Қоғам

Арнайы Жол картасы әзірленеді

Арнайы Жол картасы әзірленеді


Кеше Астанада Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жастар тарапынан ұсынылған бірқатар жобалармен танысып, Үкіметке бұл бастамаларды жүзеге асыруды және ілгерілетуді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды Жастар жылының ашылуымен құттықтап, бұл шараның келешек ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оны онлайн режимде Өскемен мен Семей қаласының жастары тамашалап, өзара пікір алмасты.

– Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы ірі қалалардағы жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешіп, оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді басты назарға алу керектігін атап өтті.

– Өткен жылы Қазақстанда орта мектепті 125 мыңнан астам жас түлек бітіріп шықты. Келешекте еңбек нарығына шығатын жастардың саны арта түспек. Бүгінде елімізде 300 мыңға жуық адам немесе жастардың 9 пайызы оқуға және еңбекке тартылмаған. Бұл санатқа жататын жастардың санын азайтуға септігін тигізетін тиімді шаралар қабылдау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев техникалық және кәсіби білім беру жүйесін сапалы дамытудың негізгі басымдықтарына арнайы тоқталды.

– «100/200» қағидаты негізінде «Жас маман» бағдарламасын әзірлеу қажет. Үш жыл ішінде бұл жоба еліміздің барлық өңірі бойынша 00 мыңға жуық жас азаматты қамтитын болады. Осы жоба аясында жаңғыртылған 200 оқу орнының базасында сұранысқа ие 100 индустриялық және қызмет көрсету мамандығы бойынша кадрлар даярлау іске асырылады, – деді Елбасы.

Елбасы жастардың стартаптарын қолдауға арналған арнайы қор құруды тапсырды. Бұдан бөлек, Үкіметке волонтерлікпен айналысатын жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысын 30 пайызға дейін арттыруды жүктеді. Сондай-ақ Президент «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керектігіне тоқталып өтті.

Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл жас қазақстандықтарды қолжетімді әрі сапалы білім, жұмыс, тұрғын үй және отбасын құру жөніндегі маңызды қажеттіліктермен қамтамасыз етуді көздейтін нақты қолдау шараларын қамтуға тиіс.
Салтанатты жиында еліміздегі әр саланың үздік мамандары бас қосып, табысқа жетудің құпияларымен бөлісті. Олардың қатарында жерлесіміз, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Мерей Қарт та бар.

– Армысыз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз қазақтың жас ақын-жазушылары ұлт руханиятының дамуына барынша үлес қосып жүрміз. Мұның барлығы Сіздің арқаңызда деп білемін. Ендігі кезекте, Қазақстан Жазушылар одағы ұсынған жобаны алға тартпақпын. Алдағы уақытта елімізде жас ақын-жазушыларға арналған әдебиет академиясын ашуға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз. Егер бұл білім ордасы ашылатын болса, жастардың әдебиетке деген қызығушылығы артатынына кәміл сенеміз, – деді Мерей қарт.

Ал салтанатты жиынды онлайн режимде тамашалаған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Амангелді Толамисов Жастар жылында Өскеменде талай шаруа атқарылатынын атап өтті.

– Биылдан бастап біз ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ жетімдер үйінің тәрбиеленушілерін тегін жатақханамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар үздік оқитын студенттерге «Абай» мен «С.Аманжолов» атындағы шәкіртақыларды тағайындайтын боламыз. Бұл жастарды ынталандыру мақсатында қолға алынбақ, – дейді Амангелді Толамисов.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенттері де Жастар жылынан жақсы жаңалықтар күтетінін жеткізді. Солардың бірі – Айдар Бексадық. Ол тарих, филология және халықаралық қатынастар факультетінде білім алуда. Мамандығы – тарих пәнінің мұғалімі.

– Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып, білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінсе екен. Сонымен қатар жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген пайызбен несие берілсе деген ұсынысым да бар, – дейді ол.

Арнайы Жол картасы әзірленеді

«Еліміздегі 10 колледждің материалдық-техникалық базасы қайта жабдықталып, жастардың сапалы білім алып шығуы үшін барлық жағдай жасалады» деген ой түйді Елбасының қатысуымен өткен жиынды тікелей эфир арқылы тамашалаған семейлік жастар.

– Елбасымыз: «Біздің кезімізде ұялы телефон түгілі, теледидар да болған жоқ. Ал қазір заман басқа. Ең бастысы, жастардың қолында не керектің бәрі бар» деп айтты. Ал бұл сөз әр жасқа ой салды деп ойлаймын, – дей келе, Семей электротехникалық колледжінің директоры Азат Сәрпеков жастарды Елбасының сенімін ақтауға шақырды.

Қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Соғымбай да өз пікірін білдірді.

– Елбасының Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзі Семейдегі 85 мың жасты бір серпілтіп тастады. Тіпті бізге ерекше күш-жігер сыйлады деп айтсақ та қателеспейтін шығармыз, – деп ағынан жарылды ол.

Жиын соңында жастар «Біз өз Президентімізбен, өз елімізбен мақтанамыз! Біз талантты жастармыз!» деп ұрандатып, Елбасы жүктеген міндеттерді бір кісідей орындауға атсалысатындарын жеткізді.

Ажар Мұратқызы
Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button