Қоғам

Арнайы оқу-жаттығулар ұйымдастырылды

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына сай аудандардың аумақтық қорғаныс роталарымен жиындар өтіп жатыр. Соның аясында запастағы әскери міндеттілер тартылған мемлекеттік нысандарды күзету және қорғау бойынша арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар ұйымдастырылуда. 

– Екінші апта қатарынан аудандық аумақтық қорғаныс роталарының әскери міндеттілерімен әскери жиындар өткізіліп келеді. Өткен аптада Глубокое, осы аптада Катонқарағай аумақтық қорғаныс ротасымен өтті. Негізгі мақсат – әскери міндеттілерді қару ұстауға, ұрыс жүргізуге, стратегиялық объектілерді және елді мекендерді күзетіп, қорғауға үйрету. Облыс әкімдігі жиындарды киім-кешекпен, көлікпен, тамақпен қамтып отыр, – дейді облыс әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Еркен Сәрсембинов.

Сондай-ақ облыс әкімдігі жиындарға жұмыс орнынан тартылған әскери міндеттілердің жалақысын өтеуге қаржы бөлген.

– Әскерилер жиындарды өткізу кезінде қару ұстау дағдысын, объектілерді күзету және қорғау жөніндегі білімін шындайды. Әскери тәртіп қатаң сақталуда, әр әскери ел қауіпсіздігі үшін жауапты екенін сезінеді, – деді облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Марат Сүлеев.

Өскемен ГЭС-ін күзетуге атсалысқан әскери міндетті Артем Сарыбаев жиын басшылығы запастағы әскерилердің жаттығуын сапалы ұйымдастырғанын айтып, қаруластары атынан алғысын білдірді.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button