Қоғам

Қарияларға ерекше құрмет көрсетілді

Қарияларға ерекше  құрмет көрсетілді

Өскемендегі облыстық драма театрында Қарттар күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Өңіріміздің түгел дерлік аудандары мен қалаларынан келген еңбек және тыл ардагерлерін шығысқазақстандықтар атынан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ құттықтады.
Қонақтар алдымен жаңа театр ғимаратын аралап шықты. Қарттарға арнап ұйымдастырылған экскурсия барысында театр қызметкерлері ардагерлерге өнер ордасының барлық заманауи мүмкіндіктерін көрсетіп, түсіндіріп шықты. Содан кейін бұл шара салтанатты жиынға ұласты. Сахнаға көтерілген облыс басшысы өзінің құттықтау сөзінде «қариясы бар ел – қазынасы бар ел» екендігін айта келіп, аға буын өкілдеріне бақуатты өмір тілейтіндігін жеткізді.
– Өңіріміздің әр көшесінде, әр тасында сіздердің қолтаңбаларыңыз жатыр. Осындай тамаша мейрамның маңызы зор. Біздің қарттарымызды құрметтеп, олардың еңбектеріне лайық сый-құрмет көрсетуге мүмкіндігіміз бар. Қазақ елі барда, Елбасымыз барда біздің қарияларымыздың әрқашан мерейі үстем болмақ. Сіздердің бүгінгі қоғамның дамуына қосқан еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Құрметті қариялар, сіздердің осынау еңбектеріңіздің алдында басымды иіп, бүгінгі төл мерекелеріңізбен бүкіл шығысқазақстандықтардың атынан шын жүректен құттықтағым келеді. Ертеңгі күндеріңіз жарқын болып, немере-шөберелеріңіздің қызығына тоймай жүре беріңіздер, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің құттықтау сөзінде.
Естеріңізге сала кетейік, 20-қыркүйектен бастап осы мереке қарсаңында «Өнегелі өмір» атты облыстық байқау ұйымдастырылған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар төрағалық еткен арнайы комиссия 36 үміткердің ішінен бірнеше жеңімпазды анықтады. Олардың қатарында «Асу бермес асқар жоқ» аталымының иегерлері, БҰҰ және облыстық бірлескен бағдарламалар кеңесшісі, Семей қаласы әкімінің жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Жанна Жибраева мен өскемендік ардагер дәрігер, денсаулық сақтау ісінің үздігі Николай Свирлин бар. «Бақыт кілті – еңбекте» аталымы бойынша бесқарағайлық тәжрибелі ұстаз Лидия Ревина, «Үлкенге – ізет, жасқа – жол» аталымына Абай ауданының ардагер медбикесі Қаныша Нұрғалиева, «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» аталымына катонқарағайлық зейнеткер Сәбиля Құрманова, «Өнерлінің өрісі ұзақ» аталымына Өскемен қаласының тұрғыны, облыстық Достық үйіндегі әжелер алқасының мүшесі, «Ақ ниет» ансамблінің жетекшісі Мәрия Мүрсәлімова, «Білім алу ешуақытта кеш емес» аталымына спорт ардагері, жаттықтырушы, көкпектілік Мэлс Мұқатаев, «Сабырлы мұратқа жетер» аталымына тыл ардагері, «Қазцинкмаш» ЖШС зейнеткері, риддерлік Валентина Изотова лайық деп танылды. Жеңімпаздардың барлығын облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ марапаттады.
«Ақниет» әжелер ансамблінің жетекшісі Мәрия апамыз өзінің осы байқауда үздіктер қатарынан көрінгеніне қатты қуанғанын айтады.
-Еңбегіміздің бағаланып, осындау зәулім жаңа ғимараттың ішінде үлкен құрметке ие болып, облыс әкімінің қолынан сый-сияпат алып жатқанымызға қатты қуанып, толқып тұрмын. Қарттарын сыйлаған қоғам – қасиетті қоғам деп санаймын өз басым. Бұл – келешек ұрпаққа көрсетіліп жатқан үлгі, үлкен тәрбие. Әрине, мұндай жүлдеге, мұндай аталымдарға еліміздегі аға буын өкілдерінің барлығы лайықты. Еліміз, Елбасымыз аман болып, Қазақ елі ешқандай қиындыққа мойымай тек қана алға қадам баса берсін,-дейді Мәрия Мүрсәлімова.
Марапаттау рәсімі аяқталған соң қарттар жастар театры өнерпаздарының мерекелік концертін тамашалады. Сахнада өткен ғасырдың орта шеніндегі апа-аталарымыз ауыздарынан тастамай айтқан әндер шырқалды. Көңілдері қуаныш пен шаттыққа, құшақтары гүлге толған ардагерлер қауымы концерттен соң арнайы жасалған мерекелік дастарқанға жайғасты.
Бүгінде облысымызда 220 мыңнан астам зейнеткер өмір сүріп жатыр екен. Олардың ішінде 362 соғыс ардагері, мүмкіндігі шектеулі 154 зейнеткер, 27 611 тыл еңбеккерлері бар. Тағы бір айта кетер жайт, облысымызда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Қайырымдылық» акциясы 1 қазаннан бастап өз жұмысын бастап кетті. Шара аясында көмекке мұқтаж қарияларға арналған бірқатар істер атқарылады. Бүгінде облыста қарттарға арналған сегіз емдік-әлеуметтік мекеме жұмыс істеп тұр. 200 орындық «Уба» шипажайында жыл сайын 4600 ардагер емделеді. 15 қазаннан бастап Шемонайха ауданындағы Усть-Таловка ауылында шипажай филиалын ашу жоспарланған, бұл қосымша 1150 адамды қамтуға сеп болмақ.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button