Қоғам

Арман

«Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған..». Суретке қараған бойда осы өлең жолдары ойыңа оралады. Ендеше, суреттің тарихынан сыр шертсек.

Сегіз жастағы қыз баланың суреті Мексикадағы қоқыс полигондарының маңында түсірілген. Бояуы қанық және сәтті шыққан бұл кадрдың авторы – Джанет Джармен. Фотограф 1996 жылдың тамыз айында зерттеу жұмыстарын жүргізуге Мексикаға аттанады. Жергілікті тұрғындардың бірі оған Матаморос қоқыс алаңына баруға ұсыныс тастайды. Қоқыс алаңы Америка мен Мексика шекарасына жақын орналасқан. Межелі жерге жеткен Джанет жанған от пен қою түтіннің арасынан қызды байқайды. Қыздың есімі – Марисоль. Ол отбасымен бірге қайта өңдеуге жарамды деген материалдарды қоқыс арасынан жинап жүрген еді. Фотографпен арадағы әңгімеде Марисоль өзінің Америкаға көшкісі келетінін айтқан.

– Оның жанарында терең сыр бар еді, арман бар еді. Кенет анасы қызына: «Фотоға түс, мүмкін күндердің күнінде атақты болып кетерсің», – деді. Мен қызды сырт еткізіп таспаға тартып алдым, –  дейді фотограф.

Марисоль суретке түсті. Фотограф қалаға қайтып кетті. Арада көп уақыт өтпей Марисольдің анасының айтқаны айдай келді. Қоқыс полигонында түсірілген туынды да, оның авторы да танымал болды.

 

Балауса МЭЛСҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button