір қабырғасын ұсынады.  Айтуларынша, бәрі де осыдан басталған көрінеді.

Көрмеге қос суретшінің қолынан шыққан біраз туындылар көрермен назарына ұсынылды. Қабырғаға салынған суреттердің көшірмелері, натюрморттар, сәндік жиһаздар, интерьер суреттері – барлығы да заманауи дизайнның сапалы үлгілері.

Биылғы маусым айында Нина мен Светлана Біріккен Араб Әмірліктерінен оралыпты. Дубайдағы бір мейрамхананың ішкі көрінісін әсерлі көне стильде безендіріпті.

  • Светлана екеуіміз өз ісімізді жақсы көреміз. Өз ісіңмен сүйіп айналысқанда ғана жақсы нәтиже шығады, – дейді Нина Кружкина.

Иә, Нина мен Светлананың қазіргі заманғы арт-нарық мүмкіндіктерін пайдалана білуі әріптестеріне үлгі екені сөзсіз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button