Мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұру үшін ел азаматтары белгіленген бес санаттың біреуінде болуы қажет.
Бұл туралы Жарма ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Мархабат Жұмағалиева хабарлады.
– Еліміздің тұрғын үй туралы заңнамасына сәйкес тұрғын үй алу кезегіне тұру үшін азаматтар бес санаттың бірінде болулары қажет. Атап айтсақ, бірінші санатқа – мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйым қызметкерлері, екіншіге – көпбалалы отбасылар, үшіншіге – халықтың әлеуметтік осал топтары, төртіншіге – жалғыз үйі апаттық жағдайда деп танылған азаматтар жатса, бесінші санатқа – жетім балалар енгізілген. Сонымен қатар үшінші санаттың өзі толық емес отбасы, І, ІІ-топ мүгедегі және Ұлы Отан соғысы мүгедегі немесе қатысушысы бар отбасылар болып үш топқа бөлінеді, – деді Мархабат Жұмағалиева.
Оның айтуынша, қажетті құжаттарды жинақтап өткізген соң, азаматтардың өтініштері 30 күн ішінде қаралып, кезекке қойылғандығы туралы хабарлама ұялы телефондарына келіп түсетін көрінеді.