Арнайы салық режимін кімдер пайдалана алады?
Азамат Темірбеков
Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін жер көлемі 3,5 мың гектардан аспайтын шаруалар пайдалана алады.
Бұл туралы «Adal komek» жобасы аясында аталмыш тақырыпта тікелей эфир өткізген Зайсан ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Мейрамбай Мұхамадиев хабарлады. Оның айтуынша, аталған салық режимін ел аумағындағы қосымша құн салығын төлеуші болып саналмайтын шаруа немесе фермер қожалықтары пайдалана алатын көрінеді. Дей тұрғанмен салық төлеудің мұндай режимін пайдаланбас бұрын шаруаның кәсібі бірқатар талапқа сай болуы тиіс.
– Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнайы салық салу режимін қолдану мақсатында жекеменшік және жер пайдаланудың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жиынтық алаңы белгіленген жер учаскелерінің шекті алаңынан аспауы тиіс. Шығыс Қазақстан облысы еліміз бойынша екінші аймаққа жатады. Осы себепті, шаруа қожалығы аталған режимде жұмыс істеуі үшін жер көлемі 3500 гектардан аспауы тиіс, – дейді Мейрамбай Мұхамадиев.
Ауданда Мемлекет басшысының микро немесе шағын кәсіпкерлік нысандарын және арнайы салық режимін қолданушыларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату бағытында берген тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар жұмыс жүргізілген. Атап айтсақ, осы уақыт аралығында бизнесін ашық әрі адал жүргізген шаруаларға салық саласында біршама жеңілдік жасалып, ісін одан ары дөңгелентуге мүмкіндік берілді.