Арсен ЕРАЛЫ: – Рухани күш алғым келсе, анамның репертуарындағы халық әндерін тыңдаймын
«Ағымнан жарылсамның» бүгінгі қонағы – ән өнерін өзгеше сипатта өрнектеген, халқының өзіне деген өлшеусіз махаббатымен мерейленген, қайталанбас дауыс иесі Мәдина Ералиеваның жалғызы Арсен Ералы. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы аяулы анасы туралы сағынышқа толы сырын бүкпесіз ақтарды.
– «Уақыт деген жыл құсы ғой қас-қағым» демекші, былтыр қараша айында қазақтың «Ақбаяны» атанған Мәдина Ералиеваның өмірден озғанына 12 жыл толды. Арсен Болатұлы, осы жылдар ішінде отбасылы болдыңыз, анаңыздың жарқын бейнесін өшірмеу мақсатында бірқатар игі істерді атқарып келесіз. Ал көзі қарақты көрермен, құлағы түрік тыңдарман қауым сол Ақбаян әншінің артында қалған жалғыз ұлдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында білгісі келеді.
– Бүгінде жеке кәсіппен айналысып жатырмын. Нақтылай айтқанда, футбол алаңдарын салу жұмыстарымен шұғылданып, сол нысандарды жалға беріп, кішігірім шаруаны дөңгелетіп отырған жайым бар. Бәрі де күнкөрістің қамы ғой. Дегенмен, қазақ текке айтпаса керек, «Жақсы ана жаман балаға қырық жыл ризық» деп. Сондықтан әлі күнге дейін анамның беделінің арқасында бірқатар жетістіктерге жетіп жатқанымды да жасырмаймын. Жарықтық анам бақилық болып кетсе де, о дүниеде отырып та маған көмектесетіндей көрінеді.
– «Атақты адамның баласы болудың мақтаныштан гөрі жауапкершілігі басым» дегенді жиі айтып жүресіз Арсен. Сөз жоқ, үлкен жауапкершілікті сезініп өскеніңіз бойыңыздағы қарапайымдылығыңыздан, әрбір сөзіңізден, іс-әрекетіңізден үнемі байқалып тұрады. Дүйім жұрт «Мәдинаның жалғыз баласы бүйтіп кетіпті» деген сөзді естіген емес. Мұның бәрі анаңыздың берген тәрбиесі деп түсінеміз.
– Анамның берген тәрбиесі, әрбір сөзі әлі күнге дейін жадымда. Ол кісі мені ес білген шағымнан бастап еңбекқорлыққа, жауапкершілікке үйретті. Сондай-ақ, айналасындағы адамдардың бәрінен еңбекқорлықты талап ететін. Қол қусырып отыра беретіндерді ұнатпаушы еді. Үнемі іс-қимыл үстінде жүретін, тынымсыз еңбекті сүйетін. Тазалыққа, сұлулыққа жаны құмар еді.
– Өзіне ғана тән сырбаз әуенін, орындау ерекшелігін, нақыш-бояуын айрықша айшықтап тұратын қасиетке ие болған әнші Мәдина Ералиеваны күні бүгінге дейін тыңдарманы есінен шығара қойған жоқ, шығармайды да. Ол кісі үйде, отбасында қандай жан еді?
– Әрине, бірінші кезекте еңбекқорлығын ерекше айтар едім. Күні бүгінге дейін әнші достары да, туысқандарымыз да анамның осы қасиетін аңыз ғып айтып отырады. Екінші, мені таңғалдыратыны – сезімталдығы. Адамды тану қасиеті де өте жоғары болатын. Мен 18-19 жас шамасында болғанымда ол кісі көлік сатып алды. Біле білсеңіз, менің анам – қазақ әнші қыздарының ішінде алғаш болып көлік жүргізген адам. Жанында үнемі мен жүретінмін қызығып. Әлі күнге дейін таңғалатыным, үйден шығып көлігіне отырады, айналасы бір сағаттың ішінде талай шаруаны тындырады. Ал қазір өзімнің де көлігім бар, бірақ түкке де үлгермей жүремін (күліп). Не керек, отбасымызда ана да, әке де бір өзі бола білді ғой. Сенесіз бе, ер адамның ғана қолынан келетін кейбір жұмыстарды бір өзі-ақ тындырып тастайтын. Үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатса, құрылысшылармен жағаласып жүргені. «Ананы былай істе, мынаны бүйтіп қойма» деп шыж-быж болатын да жүретін (күліп). Мүмкіндігінше, қолынан келіп жатса, кез келген жұмысты өзі атқарып тастағанды ұнататын. Өйткені, басқаларға көп сене бермейтін. Таңертең үйден шығатын, содан кешке бір-ақ келеді. Келе салып, кешкі тамағымызды береді. Ертеңгі асымды әзірлеп қояды. Сонысымен қоймай, түнгі үш-төртке дейін өзінің концерттік киімдерін қайта өңдеп, көз ілместен моншақ, гүлдерін тігіп шығатын.
