Қарияларға құрмет көрсету – парызымыз
Өскемен қалалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толды. Соған орай Металлургтер мәдениет сарайында салтанатты жиын өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова қатысты.
Ардагерлер назарына алдымен «Өскемен ардагерлер ұйымының құрылуының данқты жылдары» деп аталған деректі фильм ұсынылды. Фильмді тамашалаған аға буын өкілдері өздерінің өткен өмір жолдарына шегініс жасап, ұйым жұмысы отыз жыл бұрын қалада қалай басталғанын естеріне түсірді.
Дәл сол 1987 жылдың 28 ақпаны күні қоғамдық ұйымның алғашқы жиыны өтіп, онда кеңес құрамы бекітіледі. Кеңеске қаланың зейнет жасына жеткен ең белсенді тұрғындары кіреді. Міне, сол кезден бастап-ақ, күні бүгінге дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан ардагерлердің жан-жақты қызметі басталып кетті. Ұйым қариялардың материалдық жағдайын жақсарту, зейнеткерлерге жеңілдіктер беру, ардагерлердің ерлікке толы өмір жолдарын жас ұрпаққа үлгі етіп көрсету, аға буын өкілдеріне арналған кітаптар шығару жұмыстарына белсене қатысты.
Бүгінгі таңда облыс орталығындағы ардагерлер ұйымында 50 мыңнан аса адам тіркелсе солардың 125-і Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедегі. 9026 адам – тыл ардагерлері.
Аға буын өкілдерін құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова олардың қоғам дамуына сіңірген еңбегі өлшеусіз екендігін атады.
–Сіздерді 30 жылдық мерейтойларыңызбен облыс әкімінің атынан құттықтаймын! Бүгінде Сіздерге қандай құрмет көрсетсек те жарасымды. Сіздер тәуелсіз мемлекетіміздің дамуынан сырт қалмай, саяси оқиғалардың бел ортасынан табылып, ақыл-кеңестеріңізді, өмірлік мол тәжірибелеріңізді кейінгі толқынмен бөлісе білдіңіздер. Оларға жол көрсеттіңіздер. Егемен еліміздің қалыптасып нығаюында, Президент қабылдаған стратегиялық бағдарламалар мен ауқымды жобалардың сәтімен жүзеге асуында әрбіріңіздің қолтаңбаңыз бар. Қазір де қоғамдық жұмыстарда қатарымыздан табылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіподақ бірлестіктерінің жұмысына қолдау білдіріп келесіздер. Ал жас буынды Отанды сүюге, үлкенді құрметтеуге тәрбиелеудегі еңбектеріңізді сөзбен жеткізу қиын. Сондықтан, Сіздерге әрқашан басымызды иіп тағзым етеміз, – деді Әсем Нүсүпова.
Облыс әкімінің орынбасары сонымен бірге, аймақта тұрып жатқан ҰОС-ның барлық қатысушылары мен мүгедектері толық баспанамен, тегін медициналық көмекпен қамтылғанын, қазіргі уақытта 524 тыл ардагері мен ҰОС қатысушысына үй жағдайында қызмет көрсетілетінін атап айтты. Бұдан бөлек, қарт адамдарды моральдық, материалдық қолдау, әлеуметтік қорғау жұмыстары тұрақты жалғасын табуда.
Мұнан кейін Әсем Нүсүпова салтанатты жағдайда Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Ященко мен «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ленста Әубәкіроваға «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын табыстады.
– Облыс басшылығы менің өңірдің дамуына қосқан ұзақ жылғы еңбегімді жоғары бағалап, мұндай құрмет көрсетіп жатқанына аса қуаныштымын. Мен сонау 70-ші жылдарда Өскемендегі алғашқы аулалық клубтардың ашылуына, «Алтын шайба» жарысын ұйымдастыруға, қаладағы ең алғашқы «Дельфин» жүзу бассейнін салуға бастама көтеріп, жүзеге асыруға ықпал еттім. Естеріңізде болса, Борис Александровтай даңқты хоккейші де «Спутник №4» деп аталатын біз ұйымдастырған жасөспірімдердің аулалық клубынан шығып, танылған болатын. Кейін Өскемен педагогикалық институтына ауысып, ұзақ жылдар ұстаздық еттім. Жыл сайын зейнетақымыз өсуде. Әлеуметтік мәселелеріміз шешілген. Мемлекет бізге үнемі қамқор болып келеді, – дейді бүгінде С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ардагерлер кеңесін басқарып отырған Ленста Рахымжанқызы. Айта кетерлігі, ол басқаратын ұйым биыл қала бойынша үздік деп танылыпты.
Шара барысында қалалық ұйымның жұмысына белсене араласып жүрген аға буынның тағы бір тобын облыс әкімінің орынбасары Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында Мария Колмакова, Екатерина Чернышева секілді тыл ардагерлері, Сейітхамза Булембаев, Валентина Котлярова, Сағынбек Ақанов сынды есімдері елге белгілі қоғам өкілдері бар.
Өскемендік ардагерлерді мерейтоймен онлайн режимде сахнадағы үлкен экран арқылы жерлестеріміз, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Қайролла Бақтыбаев, тыл ардагері Николай Назаренко және ҰОС қатысушылары Григорий Северушинков, Дмитрий Маскальцов құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Сондай-ақ, мәдениет сарайының кең фойесінде О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған облыстың ақындары мен жазушыларының кітап және «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумының архивтік материалдары негізінде қойылған облыстық өнер мұражайының фотокөрмелері де ардагерлерге арналған жиынның ажарын кіргізді.
Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев ардагерлерді мерекемен құттықтап, өз кезегінде қазақстандық патриотизмнің және ардагерлер ұйымының дамуына қосқан үлесі үшін бір топ ардагерді марапаттап, лайықты сый-құрмет көрсетті. Ардагерлер ұйымының жұмысына әркез қолдау білдіріп жүрген қаладағы ірі өнеркәсіптік ұйымдар басшылары да марапаттан қалыс қалмады. «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев «Ерекше қызметі үшін» белгісімен, «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамутова , «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы Юрий Шахворостов, «Ореол LTD» ЖШС директоры Сергей Коротин қалалық ардагерлер кеңесі бекіткен «Ардагерлер қозғалысына көмектесуі және жәрдемдесуі» кеуде белгісімен марапатталды. Мерейтой иелерінің құрметіне арналған салтанатты жиын Өскемен қаласының ең үздік әншілері мен өнер ұжымдары әзірлеген үлкен концерттік бағдарламаға ұласты.
Дәурен Аллабергенұлы