ТОП

Арманға айналған төрт пайыз

16 мамырдан бастап елімізде жеңілдетілген пайызбен жеңіл автокөлік, ауылшаруашылық техникаларын алудың механизмі іске қосылды. Аталған жеңілдік кімдерге қолжетімді, шарттары қандай, қандай көліктер алуға болады? Қарапайым халық қаланы айтпағанда, ауылдан келіп, өзі қалаған көлігін таңдап мініп кете ала ма? Бұл мақаламызда Өскемендегі автосалондардан осыған жауап іздеп көрдік.

Алдымен біз телефонмен хабарласқан негізгі оператор «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ өкілдері жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының 4 пайыздық жұмыс механизмін түсіндірді.

Шарттарға баса мән беріңіздер

Олардың айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін мына шарттарды орындау қажет:

  • тұтынушы дилер автоорталығына жүгініп, отандық өндіріс автокөлігін таңдауы керек;
  • дилер автоорталығының өкілдері қарыз алушыға қолданылу мерзімі бес банктік күннен аспайтын VIN-кодты міндетті түрде көрсете отырып, төлемге шот береді;
  • тұтынушы банкке VIN-кодты көрсете отырып, төлем шотымен жүгінуі қажет;
  • банк өтінімді қабылдаған сәттен бастап тұтынушы электронды кезекке тұрады;
  • банк тұтынушының төлем қабілетін және кредиттік тарихын бағалайды, оң шешім қабылданған жағдайда банк кредит беруге мақұлдауды және қолданылу мерзімі бес банктік күннен аспайтын кепілдік хатты береді;
  • кепілдік хатын алғаннан кейін тұтынушы автокөлікті рәсімдеу үшін дилер автоорталығына жүгінуі тиіс;
  • егер тұтынушы кепілдік хатты алған сәттен бастап 10 банктік күннен кешіктірмейтін мерзімде банктік қарыз шартын рәсімдемесе, ол кезектен шығарылады.

Өтінім бергеннен кейін тұтынушы таңдалған автомобильдің маркасын және моделін өзгерте алмайды немесе кезекте тұрған орынды басқа жеке тұлғаға қайта тіркей алмайды. Бас тартқан жағдайда қарыз алушы электронды кезектен шығады және оның орнына жаңа қатысушылар қосылады. Бағдарламаға бір тұтынушы екі жылда бір рет қатыса алады.

“Төлем қабілетін тексерумен және автозаймдарды мақұлдаумен екінші деңгейдегі банктер (серіктес банктер) айналысады. Банк өтінімді мақұлдағаннан кейін мақұлданған өтінімнің мәртебесін тұтынушының өзі “Өнеркәсіпті дамыту қоры” АҚ-ның қатысуынсыз тиісті банктің платформасында (онлайн – кезек) қадағалайды”, – деді қордағылар.

Автокредит алу үшін мына екінші деңгейлі банктерге жүгінуге болады: “Еуразиялық банк” АҚ, “Банк Центр Кредит” АҚ, “Қазақстан Халық банкі” АҚ, Forte Bank АҚ.  Өскемен қаласында 16 мамырдан бастап осылардың алдыңғы үшеуі ғана қарқынды жұмыс істеуде.

– Бұл түпкілікті тізім емес, екінші деңгейдегі банктердің өтінімдерін қарау барысында Өнеркәсіпті дамыту қоры бағдарламаға қатысушы серіктестерді қосып отырады, – дейді мұндағы баспасөз қызметіндегілер.

Қазіргі уақытта қазақстандықтардың отандық өндірістегі, дәлірек айтсақ, Қазақстанда құрастырылатын KIA, Hyundai, Chevrolet, JAC, LADA брендтерінің қазақстандық жаңа жеңіл автомобильдерін сатып алу мүмкіндігі бар.

Оқырмандар есіне салайық, несие мына шарттармен беріледі:

  • сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4 пайыз;
  • кредит беру сомасы – 10 миллион теңгеден аспайды;
  • қаржыландыру мерзімі – 7 жылдан аспайды;
  • бастапқы жарна – 0 пайыздан бастап;
  • көлік құны – 15 миллион теңгеден аспайды.

 Бір қарасаң бәрі жақсы…

 Жоғарыда айтылғандарға қарасаң, бәрі жақсы, келдің, рәсімдедің, өзің таңдаған жаңа жеңіл көлікті  жеңілдікпен алып, мініп кете бардың. Тура ертегідегідей. Ал шын мәнінде… Шын мәнінде олай емес. Айтайық.

