Қоғам

Қариялардың өмірбаяны жазылған кітап тарту етті

Қариялардың өмірбаяны жазылған кітап тарту етті


Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Виктор Губарев Қарттар күніне орай зейнеткерлерді құттықтады.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаевтың айтуынша, қазір облыс бойынша 224 мыңнан астам зейнеткер бар. Соның ішінде 338-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 27 мыңнан астамы тыл еңбеккері екен.

– Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасымен қазан айының алғашқы күнінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен облысымыздың түкпір-түкпірінен келген қарттарымызға құрмет көрсеттік. Ал бүгін қариялардың үйлеріне арнайы келіп, хал-жағдайларымен танысып жатырмыз. Халықаралық қарттар күніне орай біз қарияларға өздерінің өмірбаяны жазылған «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» атты кітапты тарту ететін боламыз, – деді Айтқазы Шерубаев.

Алдымен Жібек маталар комбинаты шағын ауданында тұратын Фарида Мажированың үйіне ат басын тіреген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған аяулы ұстазға алғысын білдірді. Кеңес үкіметінің тұсында қыздар педагогикалық институтын ойдағыдай тәмамдаған Фарида Мажирова кезінде Ұлан ауданының бірқатар ауылдарында сабақ берген.

– Соғыс басталғанда алты жастағы бала едім. Сол жылдары ауылдағы барлық балалар ересектерден қалыспай Ұлы Жеңіс жолында жанқиярлықпен еңбек етті. Соғыс аяқталғанша барлығымыз көктемде жер жыртып, тұқым сеуіп, жазда шөп шауып, оны жинап, күзде егін орып, бидайын бастырып, қоймаға тасып, қыста бидайды аудан орталығына шанамен жеткізіп, үлкендердің атқаратын жұмысын бір кісідей істедік. Сөйтіп, біздің балалық шағымыз ауыр еңбекпен, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен өтті. Ал оның біздің денсаулығымызға тигізген кері әсері де аз болған жоқ. «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген болатын хас батырымыз Бауыржан Момышұлы, – деп жастық шағын еске алды Фарида Мажирова.
Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев Өскемендегі мұнай-газ және химия саласына қажетті арматура шығаратын зауытта еңбек еткен Виктор Ткачты құттықтады. Аймақтық үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін зауытта еңбек еткенін мақтан тұтатын қария облыс басшылығына алғысын білдірді.

Ажар Мұратқызы

Осы айдарда

Back to top button