Қоғам

Қариялар театрға барып, қаланың көрікті жерлерін аралайды

Қариялар театрға барып, қаланың көрікті жерлерін аралайды


Облыс орталығының іргесіндегі Солнечный кентінде орналасқан Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындары қарттар күнін атап өтті. Мекемеде облыстық ішкі саясат басқармасының жастар ресурсы орталығының бастамасымен арнайы концерт ұйымдастырылып, қарияларға сый-сияпат көрсетілді.

-Мен сіздерді мерекелеріңізбен құттықтап, баршаңызға бас амандығын, денсаулық тілеймін. Алдымен сіздерге облыс басшылығының құттықтауын жеткізуге рұхсат етіңіздер. Бүгінгі экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, мемлекет қарттарын ұмытпайды, барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді,- деген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембинов тұрғындарға теледидар мен сәнді шәугім сыйлады.

Жиналғандарға жылы лебізін жеткізген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смидт алтын күзде алтын жастағы қарияларға үнемі өмірге деген құштарлықтарын сақтауға, жігерлерінің мұқалмауына тілектестік білдірді.

Орталықтың акт залына жиналған қариялар жастар ресурсы орталығының ұйымдастырған концертіне қошаметпен қол соғып, арасында биге де шықты. Шапшаң биден тез шаршаған үлкендер соңынан Шәмшінің әсем әндерінің әуенінде вальс билеп, жастық шақтарын еске алды.

-Біз осы мекемені өзіміздің қамқорлығымызға алған болатынбыз. Достарымызды бір де бір мерекеде назарымыздан тыс қалдырмаймыз. Жаңа жылды да, Наурыз мерекесін де ерекше атап өттік. Бүгін де ағайынды Абдуллиндер атындағы музыкалық колледждің өнерпаздары, «Жас қанат -2013» байқауының лауреаты Ельдар Уадинов, әнші Шалқар Нуқамғалиевтің қатысуымен ән мен жырдан шашу шашып жатырмыз, – дейді орталықтың директоры Арайлым Есімбекова.

Жиналғандар музыка колледжі онерпаздарының орындауындағы «Адай» күйі мен осы оқу орнының оқушысы Баян Мырзабекованың шертер көне аспабында келістіре орындаған күйін ыстық ықыласпен ұйып тыңдады. Арасында жас орындаушылардың делебені қоздырған тез ырғақты әндеріне де елтіп, биге шыққан аталар мен әжелер бойларына қан жүгіртіп алды.

Күршім ауданының тумасы Роза Досымбаеваның осы орталықты паналағанына екі жылдан асыпты. 79 жасқа келген әже тың, кезінде мұғалім болғаны жүріс-тұрысынан, сөз саптауынан бірден көрініп тұр. Айтысына қарағанда, отыз жылдай отасқан ақсақалы екеуінде ортақ бала болмаған.
-Ол кісінің алғашқы екі әйелінен он шақты ұрпақ тараған. Соларды бірлесе көтердік. Біздің заманда бала асырап алу деген болмады ғой. Қазір өкінгенмен не пайда? Ол кісі қайтыс болғасын үйін кенже ұлына тапсырып, өзім осында келдім, – деп сырын ақтарды кейуана. Роза апаның сіңілісі бар екен Күршім жақта. Ол кісі де аядай бөлмеде ақсақалы екеуі тұрып жатыр, «олармен тұру ыңғайсыз» дейді мұғалім әжей. Олардың жалғыз ұлдары жастайынан жол апатынан мерт болыпты.

-Құрбан айтта сол сіңіліме барып, бір аптадай жатып қайттым, – деп әңгімесін жалғастырды әжей, -«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген, әкемізге , әлгі жиеніме ас бердік. Ақсақалдың балалары анда –санда телефонмен хабарласып тұрады.

Қарияның айтуынша, орталықта қарттардың тұрмысы жаман емес екен. Төрт уақыт тамақ береді, тәулік бойы дәрігер мен медбикелердің, әлеуметтік қызметкерлердің қарауында. Ауырып-сырқағандай болса, қашан да қастарынан табылып, дәрілерін әкеп береді. Бүгінгідей көңіл-көтеру шаралары да тұрғындарға ұнайды.

-Мен бізге осындай тамаша көңіл-күй сыйлағандарыңыз үшін барлық қарттардың атынан алғыс білдіргім келеді. Жұмысбастылықтарыңызға қарамай, біз үшін алтын уақыттарыңызды қиып келгендеріңізге көп рахмет. Осындай кездесулер көп болсын, -деген алғыс сезімін білдірді мекеменің тағы бір тұрғыны Зоя Сотникова.

Орталықтың фойесінде Лидия Астафьеваның жеке сурет көрмесі ілініп тұр. Акварельмен салынған натюрморт пен гүлдер суретшінің техниканы жақсы меңгергенін бірден көрсетеді. Таныса келе, автордың физика-математика ғылымдарының кандидаты, туған жері туралы жазылған «Аромат серебристой полыни» кітабының авторы екені білдік. Риддер қаласында дүниеге келген 79 жастағы Лидия Витальевнаның балалық шағы Үлкен нарында өтіпті. Балалықтың бал дәуренін бірге өткізген Болат деген досын әлі күнге іздеп келеді.

-2014 жылы шыққан кітабымды «Звено Алтая» әдебиет бірлестігі 2015 жылы «Изумруный Алтай» сериясы бойынша қайта басып шықты, – дейді Лидия Астафьева. – Бұл басылымға туған жерімді арқау еткем. Досым Болат менен бір ғана жас үлкен еді, екеуміз бірге мал жайып, күн ұзақ бірге жүретінбіз. Осы кітабым арқылы қанша іздесем де, әлі күнге таба алмай келемін. «Саған жақсы ақша төлегені үшін ғана ол жерді Отаным деу дұрыс емес. Менің Отаным – маған өмір сыйлаған жер» дейді жазушы өз кітабында.

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен жастар ресурсы орталығы қарияларымызға тағы да бір тамаша сыйлық әзірлеп қойыпты. Басқарма басшысы хабарлағандай, қарттарды жаңа театрда қойылатын спектакльдерге апару жоспарланыпты. Қазақ және орыс тілінде болатын қойылымдарды көргісі келетіндерді белгіленген бір күні арнайы бөлінген көлік апарып, алып қайтады. Сонымен қатар қаланың көрікті жерлеріне, этносаябағына саяхат жасалады. Қарттарға сол жерде мерекелік түскі ас беру де көзделген.

Кәмәл Естай

Осы айдарда

Back to top button