Қоғам

АРМАНҒА ЖЕТКІЗГЕН 50 МЫҢ

Біреудің шайлығы, ал, біреудің айлығы болып отырған 50 мың теңге де кәсіп көзін ашуға себепші бола алады екен. Осы азын-аулақ қаржы Зухра Кәкенованың бизнеспен айналысуына  жол ашып, он жыл бойы ойынан шықпаған арманына жеткізіп отыр.

Бәрін басынан бастайықшы.     2009 жылы тұрмысқа шыққан   Зухраның жаңа кәсіп көзін табуына жолдасы Бекжан қолдау көрсетіп, сол жылы  екеуі екі жақтап жүріп аудан орталығындағы саябақтан ойын алаңын ашады. Жай алаң емес, ойын-сауық аттракциондары бар балалалар алаңдары.

– Біз ойын алаңына  батут, үлкен доппен ойнайтын гигаболдар қойып,  балалар машиналарын жалға беріп, балбұздақ саттық. Кәсібімізді енді ғана бастаған  сол кезде ойын алаңы жанынан, орталық саябақтан дәмхана ашсақ қой деп армандағанбыз. Бәрі бірден бола қоймайды ғой. Сол кезден бастап  осы бастама ойымыздан бір сәт шыққан жоқ.-дейді Зухраның жолдасы   Бекжан Жұмакишев.

Зухра өзі бастаған  бұл бизнесімен екі жылдай айналысты. Бірақ, бәсекелестер пайда болып, ойын алаңдары көбейген сайын бірте-бірте кәсібінен түсетін кіріс азайып сала берген. Ерлі-зайыптыларға ақыры өз бизнестерін сатуға тура келеді. Одан түскен ақшаға ломбард ашып, екі жылдай осы қызмет түрімен шұғылданады. Тағы да сол бәсекелестік ортаның көбейіп кетуі салдарынан олар бұл бизнес түрін де өзгертуге бел буады. Одан соң нартәуекел деп аэродизайнмен, тойларды, мерекелік  шараларды әсемдеумен, гүл бизнесімен айналысуға көшеді. Бірақ кәсіпкерлер  көп ұзамай бұл кәсіптерін  де жылы жауып, тоқтату туралы шешім қабылдайды.

Гүл бизнесінен кейін Зухра кәсіпкерліктен кетіп,  бірнеше жыл бойы өз мамандығы бойынша  тарих пәні пен автоісі оқытушысы болып еңбек етуге кіріскен екен. Бұл уақытта балаларын өмірге әкеліп, магистратураны аяқтап, доктарантураға түседі. Келесі жылы  PhD докторанты дәрежесін қорғамақ.

Ал мамандығы юрист, экономист   Бекжан 2018 жылы мемлекеттік қызметті тастап, облыс кәсіпкерлері палатасына  бизнес-тренер болып жұмысқа орналасып, Жарма, Көкпекті, Глубокое аудандары тұрғындарын «Бастау-бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды қолға алады.

– 2019 жылы Зухра жұмыстан босап, «Бастау-бизнес» жобасына қатысып, оқыды. Өткен жылдың сәуірінде пандемия жайлаған шақта біз тамақтандыру бизнесімен, ролли, суши жасаумен шұғылдануға кірістік. Өйткені Қалбатауда мұндай тағам түрін шығаратын ешкім жоқ еді. Осылайша, біз ең алғашқы болып әлі  ауылдарға жете қоймаған тағам түрі- суши, ролли өндіруді қолға алдық,-дейді Бекжан Жұмакишев.

Аспаздыққа асып тұрған Зухра әу бастан-ақ үйде суши мен ролл жасаудың да қас шебері болған екен. Зухраның ролдары мен сушилары қашанда  қонақтарының көңілінен шығып, тамсантып жүрген. Оның қолымен жасалған бұл таңсық тағамдардың дәмін татқандардың бәрі мақтауларын асырып, таңданып  жататын көрінеді. Дәл осы мақтау, қошеметтер Зухраның ойланбастан жаңа кәсіпке кірісуіне түрткі болады. Өздерінің айтуларынша, сол уақыттарда ерлі-зайыптылардың қолында бар жоғы 50 мың теңге ғана болған.  Осы азын-аулақ қаражатқа қалаға барып қажетті шикізаттарды, қоспаларды сатып алып келіп, ас бөлмесінде суши, ролл жасап, үйде отырып  тапсырыс бойынша ауылдастарына тарата бастайды. Қолдағы барына қарап, әрі өте ме, өтпей ме деп әліптің артын баға бастаған істері ойларынан шығып, кеткен ақша әжептәуір қайтарымын береді. Бірте-бірте  тамақтарды жасайтын арнайы орын жалдап, құрал-жабдықтарды орналастырып, тамақтарды күн сайын үзбей мекенжайларға жеткізіп тұруға көшеді.

2020 жылы   Зухра  «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант алып, бастаған кәсібін кеңейтудің  мүмкіндігі туады. Бизнес-жобасын сәтті қорғап шығып, 555 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болады. Жарма ауданындағы кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Дастан Мұхаев Зухраның бизнес жобасының жүзеге асуына көмектесіп, құжаттарын жасап, жан-жақты қолдау көрсетеді.

«Зухра гранттық қаржыға заманауи құрал-жабдықтар сатып алды. Өз қаржысына бұрыңғы дәріхана ғимаратын сатып алып, жөндеуден өткізді. Ішіне қажетті жиһаздарды да сатып алды. «Бастау-бизнестің» арқасында ауылымызда жаңа кәсіпкерлік нысаны пайда болып,  8 сәуір күні «Tanuki» суши-дәмханасы өзінің алғашқы келушілерін, қонақтарын күтіп алды,-дейді Дастан Мұхаев.

Бір айта кетерлігі, дәмхананың өнім түрлері интернеттен емес, Қалбатауға Қазақстанның үздік шеф-аспаздарын шақырту арқылы іріктеліп, құрастырылыпты. Олар Зухраны суши жасаудың бүге-шігесіне, жай-жапсарына үйретіп, суши жасаудың өзіндік құпияларымен бөлісіп қайтқан. Зухраның бұдан да биік, ең басты жетістігі – «Tanuki» суши-думханасына келушілердің әлеуметтік желілерде жазып, қалдырып жатқан алғыстары, ой-пікірлері мен қолдаулары.

Кәсіпкер отбасының  2009 жылдан бері армандаған жоспары осылайша ойда-жоқта жүзеге асып, тілегі қабыл болды. Бірден емес, бірақ үлкен еңбекпен, құлшыныспен қол жеткізген бизнесі Зухраның қаншама жылдарғы ізденісінің, қайта тұрып қимылдауға күш берген қателіктерінің, талай жыл жинаған тәжірибесінің тәтті жемісі.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button