АРШАТЫЛЫҚТАРҒА ЖАҚСЫ КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ
«Қазыналы Катонқарағай» ансамбілі өзінің күзгі кезекті шығармашылық іссапарын Аршаты ауылынан бастады. Өйткені бұл ауылдың тұрғындары жері шалғай болғандықтан көп жағдайда мәдени шаралардан шет қалып жатады. Қарттар күні мерекесіне орай қойылған концертке көрермендер көп жиналды. Биыл жазда аудан тумалары сапалы етіп жөндеген ауыл клубында бос орын болған жоқ.
Репертуарларын көрнекті қазақ композиторларының әндерімен бірге биыл туғанына 150 жыл толған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың, Абайдың әндерімен, Құрманғазының күйлерімен жаңалап көрермендеріне ұсынған «Қазыналы Катонқарағай» ансамблінің өнеріне аршатылықтар дән риза болды. Олар сыры кетсе де сыны кетпеген ата-әжелердің өнерімен қоса өздерін киелі сахнада ұстау мәдениетінен, жүріс-тұрыстарынан үлкен ой түйді.
Үстеріне біркелкі ұлттық нақышта тігілген костюмдерін киіп шыға келген 25 өнерлі қарияны көрермендер орындарынан тұрып қол шапалақтап қарсы алды. Мерекелік кештің шымылдығы ансамбілдің жезтаңдай әншісі Роза Әділованың жеке дауыста «Айналдым елім» әнін орындауымен, басшысы Жәнібек Қызырдың арнау өлеңімен ашылды. Бұдан соң көпшілікті сағынтқан әндер мен күйлер бірінен соң бірі Аршатының күзгі аспанында қалықтады. Бір жарым сағаттық концерттік бағдарламада Қабдол Мәмиев көрермендеріне А.Байтұрсыновтың «Аққұмын», Төленді Мерғазин халық әні «Дариға-айды», Роза Әділова «Толағайды» тарту етті. Жетпіс бес жастағы Бақтина Нұқсаринаның орындауындағы «Махаббат вальсі» әні көрермендерін бейжай қалдырған жоқ. Сейтжан Қабылбаевтың орындауындағы «Балбырауын» күйі мен оның басқаруындағы домбырашылар ансамблінің өнері де көрермендеріне ризашылықпен қол соқтырды. Сондай-ақ Роза Исинаның фольклор тобын да аршатылықтар жылы қабылдады. Төлеген Көкенов та өзінің «Тәрбие термесімен» отырғандарға үлкен ой салды. Алпысында тал шыбықтай иілген Іңкәр Тұрбаева «Қазақ биімен», Күләми Қызырова мен Марат Тоқтажанов «Қаражорға», әжелер тобы «Корей» билерімен көрермендерінің көңілін бір көтеріп тастады. «Қазыналы Катонқарағай» ансамблінің концерттік бағдарламамен келуімен шекараның шетінде, желдің өтінде отырған аршатылық көрермендер мерекені жақсы сезінді. Кеш соңында сөз сөйлеген Өрел ауылдық округінің әкімі Еркін Көбешов, зейнеткерлер Тоқтаған Кітапбаев, Зәкия Бадисолтанова, мектеп директоры Жанерке Құрметжанова өнерлі қарияларға шын жүректен алғыс айтып, тағы да келіп тұруларын тіледі.
Ж. Сарғалдақ.