ҚоғамТОП

Арменияда туып, Қазақстанда өскен

80-ші жылдардың басында Қазақстанға келген Зарзанд Манучарян құрылысшы болып істейді. Содан кейін 1988 жылы қазақ жерінде тұрақтап қалуға шешім қабылдап, Армениядағы отбасын көшіріп әкеледі. Балаларының кенжесі Сара Манучарян ол кезде бар болғаны үш жаста еді.  Ширек ғасырдан артық Шемонаихада тұрып жатқан отбасы Қазақстанды екінші Отанымыз деп санайды.

– Мен ата-анамның кенжесімін. Өзімнен үлкен екі әпкем бар. Менің әкеме Қазақстанның ұнағаны соншалық, ол барлығымызды осында көшіріп әкелді. Ол кісі айналамыздағы адамдардың қонақжайлылығына, кішіпейілдігіне риза болып  отыратын. Осы жерде жұмыс істеу, отбасын асырау оңай болды дейтін. Армениядағы туыстарымызбен де байланысымызды үзген емеспін. Бірақ біздің әулет үшін Қазақстан – екінші Отанымыз, – дейді Сара.

Сара Манучарян Шемонаиха қаласындағы Достық үйінде этноаралық қатынастар жөніндегі әдіскер болып істейді әрі аудандық Аналар кеңесінің төрағасы. Сәкен Аманжолов атындағы ШҚУ-ды, Мәскеу экономикалық институтының Өскемен қаласындағы филиалын тәмамдаған.

24 жасынан жеке кәсіпкерлікті меңгерген Сара өзінің болашағын Қазақстаннан тыс жерде елестете алмайды.

– Мен үш жасымда келіп, осында оқып, білім алдым, оң мен солымды таныдым. Өмірімде кездескен барлық жандарға алғысым шексіз. Менде ешқашан бөтен елде, бөтен жерде жүрмін деген сезім болған жоқ. Қазақстан сияқты елде өскенімді мақтан тұтамын, қазақ елінің мәдениетін көріп, ұлттық тағамдарын татқанымның өзі мен үшін бақыт. Ең бастысы – өмір тыныш, аспанымыз ашық. Бейбіт өмірді аңсап жүрген қаншама елдерді білеміз. Біздің елімізде жұмыс істеуге де, оқуға да барлық жағдай жасалған. Тек соны бағалай білуіміз керек, – дейді Сара толғанып.

Сара Зарзандовнаның ұлы Алекстің сүйікті тағамдары бауырсақ пен сірне екен. Қолдары босап, достарымен бас қосқанда міндетті түрде осы тағамды дайындауды жақсы дәстүрге айналдырыпты.

– Мен елімізде тұрып жатқан барша халыққа, өмір ғажап және тамаша мүмкіндіктерге толы, тек соны жүректеріңізбен сезініп, бақытты болыңыз дегім келеді. Бақытты болу үшін бір-бірімізге деген сыйластық, түсіністік болса, қажет кезде көмек қолын соза білсек, жеткілікті. Осы тамаша қасиеттердің барлығын мен қазақтардың бойынан көремін. Рақмет саған, Қазақстан! Үлкен жүрегің мен ыстық құшағың үшін! Біздің алаңсыз, бейбіт өміріміз үшін! – дейді Сара.

Осы айдарда

Back to top button