Армандар орындалады

Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері «Көгілдір түспен жан!» атты халықаралық акция ұйымдастырды. Флешмобқа 300-ден астам адам қатысты.Іс-шара ең алдымен қоғамда осындай балаларға деген оңды көзқарасты қалыптастыруға бағытталды.
Қазіргі таңда облыста аутизмге шалдыққан 384 бала тәрбиеленуде. Әлемде әлі күнге дейін осындай ерекшелігі бар балақайларды бейімдеудің қалыптасқан жүйесі жоқ. Соның салдарынан аутист балалардың ата-аналары көп жағдайда ақпараттың аздығынан жеке оқшауланып қалуда. Бұл тек аутизмге ғана қатысты емес, баласының ерекше қажеттілігі бар басқа отбасыларының да проблемасына айналып отыр.
Өңірде 2018 жылдан бастап облыс әкімінің инклюзивті білім беруді дамытудың үш жылдық бағдарламасы қолға алынғалы жағдай біршама жақсарғаны қуантады. Жоба осындай балғындарды инклюзивті біліммен қамтуды жеті есе арттыруға мүмкіндік береді. Үш жылғы бағдарламаға бір миллиард теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде мектептердегі дефектологтар мен логопедтердің саны үш есе өсіп отыр.
2019 жылы жұмыс істеп тұрған 13 бейімдеу орталығына тағы төрт мекеме қосылады.
2016 жылы елімізде облыс әкімінің бастамасымен тұңғыш ашылған 100 орынға арналған «Ақниет» мектеп-интернатында өңірдің түкпір-түкпірінен келген ерекше балалар инклюзивті білім алуда. «Ақниеттік» тәрбиеленушілер ақылды жылыжайлар ашып, роботтарды бағдарлауды ойлап тапты. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бағдарламаны жүзеге асыру барысында әлі талай «жұлдызшаларды» ашуға байланысты проблемаларды шешу керек болатынын айтты. Әр диагноздың артында кедергілерден арылуды қажет ететін балалар тұрғаны белгілі. Нәтижесінде жалпы білім беретін мекемелерге бұрын бара алмаған балақайлар алғаш рет мектеп партасына отыру мүмкіндігіне ие болады. Мысалы,көзі көрмейтін балалар облыс орталығындағы №19 мектепте арнайы сыныпқа барады.
Аутизм туралы ақпаратты тарату күнінде облыстағы әлеуметтік салаға қатысы бар барлық басқармалардың басшылары аутист диагнозына басқаша қарауға үндейтін акциялар өткен мекемелерде болды.
-Өкініштісі, жыл сайын аутизмге шалдыққан балғындардың саны өсуде. Жағымды жағы – ондай балақайлардың 80 пайызы бейімдеу жұмыстары сауатты түрде жүргізілгенде жалпы білім беретін мектептерде, коррекциялық сыныптарда оқи алады, мамандық меңгеріп шыға алады. Осыдан бірнеше жыл бұрын тіпті дауасы, шипасы жоқ деп қабылданса, қазір жаһандық мәселе болғанына қарамастан, оларды түзетуге арналған көптеген әдістер мен бағдарламалар бар, – дейді университет оқытушысы, психология ғылымдарының кандидаты Мадина Ауренова.
Университет «Страна чудес», «Асыл мирас» аутист орталықтарымен тікелей жұмыс істейді, студенттер сол жерде іс-тәжірибеден өтеді. Оқу орнының зияткерлік іс-тәжірибелік зертханасында сенсорлық бөлме жабдықталған. Тілінің шығуында, ақыл-ойында кемістігі бар балаларға құлаққап кигізіп, түрлі дыбыстарды естірту арқылы басындағы нүктелердің рефлекстеріне әсер ету нәтижесінде олардың ойлау әрекеттерін белсендіруге арналған әдістеме қолданылады екен.
Аутист балалар өздерінің дені сау құрбыларымен бірге оқулары керек. «Болашақ» қоры облыстың төрт мектебінде сынып бөлмелерін жабдықтап, мұғалімдерін оқыту міндеттемесін алыпты. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Өскеменде үш, Семейде бір мектеп қанатқақты жоба аясында аутист балаларды қабылдайды деп жоспарлаған.
Айна Ескенқызы