«Егіз-лебіз» әндерін жатқа біледі
– «Ұйықтай қойшы, бөбегім» деп басталатын әсем ән Қазақ радиосының кешкі ертегісінде орындалып, барша қазақ баласын ақ бесікте тербетті. Нәзік те жұмсақ, жағымды үнмен осынау бесік жыры әуе толқыны арқылы шырқалғанда қай қазақ баласы болсын маужырап, ертегілер әлеміне саяхат жасамайды? Бүгінде өзіңіздің ұлдарыңыз, яғни, Мәдина апамыздың немерелері Әлішер, Ілияс, Әділ таңдайынан бал тамған әжелерінің әсем әндерін тыңдай ма?
– Әрине, әжелерінің әсем үні әуелей түскен мезетте ұлдарымның құлақтары елең ете қалады. Екеуі де анамның әнін үш-төрт нотадан таниды. Үлкенім Әлішер қазір Күләш Байсейітова атындағы мектепте фортепиано сыныбында оқиды. Үйіміздің төрінде тұрған аяулы анамның сүйікті роялінде анамнан кейін немересі Әлішер отырды. Анам сыртта қаталдау адам болғанымен, үйдегі жалғыз баласы маған өте жұмсақ, жайлы кісі болды. Сондықтан болар мен де балаларыма өте жұмсақпын. Тәрбие жағымен негізінен жұбайым шұғылданып жатыр десем болатын шығар. Бұзық болса, ұрсып та, шапалақтап та алады. Ал мен жұмыстан келгенде оларды барынша еркелетем. Әлішерімнің музыкаға жақындығы бар. Ал Ілияс ән айтқанды ұнатады. Ойнап отырса да, бір нәрсемен айналысып жатса да ыңылдап, әндетіп отырады. Ұлдарым анамның «Айқаракөз», «Егіз-лебіз» атты әндерін жатқа біледі.
– Көзі қарақты көрермен ұмыта қойған жоқ деп ойлаймын, Мәдина апамыз қасиетті сахна төріне ерекше талғаммен, үлкен махаббатпен шығушы еді ғой. Киген киімдері, сол киімдеріне таққан әрбір әшекей бұйымдары өзіне ерекше үйлесіп тұратын, ән айтқандағы қимыл-қозғалысы, көрерменге қарай баяу сермелген нәзік саусақтары, көркін одан сайын ажарландыра түсетін көзілдірігі Мәдина Ералиеваны өзгелерден айшықтап тұрды емес пе?
– Дұрыс айтасыз, 2006 жылы Қызылорда қаласындағы «Бумажник» деген жұмысы тоқтап тұрған театрды мемлекет жөндеуден өткізіп, Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйі ретінде ашқан-ды. Сол ғимаратта «Ақбаян» атты мұражай да бар. Онда сахналық киімдері, суреттері мен ән жинақтары және тұтынған заттары тұр. Екі-үш сахналық киімі Астанадағы Президент мұражайында сақтаулы. Бір киімі – мемлекеттік мұражайда. Кейбір заттары үйде тұр. Ол кісінің өмірден озғанына да 12 жыл болды ғой. Сондықтан анамның өзі кетсе де, көңілімнен кеткен жоқ. Өле-өлгенше ол кісінің әр затын қадірлеп, қастерлеп өтемін.
– Шыны керек, Мәдина Ералиева өмірден өткеннен кейін де оның жеке өміріне қатысты ел арасында біраз алыпқашпа сөздердің айтылғаны рас. Әсіресе, көпшілікті жалғыз ұлы Арсеннің әкесінің кім екендігі қызықтырды. Көп ұзамай бұқаралық ақпарат құралдарында белгілі режиссер Болат Атабаевпен Арсеннің әкелі-балалы қарым-қатынасының тым жақсы екендігін, аралас-құралас өмір сүріп жатқандығы туралы да айтыла бастады. Арсен, әкеңіз Болат Атабаевпен қашаннан бері араласып келесіз?
