Қоғам

Арманға айналған көпір

Арманға айналған көпір


Көк мұздың үстіндегі жып-жылтыр жолмен зуылдап арғы жағаға бірнеше минөтте-ақ жеттік. Ал енді бірер аптадан соң мұз еріп, бұл жолдың көпке белгілі мың машақаты қайтадан басталмақ.

Бұқтырма су қоймасының мұзы ери бастасымен-ақ Күршім ауданының тұрғындары, кәсіпкерлері облыс орталығына, басқа жаққа Зайсан, Зырян арқылы қатынап, бір жарым ай бойы айналма жолдың әуресін әбден тартады.

– Қазір Қызылту өткеліндегі мұз 2,5 тоннаға дейін салмақты көтереді. Қалыңдығы ортасында – 47 см, шетінде 60 см болып тұр. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция бөлімімен комиссия құрылып, он күн сайын мұздың қалыңдығын өлшеп, тексеріп тұрамыз. Наурызда мұз үстінен алғаш қызыл су жүре бастағанда, күн сайын өлшеп, мұздың салмақ көтеру мүмкіндігін анықтап қойып отырамыз. Көлік жүруге келмейтіндей болып жұқарғанда, шлагбаум қоямыз, – дейді Күршім ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Бауыржан Оразғалиев.

Күршім ауданының халқы көктемде мұз қашан ериді десе, қара күзде Ертіс қашан қатады екен деп алаң көңіл күйге түседі. Паром қыста Ертіс сіресіп қатқанша жүргенімен, көлік тиеген кеме көк мұзда ілгері-кейінді кетіп, мимырт жүрісімен бір жағадан бір жағаға дейін 8-9 сағат жүріп алады. Бұл кезде жағадағы ел қоғадай жапырылып, таңертеңнен кешке дейін кезек күтіп тұрады. Паромның осындай өгіз-аяңынан түңіліп кеткен жүргізушілердің кейбірі «батырлық» танытып, жұқа мұздың үстімен өте шығуға тәуекел етіп жатады. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің…» деген мәтелдің қаншама көлікті жұтып, қаншама адамды мерт қылған дәл осы өткелге ешқандай қатысы жоқ. Көктемде де, қыста да жұқа мұздың үстінен жүйткіп өте шықпақ болған талай көлік, таксилер су астына кетіп жатыр.

– Өткел жолында мұздың үстінен жүруге болмайтыны, тыйым салынғаны туралы белгі, тіпті полиция бекеті тұрса да, жүргізушілердің кейбіреуі нар тәуекел етіп мұзбен жүріп кетіп жатады. Өткелде көліктердің мұзға түсіп кету оқиғалары жыл сайын қайталанып келеді. Бірақ олардың көпшілігі полицияға, бізге хабарласпайды, сондықтан бәрі бірдей тіркелмей қалады. Неге хабарласпайтыны белгілі, тыйым салған жолмен жүргені үшін айыппұл салынып, жүргізуші куәлігінен айырылады. Соңғы жылдары өткелде адам өлімі оқиғасы, адамдардың суға кеткен жағдайлары тіркелген жоқ. Адам өлімі жағдайлары негізінен балықшылар арасында жиі орын алады, мұз үстінде балық аулау қауіпсіздігін сақтамаған балық аулаушылардың суға кетіп қалуы көп кездесуде, – дейді Күршім ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Бауыржан Оразғалиев.

Ертіс өзенінің үстінен өтудің әуресін әбден тартып келе жатқан күршімдіктердің көкейлеріндегі басты сұрақ «Көпір қашан салынады?» «Әне салынады, міне салынады» деген сөзден әбден жалыққан жұрттың ішінде «Бұқтырманың астындағы су ағысы қатты, түбі батпақты болуына байланысты онда көпір салуға мүлде болмайды екен» деген сөздер де айтыла бастаған бүгінде. «Көпірмен қашан жүреміз?» деген сауалды Күршімге барғанда біз аудан басшыларына қойдық.

Қайрат Әзімбаев, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

-Өздеріңіз білетіндей, Бұқтырма су қоймасының үстінен салынуы тиіс көпірдің жобалық-сметалық құжаты толық дайын. Мемлекеттік сараптамада көрсетілгендей, көпірді салуға болатыны туралы оңды шешім бар. Енді құрылысты жүргізетін инвестор керек. Көпір салынар тұстағы өзен түбінің батпақты болып келетініне байланысты жобадағы құрылысқа кететін материалдық шығын көлемі көбейтілді. Жоба жасылынып біткелі бір жыл уақыт өтті. Өзеннің екі жағынан да жер бөлінген, құжаттары әзірленген. Құрылысқа қажетті тас, құм сияқты жергілікті жерден алуға болатын материалдардың қай жерден алынатынына, құрылыс қалдықтарының қай жерге төгілетініне дейін есептеліп, анықталып қойылған. Құрылыс тек инвесторға қарап тұр.

Аудан әкімі Дулат Қажановпен болған есепті кездесуде құйғандық оқушылар аудан басшысына Бұқтырма өзенінің үстінен өтетін сол арман көпірдің картинасын сыйлапты. Ертіске салынатын көпір елдің қиялы болып қана қалмаса екен дейсің.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button