Өскемендік өрт сөндіруші, 35 жастағы Тұрар Мақсатұлы бұл жеңілдікті жыл басынан тосқан. Бағдарламаның басталуын күтіп, сәуірдің соңында қаланың әр басындағы автосалондарды да аралаған. Алайда бағдарлама талаптары жарнамасында айтылғандай еместігіне көлік алар кезде көзі бірақ жеткен. Ол көп дүние бірден ашық айтылмайтындығына налиды.

– Ең алдымен автосалонда төлемге арналған прайс-лист аласың, онда менеджер мөр қойып, келген күніңді жазады. Осы қағазбен банк менеджеріне барып, өтініш бересіз, яғни BIN код аласыз. Өтініште көрсетілген машина автосалонда болуы керек. Бірақ мұндай автомобильдерде қосымша жабдық орнатылған, оны алып тастауға және бұл жабдықсыз сатуға болмайды. Олардың құны мен таңдаған көліктерде 500-600 мың айналасында. Мұны бір деп қойыңыз. Қосымша жабдықтар салынбаған көліктер жоқ немесе автокөлік дилерлері осы аксессуарлардан ақша табу үшін жоқ деп әдейі айтады. Ал бағдарлама шартына сай қарапайым базалық көлікке тапсырыс берсеңіз оны 6 ай күтесіз, оған дейін көлік тағы қымбаттап кетеді, сол бағамен аласыз деп қорқытады. Осылай бастапқы жарна жоқ деп келгенде, ойламаған шығындар шыға келеді, елдің бәрі сондықтан көлік ала алмай ренжіп қайтып жатыр, – деді Тұрар.

Оның айтуынша, 4 пайыздық автонесиеге қатысушыларды тағы бір  «тосынсый» күтіп тұр. Мәселен, банктен автонесие алу үшін несиенің барлық мерзіміне КАСКО сақтандыруының төлемін төлеу керек. Ал ерікті-міндетті сақтандырудың бұл түрі 7 миллион теңгеден тұратын көлік үшін 500 мыңнан астам теңге.

– Егер жеті жылға несие алсаң, онда КАСКО-ны бүкіл кезеңге төлеу керек. Ал бұл 500 мың теңгеден асады. Яғни, жеңілдікпен автонесие берудің мағынасы жоғалады. Өйткені мысалы, мен өзім таңдаған Lada Granta автокөлігі бастапқы жарнасыз 6 миллион теңгеден сәл асады. Жылдық төрт пайызбен артық төлемі жеті жылға шамамен 1 миллион теңге болады. Бұл сомаға қосымша  жабдықтарға және КАСКО үшін банк кассасына қолма-қол төлейтін миллион теңгені және қосамыз. Нәтижесінде, 6 миллион теңге тұратын жаңа көліктің құны шамамен 8 миллион теңге болады. Ал бұл есептесеңіз, жылына төрт пайыздан асып кетеді, сонда мұның қай жері жеңілдетілген несие екені түсініксіз, – дейді ол.

Яғни, Тұрардың айтуынша, алты миллион теңге тұратын 2022 жылғы Lada Granta-ны алғашқы жарнасыз төрт пайызбен сатып алу үшін Сіздің қолыңызда көліктің қосымша жабдықтарына және КАСКО сақтандыруына өз қолыңызбен апарып төлейтін кем дегенде бір миллион теңге ақшаңыз болу керек. Бұл ең арзан көліктің есебі, құнына сәйкес баға да арта береді. Бір сөзбен айтқанда, көзге көрінбейтін, менеджерлер айтпайтын алғашқы жарнаңыз осы. Сонда мұның қай жері алғашқы жарнасыз деп сабылған халық көп Өскемендегі автосалондарда.

 Теңізге тамған тамшыдай 

Ең қызығы, Өскеменде салонда бар көліктер 16 мамыр күні-ақ кешке жетпей таусылып қалған, әсіресе беріліс қорабы автоматты болып келетін көліктер мүлде жоқ. Ендігі көлік тепкісі келетіндер, күнде таңертең жетіден барып  кезекке тұрып, көлік күтуге мәжбүр. Бар үміт алған көлігінен бас тартқандардың, банк несие бермегендердің босаған орындарына үміт арту.

