Қоғам

Қариялары да, балалары да жан жылуын силайды

Қариялары да, балалары да жан жылуын силайды


Қарты бардың қазынасы бар. Мұны облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» белсенділері ешқашан жадыларынан шығарған емес. Жыл сайын қарияларға, оның ішінде асыраушысы жоқ қарттарға көңіл бөлуді ұмытқан емес. Биыл да белсенді жастар қарттар үйінің тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, оларға шат-шадыман көңіл күй сыйлады.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты «Өскемен қалалық арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КМК тұрғындары да өңіріміздің белсенді жастарын құшақ жая қарсы алып, ақ баталарын берді.

– Осы орталықта тұратын қарияларды үнемі мерекелерімен құттықтап, көңілдерін аулап тұрамыз. Түрлі шаралар ұйымдастырып, қажетті киім-кешек әкеліп беру дәстүрге айналды. Өмірдің түрлі жағдайларымен осы жерге тап болған жандарға біраз болса да қамқорлық танытқымыз келеді, жүректеріне жылулық сыйлағымыз келеді. Олар да біреуге қажет екендігін сезінсе дейміз. Өйткені, осы жандардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, құрметті азаматтар бар,-дейді жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Өзінің құттықтау сөзінде Арайлым Есімбекова қарттарға денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Осыдан кейін С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан облыстық өнер колледжінің талантты жастары мен өзге де өнер иелері қарияларға ән мен биден шашу шашты. Жас өнерпаздар қарттарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, оларға осылайша құрмет те көрсетті. Шара қариялардың жүздеріне күлкі үйіріп, шаттық сыйлады. Олар бір-бірін вальске шақырып, ортаға шығып би де биледі.

– Жыл сайын осы жастар келіп, бізді шаттықа бөлеп кетеді. Олардың қамқорлығы мен құрметіне мың алғыс. Жастар ресурстық орталығы үнемі құр қол келмейді. Келген сайын сый-сияпаттарын ала келеді. Осы жастардың жолдары болып, еңбектері жана берсін дегім келеді,-дейді қарттар үйінің тұрғыны Зоя Сотникова.

«Жастар ресурстық орталығының» белсенді жастары үлкендерге құрмет танытса, кішілерге ізет көрсетуді де ұмытқан жоқ. «Үміт» балалар үйінің бір топ тұрғындарын Үлбі мәдениет сарайындағы ойын-сауық кешеніне апарып, фильм тамашалатты. Кинодан көтеріңкі көңіл күймен шыққан балаларды «Аджика» ресторанында тәтті-дәмдіге лық толы дастархан күтіп тұрды. Ауқаттанып алған балаларды белсенді жастар Шығыс Қазақстан облыстық педагогикалық колледжінің спорт залында бампербол ойынын ойнауға шақырды.

Шар ішіндегі футбол деп аталатын бампербол – ойыншыларына мол эмоциялар сыйлайтын ойынның түрі. Бампербол – футболға ұқсас ойын. Бүгінде әлемнің бірқатар елдерінде осы ойын түрінен қызықты бәсекелер өткізіліп жүр. Жарысқа бірнеше команда қатысты. Әрбір кездесу тартысты өтіп, жанкүйерлерді күлкіге қарық қылды. Ауа толтырылған шарды жарты денеге киіп алып, доп тебу оңай емес. Сүрінесің, құлайсың, қайта тұрасың.

– Ойын өте керемет. Бүгін мен үшін өте қызықты күн болды. Көрген киномыз да, тәтті дастархан да менің ғана емес, достарыма көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны рас. Осындай қамқор ағаларымызға алғыс айтқым келеді. Тәуелсіздік мерекесін осылайша атап өту бізге ұнады,-дейді «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Вадим Лоскутков.

Ойыннан соң жастар ресурстық орталығының белсенді жастары балаларды суретке түсіріп, сол суреттер мен азын-аулақ сый-сияпаттарын ұсынды.

Осылайша, жастар Тәуелсіздік мерекесінде отбасылық қамқорлыққа зәру жандардың көңілдерін аулап, өз жүректерінің жылуын сыйлауға тырысты.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button