– Анам қайтыс болғаннан кейін араласа бастадық. Менің кішкентай кезімде олар ажырасып кеткен екен. Мен ойлаймын, бұл олардың өз тағдыры. Ал мен анамнан да, әкемнен де алыстаған да, бас тартқан да емеспін. Әкем қазір 60 жастан асты. Әкелі-балалы болып араласып, сыйласқанда тұрған ештеңе жоқ. Қайта мен бұдан тек жақсылық күтемін. Жасырмаймын, мектеп қабырғасында оқып жүргенімде жиналыстарға басқа сыныптастарымның әкелері келетін, ал менің тек анам ғана қатысатын. Сол кездері жаныма қатты бататын. Кейін есейе келе бәрін түсіндік қой. Анашым немерелерінің қызығын көре алмады. Бірақ, әкем бүгінде немерелері десе ішкен асын жерге қояды. Балаларым да аталарын жиі іздеп тұрады. Жұмыстан шаршап тұрса да, құлыншақтарын көру үшін үйге келеді. Ал оның шаршап тұрғанымен немерелерінің ісі жоқ, үстіне мініп ат қылады, аунап-қунап ойнайды. Ал әкем содан ләззат аламын дейді.
– «Қош енді, қош бол, күрең күз!» деп ән салған анаңыз дәл осы қараша күзде өмірден өтіп еді. Арсен, сары-қоңыр тонын жамыла әр күз келген сайын, қандай көңіл күйде боласыз?
– Өмір деген таразының тасындай алма-кезек қой. Кейде дауылы тұрса, кейде шуағымен жаныңды жылытады. Сондай сәттерде Кеңсайдағы анамның бейітінің басына барып, құран оқытып қайтамын. Жалпы, өмірде қиналған кездерімде бірден анашымды еске алам. Сөйтемін де, ол кісінің өмірі мен өз өмірімді салыстырамын. Әрине, одан кейін жаратқанның сыйлаған осы күніне, осы бергеніне шүкіршілік айтамын. Анам Қызылорда педагогика училищесінде оқып жүргенінде анасынан айырылды, ал одан біраз уақыт бұрын әкесі де о дүниелік болған екен. Тағдырдың тауқыметіне мойымай, соңынан ерген сіңлісі Сағираны жетілдірсем деген арманымен тек алға ғана ұмтылады. Небәрі 16 жасында сіңлісін Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы өнер мектебіне жетектеп әкеледі. Содан өмірден өткенінше Сағираға деген бауырмалдық ықыласы, әпкелік мейірімі шексіз болды. Тапқан-таянғанын, қолдан келген көмегін еш аяған емес. Анасының да өмірден өтер алдында айтқан аманаты да осы еді: «Соңыңнан ерген бауырың Сағираға қамқор, бас-көз бол!». Мінекей, анам өмірдің барлық ауыр сынақтарын көтере жүріп, көздеген мақсатына жеткен жан.
Сондықтан, анамның өмірін еске түсіру арқылы, сол кісінің өміріндегі қиын эпизодтарды көз алдыма елестете отырып, бойыма күш-қуат алам, бүгінгі күніме шүкіршілік етем. Рухани күш алғым келсе, ол кісінің репертуарындағы халық әндерін, әсіресе, «Баян-ай», «Жас келін», «Әгугәй», өзбектің «Ялли, ялли» әндерін жиі тыңдаймын. Балаларыма да «Әй, әй, бөпем» әнін үнемі тыңдатып отырамын. Олардың әжелерінің өнерімен азықтанып өскендерін қалаймын. Мен сізге айтайын, мен анамның әндерін кез келген ортада немесе көлікте кетіп бара жатып тыңдай алмаймын. Ол кісінің әндерін тыңдау үшін мен іштей өз-өзімді дайындап барып, бірақ тыңдағанды жөн көремін.
– Қазақтың бұлбұл үнді әншісі Мәдина Ералиеваның, яғни, анаңыздың жарқын бейнесін өшірмеу мақсатында тағы қандай істерді қолға алмақсыз?
– Көптен бергі арманым – анамның еске алу кешін ұйымдастырсам деймін. Ол кісінің өмірбаяны, өнері туралы орысша кітап шықты, енді қазақ тілінде бір кітап шығарсам ба деген ойым бар. Көркем фильм түсіру де – басты жоспарларымның бірі. Өйткені, телеарна, радиоларда анам жайында шағын фильмдер ғана бар. Бәрінің басын біріктіріп, көлемді көркем фильм түсіргім келеді. Мәдина Ералиеваның аты күні бүгінге дейін өшпей келе жатса, ол ең әуелі қасиетті қазақ халқының арқасы. Асыл анам өле-өлгенінше халқым деп өтті. Өмірден өткеннен кейін үйде құжаттарды қарап отырсам, ол кісі Мәскеуде есеп беру концертін өткізуді жоспарлап жүріпті. Әрине, адамда арман таусылған ба? Менің оқу орнын ойдағыдай бітіріп, үйлі-баранды болғанымды, балалы-шағалы болғанымды да армандаған шығар. Немерелерін емірене еркелетіп, біздің өмірден өз орнымызды табуымызды көру – басты арманы болды деп ойлаймын. Амал қанша, сол армандарына жете алмай кетті.