–  17 мамыр күні түсте КШТ-дағы  KIA, Chevrolet, JAC көліктерін сататын салонға келіп өтініш бергенде, менеджерлер маған көлік таусылғанын, зауыттан шығарылып, жолда келе жатқандардың бәрі сатылып кеткенін айтты. Мен автомат қорапты Chevrolet көлігін алу үшін 474-ші болып кезекке жазылдым. Қашан келерін ешкім білмейді. Бірең-сараң механикалық беріліс қорабы бар көліктер ғана қалыпты. Соны ел таласып алып жатыр. Көлік іздеп жүргендер салондарда базалық көліктердің жоқтығына және қосымша жабдықтары орнатылған көліктер неге бағдарлама талаптарына кірмейтіндігіне, не үшін қосымша миллион теңге артық төлейтіндеріне қапалы. Бұл 4 пайыз туралы қалада қанша жыл тұратын біз білмей, қол жеткізе алмай жатқанда, ауылдағы ағайын туралы тіпті айтудың қажеті жоқ, олар бәлкім естімей де кететін шығар. Қысқасы, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Үкімет бұл бағдарламаның уақытын, беретін қаржысын көбейтсе ғана үміт болар, – дейді Дархан Шәкенов есімді өскемендік.

Елдегі тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің автокөлік дилері қосымша жабдығы бар көлікті сатуға тырысқан жағдайда не істеу керегін түсіндіреді.

“Егер автосалонның ресми сайтында прайс-листте немесе брошюраларда шарттың барлық талабы, оның ішінде автомобильдің ресми құны көрсетілсе, онда тұтынушы оны сипаттамада көрсетілген жиынтық пен бағаға сатып алуға құқылы. Тауарды үлгі немесе сипаттама бойынша сатқан кезде тұтынушы үлгіге немесе сипаттамаға сәйкес келетін осы өнімді алуға құқылы. Сатушы тұтынушыға осындай тауарды беруге міндетті. Қосымша ақы төленетін тауарлар тұтынушылардың құқығын бұзатын шарттарға жатады. Белгілі бір тауарларды сатып алу кезінде басқа тауарларды міндетті түрде сатып алу шартын қоюға заңмен тыйым салынады”, – деп жауап берді ведомство өкілдері.

Қарап отырсақ, жеңілдетілген автонесиеге республика бойынша бөлінген 100 млрд. теңгенің 70 пайызы ғана жеңіл көліктерге, қалғаны басқа мақсаттағы техникаларға бағытталған. Бұл орта есеппен алғанда он мың дана көлік қана. Он мың көлік кімге жетпек? Соманың тым аз екенін автосалон өкілдері де жасырмайды.

– Бұл бағдарламаны халық ұзақ күтті. Біз де дайындалдық, 16 мамырда түскі екіде бастадық. Біз тек «LADA» брендін саудалаймыз. Екінші деңгейлі банктер жұмыс істеп жатыр. Бағдарламаға екінші рет қатысудамыз. Біздің салонда барлық комплектациялар бар. Тапсырыспен де алуға болады. Шынын айту керек, көлік саны аз, алушылар көп. Халықтың бәрі арзан көлік алғысы келеді. Екі күнде 33 көлік саттық. Қостанайдан келіп үлгермей жатыр. Бізге 10 млрд теңге бөлінді, соны игереміз. Ал бағдарламаның қанша уақытқа дейін жалғасатыны белгісіз, мемлекет бөлген ақшаны игергенше жұмыс істейміз. Егер Үкімет қосымша ақша бөліп жатса, онда жақсы болар еді, – дейді «ILBRES MOTORS» ЖШС-нің Өскемендегі  салонының даму бойынша директоры Мұрат Әбиев.

 P.S. Сонымен жағдай осылай, әзірге табысы орташа қарапайым халық үшін 4 пайыздың өзі арман болып тұр. Ал бағдарламаның ел үшін ең тиімді тұсы, әлгі Тұрар айтқан «LADA» брендтті 6 миллион теңге тұратын 2022 жылғы Granta-ны төрт пайызбен алсаңыз, қарызды жеті жылдан соң үстіне шамамен миллион теңге ғана қосып қайтарасыз. Ал бұрын бағдарлама болмай тұрғанда, салоннан 24 пайызбен несие рәсімдегенде жеті жылдан соң үстіне тағы бір Granta-ны қосып қарызды жабатынбыз. Пайдалы жері осы ғана болып тұр. 

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button