Қоғам

Арманы көп Айым қыз

Арманы көп Айым қыз

Айым Мажакеева ақ көңіл, әдемі қыз. Ол бар болғаны 23 жаста ғана, бірақ үшінші топтағы мүгедек. Өзінің денсаулығына қарамастан, алға ұмтылып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп отырған оның өнері мақтауға әбден лайық. Айымның қолынан шыққан дүниелер көрмелерден де орын алып жүр.

Арманы көп Айым қыз

Сырт көзге оның бала кезінде неврологиялық сырқатқа ұшырағандығы тіпті білінбейді де. Қала тұрғындары оны шебер ретінде таниды. Оның жасаған дүниелері көрген көзді сүйсіндіреді.

Арманы көп Айым қыз

Айым сондай-ақ, қолы бос уақытта жеңіл атлетикамен, спорттың қысқы түрлерімен де айналысады.
– Анамның айтуы бойынша, 1995 жылы үш жарым жасымда минингитпен ауырып, бір ай 17 күн ес-түссіз жатыппын. Содан ұзақ жылдар ауырып, емделіп жүрдім. Денсаулығыма байланысты қосалқы мектеп интернатқа бардым. Өз денсаулығыма қарап, спортты серік еттім. Спортпен шұғылданудың арқасында Американың Айдахо штаты, Бойсе қаласында ұйымдастырылған дүниежүзілік олимпиадаға қатысып, бір қола және бір күміс алқаны мойныма тақтым.

Арманы көп Айым қыз

2008 жылы республикалық «Special Olympics» ұйымдастырған, Алматы қаласында өткен минифутболға қатысып, командалық есепте III орынға ие болдық. Қалалық мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткізілген «Күз аруы-2011» байқауында бас жүлдеге ие болдым. Сондай-ақ, қолым боста кесте тігемін, бисер, жұмсақ ойыншықтар жасаймын. Семей қаласындағы кәсіптік №1 лицейдің шаштараз бөлімін бітірдім. Өскемен қаласында өткен «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты мүгедек жандарға арналған фестивальға қатысып, мақтау қағаз бен бағалы сыйлыққа ие болдым, – дейді Айым.

Арманы көп Айым қыз

Сондай-ақ, ол Семей қаласында өткізілген «Күн әлемі» фестиваліне қатысып, бірінші орынды қанжығасына байлаған.
Өкініштісі, кейде сырқаты ара-тұра сыр беріп қалады. Бірақ қайсар қыз оны елемеуге тырысады. Оған дем беретін – жұмысы. Бисерден түрлі бұйымдар жасау –оның сүйікті ісі. Бисерді қазақша жасанды інжу-маржан деп те атайды. Нағыз інжу-маржан теңіздің түбінде жатады. Бұл күндері көптеген шеберлер қолданатын інжу-маржандар пластмасса, шыны, ағаш, металдан да алынады. Өз денсаулығына орай арнайы интернатта тәлім алған Айым жасанды інжу-маржанды тізбектеп, әртүрлі нәрсе жасауды, кесте тігуді сонда үйренеді. Осының бәрі оның шеберлігінің шыңдала түсуіне ықпал еткен. Бір қуанарлығы, Айым биылғы мамыр айында «Даму» кәсіпкерлерлікті дамыту қоры» мен «Құс жолы» қайырымдылық қорының бірлесіп ұйымдастырған «Жұлдыздарға қара» жобасын жеңіп алып, жас кәсіпкер ретінде танылды. Грант есебінен оған тігін машинасы мен 120 метр қажетті мата берілді. Патент алған Айым Мажакеева қазіргі кезде өзі үйінен бизнес ашып, тұрмыстық заттар мен төсек жабдықтарын тігіп жатыр.

Арманы көп Айым қыз

– Тапсырыстар өте көп, бос уақытым жоқ деуге болады, – дейді ол жымиып.
Белсенді қыз таяуда «Сөз мерген» сайысына қатысып, III орын алса, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен қалалық шахмат сайысында III орынды еншіледі.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button